«Беткейлерден қар массаларын түсіру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Алдын алу іс-шараларын жүргізе отырып, біз жағдайды тұрақтандырамыз және сол арқылы тұрғындар мен автожолдар учаскелері арқылы өтетін көліктердің қауіпсіздігін қамтамасыз етеміз. Барлығы 40500 текше метр қар түсті, ал қыс мезгілі басталғалы бері барлығы 80000 текше метр қар түсірілді», деді «Қазселденқорғау» ШҚ филиалының басшысы Омар Дүзгімбаев.
Оның айтуынша, «Қазселденқорғау» филиалының бақылаушылары жүргізетін тұрақты мониторинг қауіпті учаскелерді анықтауға мүмкіндік береді. Мониторинг қар жамылғысының биіктігін өлшеуді, ауа мен қардың температурасы мен ылғалдылығын тіркеуді, қар жамылғысының тығыздығын анықтауды қамтиды.
Облыс бойынша барлығы 325 ошақ 71 объектіге қауіп төндіреді, оның ішінде 44 тұрғын үй, 93 км автомобиль жолдары бар (15 км - республикалық маңызы бар жолдар, 78 км - облыстық маңызы бар жолдар). Ең қауіпті бағыттар - Өскемен - Самар 95-102,132-137 км, Өскемен - Таулы Үлбі 30-37 км, Өскемен-Солтүстік-Серебрянск 58-65 км көшкін қаупі бар аймақта 5 демалыс базасы бар. Олардың екеуі - Риддер қаласында, үшеуі - Таулы Үлбіде орналасқан.
«Облыста көшкін қаупі бар. Бұл уақытта таулы жерлерге шықпауға кеңес беріледі. Қатты айқай мен шу қар көшкінін тудыруы мүмкін. Көлікте қар көшкіні қаупі бар учаскенің жанынан өтіп бара жатқанда тоқтамай, өтіп кету қажет. Төтенше жағдай кезінде 112 нөмірі бойынша хабарласу керек», деп түсіндірді ШҚО ТЖД бастығының орынбасары Арман Тоқанов.
Қар көшкіні кезінде келесідей әрекет ету қажет:
- Жартастың, ағаштың артына тығылуға тырысыңыз, жерге жатыңыз, басыңызды қолыңызбен қорғаңыз;
- Көшкінге тап болған жағдайда қардың бетінде қалу үшін жүзу қимылдарын жасаңыз;
- Қарға батып кетсеңіз тізеңізді асқазанға қарай тартыңыз, қар көшкіні тоқтағанша күтіңіз, үстіңгі және астыңғы жағыңызды анықтап, қардан шығуға тырысыңыз.