Былтырғы Барыс жылы Бақбергенованың күрес әлеміндегі бақ-жұлдызын жақты. Талайларды мойындатқан Алаштың аруы 2022 жылы Сербияның бас шаһары – Белградта өткен әлем чемпионатының күміс жүлдесін мойнына ілсе, оның сәл алдында Моңғолия астанасы – Ұлан-Батырдағы Сары құрлық біріншілігінде екінші мәрте тұғырдың ең биік сатысынан қол бұлғады. Әлемдік рейтингте көш бастап тұрған Жәмила Белградтағы бәсекені ширек финалдан бастады. Алғашында ол өзбекстандық Светлана Оқназарованы 10:0 есебімен ойсырата жеңсе, жартылай финалда отандасымыздың жолы 23 жастағы балуандар арасындағы әлем біріншілігі мен Еуропа чемпионатының жүлдегері румыниялық Александра Ангелмен қиысты. Бұл тартыста қазақ қызы айқын басымдық танытты – 12:2. Ал бас жүлде үшін өткен бәсекеде Бақбергенова америкалық Амит Элорден жеңіліп, екінші рет әлем чемпионатының күміс жүлдесін мойнына тақты. Ол 2021 жылы Ослода (Норвегия) өткен жаһан біріншілігінде де алтын медальға сынық сүйем қалғанда сүрініп, екінші орынды қанағат тұтқан болатын.
Ал Моңғолиядағы Азия чемпионатында жерлесіміздің жұлдызы жанды. Сары құрлық додасының алғашқы айналымдарында ол үндістандық Никки Никки және өзбекстандық Светлана Оқназарованы жеңсе, кейінгі бәсекелерде жарыс қожайыны моңғолиялық Дааванасан Енх Амар мен үндістандық Сумире Ниикура Жәмилаға біраз қарсыласып баққанымен, қазақтың қызы екінші рет Азия чемпионы атанып, күллі Алаш жұртын қуантты.
Сонымен қатар ол биыл Түркияның Конья қаласында алауы тұтанған Ислам ынтымақтастығы ойындарында да үздіктер қатарынан көрініп, Алматыда ұйымдастырылған Болат Тұрлыханов атындағы Гран-при жарысында қарсылас шақ келтірген жоқ. Ал осыдан бірер апта бұрын қандасымыз АҚШ-тың Айова штатындағы Коралвилл қаласында өткен еркін және әйелдер күресінен Жер-жаһанның тек үздік балуандары белдесетін Әлем кубогіне қатысып, әлем құрама командасы сапында бозкілемге шықты.
Сондай-ақ кейіпкеріміз өткен жылдың соңында Мәдениет және спорт министрлігі ұйымдастырған жыл үздіктерін анықтайтын «Жеңімпаз рухы» ұлттық сыйлығының жеңімпазы атанды. Ол жазғы спорт түрлері бойынша «Жылдың үздік спортшысы» аталымында үздік шықты.
«Былтырғы маусым мен үшін ойдағыдай өтті. Өзім қатысқан жарыстың барлығында жүлдемен оралдым. Бұл – жаттығу мен еңбектің еш кетпегенін көрсетеді. Әрине, әлем чемпионатының финалында биыл қатарынан екінші рет жеңіліп, алтынға қол созым жер қалғанда тоқтағаным аздап қынжылтады. Белградтағы финалда не жетпегенін білмеймін. Бірақ әлем чемпионатының алтыны менің басты мақсатым болып қала береді. Тек қана әлемнің емес, Олимпиаданың да чемпионы атанудан үміттімін», деді Жәмила Бақбергенова отандық БАҚ өкіліне берген бір сұхбатында.