Парламент • 01 Қаңтар, 2023

Конституциялық Сот мүшелері бекітілді

513 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Мәжілістің жалпы отырысында депутаттар Конституциялық соттың судьяларын тағайындау мәселелерін қарады.

Конституциялық Сот мүшелері бекітілді

2023 жылдың 1 қаңтарынан бас­тап Қазақстанда Конституциялық Сот өз жұмысын бастайды. Мәжіліс төрағасы Ерлан Қошанов судьялар лауазымына Қанат Мусин, Еркін Оңғарбаев, Сергей Ударцевтің кандидатурасын ұсынды.

Мәжілістің Заңнама және сот-құқықтық реформа комитетінің төрағасы Арман Қожахметов олардың заң саласында мол тәжірибесі бар білікті әрі тәжірибелі мамандар екенін атап өтті.

«Қанат Сергейұлы Мусинді өздеріңіз жақсы білесіздер, құқықтық қорғау, әділет органдарында көп жыл еңбек етті, Парламент Мәжілісінің депутаты, комитет төрағасы болды. Қазіргі таңда еліміздің Әділет министрі», деді Арман Қожахметов.

Сондай-ақ мәжілісмен комитет кандидаттарды қарау нәтижесінде оң қорытынды қабылдағанын да айтып, әріптестерінен тағайындауды қолдауды сұрады. Депутаттар қолдап дауыс берді.

Палата төрағасы Ерлан Қоша­нов Конституциялық Соттың жаңа судьяларын қызметке тағай­ын­далуларымен құттықтап, алда­ғы жұмыстарына сәттілік тіледі. Мәжіліс төрағасы Ерлан Қоша­нов Палатаның біржылдық қыз­метіне қорытынды жасады. Ол Пар­ламенттің төменгі палатасының биыл көптеген заңнамалық жұмыс атқарғанын айтты.

«2022 жыл шын мәнінде сындарлы әрі тарихи мезгіл болды. Өткен бір жыл ішіндегі оқиғалар мемлекеттің, қоғамның болмысы мен табиғатын түбегейлі өзгертті десек, артық айтқандық емес. Жыл басындағы «қаңтар оқиғасы» бәріміз үшін ауыр сынақ әрі сабақ болды. Сол сынақтарға жауап ретінде, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев елде кең көлемді әрі батыл саяси реформаларды қолға алды.

Бұл оң өзгерістерді Жалпы­ха­лықтық референдумда азамат­тарымыздың қызу қолдағанына бәріміз куәміз. Қарашада өткен Президент сайлауындағы Қасым-Жомарт Кемелұлының әділ, таза әрі күмәнсіз жеңісі – халқымыздың сол қолдауының айқын дәлелі. Себебі бүкіл қоғам бұл өзгерістердің әділет үшін, болашақ үшін ауадай қажет екенін жан-жүрегімен сезініп отыр.

Өздеріңіз де білесіздер, қазіргі уақытта ел азаматтарының ертеңгі күнге деген үміті оянып, сенімі артып келеді. Ең бастысы, біз осы сенімді жоғалтып алмауымыз керек! Халқымызда «Әділеттің жолы – ауыр» деген сөз бар. Бірақ біз береке-бірлігіміздің арқасында қандай қиын жолды да абыроймен еңсереміз деп сенемін», деді Е.Қошанов.

Сондай-ақ Мәжіліс қабыр­ға­сында қаңтар оқиғаларын тер­геу барысының алдын ала қоры­тындысын ашық түрде тың­далғанына тоқталды. Тәуелсіз Қазақстан тарихының ең бір қай­ғылы парағына айналған қан­ды оқиғаның жай-жапсарын тал­дап-талқылау жалғаса бермек. Спи­кердің айтуынша, бұл күрделі мәселе депутаттардың ұдайы назарында болады.

«Ең алдымен, тарихи деп атау­ға болатын конституциялық түзетулер блогі қабылданды. Біз Мем­лекет басшысының ауқымды бастамаларына уақтылы және сапалы заңнамалық қолдау көрсеттік. Әлеуметтік маңызы зор бірқатар заң қабылданды. Жалпы, биыл Мәжіліс жұмысында 154 заң жобасы болды. 93 заң жобасы қаралып, Сенатқа жолданды, оның 75-іне Президент қол қойды», деді спикер.

Сондай-ақ Ерлан Қошанов жаңа жылдан бастап Палатаның жаңа конституциялық шарттар бо­йынша жұмыс істейтінін және бұдан былай заңдар қабылдайтынын атап өтті. Сондай-ақ 2023 жылы Мәжіліс сайлауы өтеді.