Экономика • 01 Қаңтар, 2023

Экономика: 2023 жылдан күтеріміз қандай?

882 рет
көрсетілді
10 мин
оқу үшін

Былтыр экономиканың нақты секторлары мен қаржы саласы үлкен сынақпен бетпе-бет келді. Елдің экономикалық картасында үлкен өзгерістер болды. Қаржы саласының субъектілері де желдің қайдан соғарын аңдап үлгерді. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев атап өткендей, биыл халықтың әл-ауқатын көтеру, экономиканы әртараптандыру, қаржы секторын берік ете түсу, ең бастысы, қымбатшылықтың алдын алу жаңа қарқынмен жүзеге аспақ.

Экономика: 2023 жылдан күтеріміз қандай?

Инфографиканы жасаған Амангелді Қияс, «ЕQ»

«2023-2025 жылдарға арналған респуб­ликалық бюджет туралы заңға» сәйкес, биылғы айлық есептік көрсеткіш (АЕК) көлемі 3 450 теңге болып бекітілді. Ең төменгі жалақы мөлшері – 70 мың теңге. Әлеуметтік жәрдемақы мен өтемақы, айыппұл мен салық, өзге де төлемдер осы АЕК арқылы есептеледі. Мемлекеттік базалық зейнетақы төлемінің минималды мөлшері – 24 341, ал зейнетақының төмен мөлшері – 53 076 теңге. Базалық әлеуметтік төлемдердің мөлшерін есептеу үшін ең төменгі күнкөріс деңгейі – 40 567 теңге.

Былтыр сыртқы шоктарға біршама бейім­делсек, 2023 – еңсемізді тіктеп, әлдеқайда сергек қимылдайтын жыл болуға тиіс. Сарапшылардың болжауынша, 2023 жылы әлемдік экономиканың өсуі 3 пайызды құрайды. Ұлттық экономика министрлігінің пайымдауынша, биыл ішкі жалпы өнім өсімі (ІЖӨ) 4 пайыз көлемінде болуға тиіс.

«Базалық сценарий кезінде мұнайдың орташа бағасын барреліне 85 доллар деңгейінде және АҚШ долларының есептік бағамын 470 теңге деңгейінде пайдалану ұсынылады. Осы сценарий бойынша жалпы ішкі өнімнің орташа жылдық нақты өсуі 3,9 пайызды құрайды, оның ішінде 2023 жылы – 4 пайыз. Оптимистік сценарий кезінде мұнайдың болжамды бағасы барреліне – 110 доллар, АҚШ долларының бағамы 440 теңге деңгейінде анықталды. Экономиканың орташа жылдық өсуі 4,2 пайыз деңгейінде болжануда. Пессимистік сценарийде мұнай бағасы барреліне 60 доллар және ІЖӨ-нің болжамды нақты өсуі орта есеппен 3,5 пайызды құрайды», деген еді Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыров.

Мұнай өндіру 2023 жылы 92,6 млн тоннаны құрап, 2027 жылы 100 млн тоннаға дейін ұлғаяды. Ұлттық банктің болжамы бойынша экспорт 81 млрд-тан 84,6 млрд долларға дейін, импорт 45,7 млрд-тан 53,5 млрд долларға дейін өседі деген болжам бар.

«Қазақстан Республикасының Ұлттық қо­рынан 2023-2025 жылдарға арналған кепіл­дендірілген трансферт туралы» заң жобасына сәйкес, осы жылы республикалық бюджетке кепілдендірілген трансферттің мөлшері 2,2 трлн теңге болып бекіді. Тиісінше, Ұлттық қордан 2024 жылы – 2 трлн теңге, 2025 жылы 1,9 трлн теңге алынбақ. Бұл ретте заң жобасында мұнайдың кесімді бағасы 2023 жылы барреліне – 48,9 доллар, 2024-2025 жылдары барреліне 42,2-40,3 доллар деңгейінде белгіленді.

