Құтқару қызметі Darmen мобильдік бағдарламасы арқылы ауа райының нашарлауына байланысты республикалық автожолдардың үш бөлігі жабылғаны туралы ескерту таратты. Мәселен, Солтүстік Қазақстан өңірінде қар жауып, боран соққаннан жолдардың көрінуі 50 метрден де аз қашықтықта болған.
«Жезқазған – Петропавл» тасжолының Ақмола облысының шекарасынан Сергеевка қаласы, Шал ақын ауданына дейінгі бөлігі, «Екатеринбург – Алматы» тасжолының Тоқсан би ауылынан Ақмола облысының шекарасына дейінгі аумағы және «Көкшетау – Рузаевка» жолы Ақмола облысының шекарасынан Рузаевка ауылына дейін көліктің барлық түрі үшін барлық бағытқа жабылды.
Кеше бұл өңірде ауа райына байланысты ескерту жарияланған болатын.
Сондай-ақ қардың көп мөлшерде жаууына байланысты Семей қаласының көшелерін қар басты. Жергілікті атқарушы органдардың өтініші бойынша 2023 жылғы 8 қаңтарда сағат 9.10-да ТЖМ 68303 әскери бөлімінің әскери қызметшілері алдын алу жұмыстарын жүргізу үшін қар шығаруға кірісті. Қазіргі уақытта 150 тонна қар шығарылды. Қаланың орталық көшелерінен қар шығару жұмыстары жалғастырылуда.
Абай облысында құтқарушылар науқас баланы ауылдан аудандық ауруханаға тасымалдауға көмектесті. 2023 жылғы 6 қаңтарда кешке қарай «112» пультіне Жарма ауданы Қызылағаш ауылынан ыстығы көтерілген науқас баланы Аягөз қаласының аудандық ауруханасына шұғыл тасымалдау талап етілетіні туралы хабарлама келді, өйткені ауа райының қолайсыздығы мен боранға байланысты ауылға жол болмады. Шақыру орнына Аягөз ауданының №13 өрт сөндіру бөлімінен құтқарушылар – жоғары өтімділік техникасы 2 Нива марш, жеке құрамның 4 адамы және Аягөз қаласының аудандық ауруханасынан 2 фельдшер шықты. Оқиға орнына келгеннен кейін балаға алғашқы медициналық көмек көрсетілді. