Экономика • 01 Қаңтар, 2023

Банк секторының алдындағы міндеттер

336 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі банк секторын қадағалау саясатының 2022 жылға арналған негізгі басымдықтары шеңберінде екінші деңгейдегі банктермен негізгі міндеттерді орындау мәселелері бойынша тоқсан сайынғы кездесу өткізді. Күн тәртібінде үш мәселе көтерілді, олар – активтер сапасын бағалау (AQR) нәтижелері бойынша қорытындылар, ESG тәуекелдеріне ұшырау дәрежесі туралы ақпаратты жария ету жөніндегі ұсынымдар және стрестік активтерді сату бойынша цифрлық платформа құру жайы.

Банк секторының алдындағы міндеттер

Коллажды жасаған Қонысбай ШЕЖІМБАЙ, «EQ»

Банк секторы активтерінің сапасына тәуелсіз бағалау (Asset Quality Review, AQR) жүргізу банк секторының ашық­тығын қамтамасыз ету үшін маңызды оқиға болды, оның негіз­гі мақсаттары –  банктердің нақты жай-күйі туралы ақпарат­қа қол­же­тімділікті арттыру есе­бінен банк секторының ашық­ты­ғын қам­тамасыз ету, банк­тер­дің тұрақ­тылығын арттыру және секторға деген сенімді қал­пына келтіру. 2020 жылғы сәуір – 2022 жылғы 1 желтоқсан ара­лы­ғындағы кезеңде банктер түзету шаралары жоспарларының іс-шаралары жалпы санының (23 449 іс-шара) 90%-ын немесе 21 092 іс-шараны іске асырыпты.

«Екіжылдық кезеңде өткізіл­ген іс-шаралардың нәти­желері банктердің негізгі бизнес-про­цестерінің едәуір өзгергенін, корпоративтік басқару мен ішкі бақылаудың жетілгенін, тәуе­кел­дерді бағалау жүйесінің жақсар­ғанын, олардың капитал мен кі­рістілік көрсеткіштеріне әсер еткенін көрсетті. AQR қорытын­дысы бойынша Қазақстан заңнамасы банк қызметін реттеу мәселелері бойынша жетілдірілді және ХҚЕС-қа сәйкес келтірілді. Қалған 10% іс-шараны іске асыру, негізінен, жаңартылған бизнес-процестерді автоматтандырумен байланысты», делінген агентттік хабарламасында.

Сондай-ақ агенттік Халық­ара­лық қаржы корпорациясымен бірлесіп іске асырылатын қаржы ұйымдарының ESG тәуекелдеріне ұшырау дәрежесі туралы ақпаратты жария етуі бойынша және ESG-тәуе­келдерді басқару бойынша ұсынымдар әзірлеу жөніндегі жобаға қатысты ақпарат ұсынды. Бұл ұсынымдар Жаһандық есеп­тілік бастамасы (GRI), Орнық­ты даму саласындағы есепке алу стандарттары жөніндегі кеңес (SASB), Халықаралық интегра­цияланған есептілік жөніндегі кеңес (IIRC), Климатқа байланысты қаржылық ақпаратты жария ету жөніндегі жұмыс тобы (TCFD), Халықаралық орнықты даму стандарттары жөнін­дегі кеңес (ISSB), Еуро­палық банктерді қадағалау қызметі (EBA) сияқты ұйымдар­дың орнықты дамуы туралы ақ­паратты жария ету саласындағы 6 озық халықаралық стандартына негізделген.

«Қаржылық емес ақпаратты жария ету үш блок: маңызды  ESG-ақпаратты айқындау, ESG-факторларды басқару, корпо­ративтік басқару шеңберінде жүзеге асырылады деп жоспарланып отыр. Бірінші блок қаржы ұйымдарының «қоршаған орта», «климат», «қызметкерлер», «азық-түлік және тұтынушылар», «қаржылық инклюзия», «этика» сияқты, олардың қызметіне елеулі әсер етуі мүмкін ESG факторларын айқындауын көздейді.

Екінші блок шеңберінде қаржы ұйымдары тиісінше бас­шылық ету және ESG-фактор­ларын басқаруды қамтамасыз ету үшін пайдаланатын құры­лым мен үрдістерді жария ету ұсынылады. Бұл блок ор­нықты дамуды басқаруды, стра­­тегияны, тәуекелдерді басқа­руды және тиімділіктің негізгі көрсеткіштерін (KPI) басқаруды қамтиды. Үшінші блок кор­поративтік басқару  мәселе­­лерін қамтиды және ESG практи­ка­ларына басымдық беру, дирек­торлар кеңесінің қызметі, бақы­лау ортасы, акционерлердің құ­қы­ғы және мүдделі тараптармен өзара іс-қимыл туралы ақпа­рат­тан тұрады», деп түсінік берген.

Агенттіктің стрестік активтер деңгейін азайту жөніндегі жос­парлы жұмыс шеңберіндегі басты міндеттерінің бірі – цифр­лық платформа негізгі элементі болып есептелетін, стрестік активтер нарығы үшін толыққанды инфрақұрылым құру.

«Цифрлық платформаны құру проблемалық активтер туралы ақпаратты стандарттауға және нарықтың ашықтығын арттыруға, сатушылар мен инвес­торлар арасындағы «ақпараттық асимметрияны» еңсеруге, инвес­торлар базасын кеңейтуге ықпал етеді және сатылатын стрестік активтер туралы ақпараттың жалпыға қолжетімді көзі болады. Платформа нарықтағы сұраныс пен ұсыныс арасындағы орын алған баға алшақтығын қысқартуға және стрестік актив­терді сатып алу мен сатудың толыққанды қайталама нарығын қалыптастыруға мүмкіндік береді», деп мәлімдеді агенттік басшылары. 

Цифрлық платформаны құру моделі бірыңғай талап­тарды қанағаттандыратын бір­неше цифрлық платформаны аккредиттеуді және оның одан әрі жұмыс істеуін көздейді. Мұн­дай тәсіл қолданыстағы және құры­латын платформаларға тең қолжетімділікті сақтамақ, сон­дай-ақ инвесторлар үшін стрес­тік активтермен сауда-саттық үдерісінің ашықтығы мен бол­жамдылығын қамтамасыз етеді. Осыған байланысты цифрлық платформаларға қойылатын бірыңғай талаптар заңнамалық деңгейде белгіленетін болады. Осы талаптарға сәйкес келетін платформалар ғана сатылымдар жүргізу құқығына ие болады, яғни платформаларды аккредиттеу процесі енгізіледі.