Экономиканың нақты секторын дамытуды қолдау мақсатында 2023 жылы 2,1 трлн теңге бөліну көзделеді. Қаражат негізінен:

  • Өңдеу өнеркәсібін дамыту;
  • Аймақтарда инфрақұрылымдық жобаларды іске асыруды жалғастыру;
  • Кәсіпкерлікті, кіші және орта бизнесті дамыту және қолдау;
  • Көлік және газ тасымалдау жүйесін дамытуға бағытталмақ.

Ал Ұлттық банк төрағасы Ғалымжан Пір­матовтың айтуынша, инфляция қазіргі дең­гейінен 7,5-9,5 пайызға дейін баяулайды деп күтеді. Оның сөзіне қарағанда, сыртқы инфля­циялық қысымның біртіндеп төмендеуі, ақша-несие саясаты аясында қабылданып жатқан шаралар қымбатшылықты құрықтауға сеп болмақ.

«Қарыштап ұшқан бағаларды ауыздықтау үшін Ұлттық банк ақша-несие саясатын қатаңдатуға мәжбүр болды. Базалық мөлшер­леме былтырғы қаңтардағы 10,25 пайыздан желтоқсан айында 16,75 пайызға дейін артты. Бұл шешімдер елдегі инфляциялық үрдістерді тежеуге бағытталған. Орта мерзімде ақша-несие саясатының қатаңдауы бағалардың өсу қарқынын төмендетуге және 2023 жылы инфляциялық күтулерді бәсеңдетуге септігін тигізеді. Осы мақсатта Ұлттық банк Үкіметпен бірлесіп, инфляцияны бақылау және төмендету бойынша 2022-2024 жылдарға арналған шаралар кешенін әзірледі. Онда өндіріс көлемін ұлғайту, тауарлар мен көлік логистикасын дамыту, монополияға қарсы реттеу және басқа да жүйелі шаралар қарастырылған», дейді Ғалымжан Пірматов.

Еуразиялық даму банкінің сарапшылары 2022 жылы Қазақстан экономикасы сыртқы және ішкі қысымдарға орнықты жауап қатты, бұған бюджет-салық саясаты жақсы үлес қосты деп есептейді.

«Біздің бағалауымыз бойынша, биыл өсім 2,8 па­йызды құрайды, бұл – қазіргі сыртқы жағ­дай­ларды есепке алсақ өте күшті көрсеткіш болып саналады. Базалық сценарий жағдай­ында біз 2023 жылы экономикалық өсім 4,2 пайыз­ға дейін жеделдейді деп күтеміз», дейді Еура­зия­лық даму банкі аналитикалық жұмыс бойын­ша ди­рек­циясының аға сарапшысы Айгүл Бердіғұлова.

2023 жылдың орташа жылдық теңге курсы 486 теңге шамасында қалыптасуы мүмкін. Бұл өз кезегінде мұнай бағасының төмендеуімен, соған орай экспорттан түсетін табыстың азаюы­мен байланысты.

AERC сарапшыларының болжауынша, 2023 жылы Қазақстан ІЖӨ-сінің реалды өсімі 3,9 па­йызды құрайды. Көрсеткіштің өсуіне –

  • Жаңа жеңілдетілген ипотекалық бағдарламалардың жүзеге асуы есебінен құрылыс секторы (7,5 пайыз);
  • Ресейлік логистикалық тізбекке балама маршруттарды дамыту арқылы транспорт және қойма (5,7 пайыз);
  • Ресейлік мигранттар тарапынан туындаған қосымша сұраныс арқасында қалыптасқан көтерме және бөлшек сауда (4 пайыз) салалары үлкен үлес қосады.

«Экономиканың біршама өсім көрсетуіне республикалық бюджетке 13,6 трлн теңге, 5,1 пайызға дейін түсетін түсім де әсер етеді. Бұл ретте жиынтық экспорт 1,2 пайызға дейін өсіп, мұнай өндірісінің көлемі 85 млн тоннаға жетеді», деп болжайды сарапшылар. Олардың пайымдауынша, бұл жердегі басты кедергі – Каспий құбыр консорциумының (КТК) үздіксіз жұмыс істеуіне қатысты туындайтын Қазақстан мен Ресей арасындағы саяси қарым-қатынас болмақ.

