Кеше “Қазақстанның ЕҚЫҰ-дағы төрағалығы: алдын ала қорытындылар және келешегі” атты жыл сайынғы VІІІ Алматы конференциясы болып өтті.
Қазақстан Президенті жанындағы Стратегиялық зерттеулер институты, ЕҚЫҰ-ның Астанадағы орталығы және Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ ұйытқы болған осынау конференцияға қатысушылардың бірауызды пікірі мынадай: ЕҚЫҰ төрағалығындағы Қазақстанның қызметін әлемдік қоғамдастық жоғары бағалайды.
Конференцияға өте беделді отандық және шетелдік ғалымдар мен сарапшылар келген болатын. Оның жұмысына Парламент Сенатының Халықаралық қатынастар, қорғаныс және қауіпсіздік жөніндегі комитетінің төрағасы Қуаныш Сұлтанов, ЕҚЫҰ-ның Астанадағы орталығы басшысының орынбасары Жаннет Клетцер, Ерекше тапсырмалар жөніндегі елші, Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігі ЕҚЫҰ Департаментінің директоры Сержан Әбдікәрімов, сондай-ақ елімізде аккредитацияланған дипломатиялық корпус өкілдері қатысты.
– Қазақстанның төрағалығын Президент Нұрсұлтан Назарбаев стратегиялық ұлттық жоба ретінде айқындады, – деп атап көрсетті Қуаныш Сұлтанов. – Мұның біздің еліміздің бүгіні мен болашағы үшін маңызы зор. Сонымен бірге, біздің құрметті миссиямыз ЕҚЫҰ-ның өзі үшін де маңызды болса керек. Шынында да, сенатор айтса айтқандай, республикамыз осы халықаралық Ұйымның қызметіне сүбелі үлес қосуда, жаңашылдық танытуда. ЕҚЫҰ-ның барлық бағыттары бойынша жүйелі жұмыс жүргізіліп, көңілдегідей нәтижелерге қол жеткізілуде. Ұйым тіршілігіне жаңа серпін берілгендігін бүкіл әлем байқады.
Конференцияда АҚШ-тың Қазақстандағы Төтенше және өкілетті елшісі Ричард Хоугландтың біздің республикамыздың ЕҚЫҰ төрағалығы рөлінде өзін айтарлықтай жақсы қырынан танытқандығы жөніндегі пікірі келтірілді. Мысалы, ол Қырғызстандағы саяси дағдарысты шешуде негізгі рөлді атқарды. Біздің еліміздің бейбітшілік пен қауіпсіздікті нығайтудағы бастамалары – Еуразия құрлығында ғана емес, бүкіл Жер шары ауқымында да мойындалған құбылыс. Солардың қатарында ядролық қатерді таратпауды, ұлтаралық және дінаралық үнқатысуларды дамыту үшін жағдай жасалуын, энергетикалық, көлік қауіпсіздігі проблемаларын және Ауғанстандағы ахуалды тұрақтандыру мәселелерін шешуге көмектесуді атауға болар еді.
Салиқалы форумда Жаннет Клетцер былай деп мәлімдеді:
– ЕҚЫҰ Қазақстан төрағалығымен өзін Еуро-Атлантика және Еуразия өңірлеріндегі қатысушы елдердің бірлескен, ғаламдық ауқымдағы және біртұтас қауіпсіздігін қамтамасыз ету тәжірибесін енгізуге әзір әрі қабілетті қуатты үнқатысу тұғыры ретінде танытып отыр. Осы орайда Қазақстан төрағалығы Ұйымның барлық институттарының өзара тығыз іс-қимыл бірлігін және олардың мүдделі тараптармен ынтымақтастығын қамтамасыз етіп отырғандығы ғанибет.
Конференцияда еліміздің Ұйым төрағасы қызметіндегі қажыр-қайраты, сондай-ақ толеранттылық, гендерлік теңдік, адам саудасымен күрес мәселелеріне арналған алдағы халықаралық іс-шаралар толық әрі егжей-тегжейлі талданды. Әсіресе, заңның үстемдік етуі, адамның негізгі артықшылықтары мен бостандықтарының сақталу проблемаларына ерекше көңіл бөлінді. Жиынға қатысушылар тарапынан Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың Астанада ЕҚЫҰ саммитін шақыру туралы бастамасы кең қолдау тапты.
Конференцияда Батыс пен Шығыс арасындағы үнқатысуды одан әрі өрістету жөнінде бірқатар тілектер мен ұсыныстар айтылды. Қазақстан стратегиялық зерттеу институтының директоры Болат Сұлтанов Ұйымның атын Еуразиядағы қауіпсіздік пен ынтымақтастық ұйымы деп атау жөніндегі ойын ортаға салды. Аз ұлттар істері жөніндегі Жоғарғы комиссардың кеңсесін Гаагадан Астанаға, Демократиялық институттар және адам құқығы бюросының штаб-пәтерін Варшавадан, мысалы, Тбилисиге немесе Бішкекке көшіру мәселесін қараған абзал болар еді.
Қалай болғанда да, Қазақстан ұсынып отырған ЕҚЫҰ-ны жаңарту үдерісі биылғы жылмен шектелмей, болашақта да жалғаса бермек.
Қорғанбек АМАНЖОЛ.