«Қазақстандағы екі ірі мұнай-газ жобасында ресейлік компаниялардың үлесі бар екеніне қарамастан, КТК-ның ұзақ уақытқа істен шығып қалмайтындығына, жаңа форс-мажордың туындамайтынына 100 пайыз кепілдік жоқ», делінеді AERC баяндамасында. Егер екі ел арасындағы қарым-қатынас ушыққан жағдайда 2023 жылы теңгенің орташа бағамы 472,5 деңгейінде қалыптасуы мүмкін. Бұл орайда сарапшылар мұнайдың жылдық орташа бағасы барреліне 94,58 доллар болуы мүмкін дейді. Мұнай бағасы айтарлықтай құлдырамаса теңге курсында да аса қатты өзгеріс бола қоймайды деген сенім бар.

Қазақстанның басты экспорттық көзірі – мұнай, одан кейін басқа да қазба байлықтар негізгі үлесті иеленеді. Дайын өнімді экспорттау жағын әлі жетілдіре алмай келеміз. Ұлттық банк келер жылы да импорт үлесі жоғары боларын хабарлайды. 2023 жылы Қазақстанның өзге елдерден тауар сатып алу көлемі 2016 жылғы деңгейден екі есе асып түсуі мүмкін.

«Импорттық тауарлардың қымбаттауына қарамастан, оған деген сұраныс әлі тұрақты деңгейде қалып отыр. Соның көп бөлігін тұтынушылық және аралық тауарлар (тауарлар мен қызметтерді өндіру үшін қолданылатын тауарлар – ред.) құрайды. Реэкспорттың өсуі де азық-түлік емес тұтыну тауарларына қатысты импортқа қосымша қысым жасауда. Орта мерзімді перспективада фискалдық шығындар аралық тауарлар импортының өсуіне жол ашады», дейді Ұлттық банк төрағасының орынбасары Ақылжан Баймағамбетов.

2022 жылғы геосаяси тәуекелдерден кейін Қазақстанның бұрынғыдай Ресей тауарларына тәуелді бола бермейтіні, сонымен қатар сыртқа экспорт жасауда Ресей арқылы өтетін емес, басқа сенімді әрі перспективасы жоғары маршруттарды таңдайтыны түсінікті болды. Мамандардың айтуынша, Еуропалық одақ үшін ендігі кезекте Ресей емес, Орталық Азия, соның ішінде Қазақстанның рөлі биік бола түседі. Сондықтан 2023 жылды Қазақстан үшін экономикалық бағдарлаудың өзгеретін, Еуропа елдерімен жоғары деңгейдегі қарым-қатынастың алғашқы кезеңі болатын жыл деп қабылдаған жөн сияқты. 30 жыл ішінде елімізге Еуроодақ елдерінен 160 млрд доллардан астам инвестиция тартылды. 2022 жылдың 8 айында Қазақстан мен ЕО арасындағы тауар айналымының көлемі 26 млрд доллар болып, 2021 жылмен салыстырғанда 43 пайызға артты.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Еуро­палық кеңес президенті Шарль Мишельмен кез­десуінде тауар жеткізудің жаһандық тізбегін қамта­масыз ету мақсатында халықаралық көлік ба­ғыттарын дамытудың маңызы жоғары, әсіресе қазіргідей геосаяси жағдайда деген еді. Мемле­кет басшысының айтуынша, Қазақстан ЕО-мен бірігіп Транскаспий халықаралық транспорт маршрутын пайдалануды да қарастырып отыр.

Қазақ мұнайының 90 пайызға жуығын тасымалдап отырған КТК 2022 жылы бірнеше рет «істен шыққаннан» кейін мұнай экспорттауда көлденең қауіптің көп екені және оның 2022 жылмен біте қоймайтыны аңғарылған. Былтыр жыл ортасынан бастап билік балама маршруттарды табу және соған орай басқа мемлекеттермен келіссөз жүргізуге белсене кіріскен. Бұл ретте Транскаспий дәлізінің мүмкіндігі мен маңызы зор болып тұр. Енді аталған бағытты ЕО-мен бірлесіп қарастыру біз үшін сауда қатынастарының жаңа кезеңі болып саналады.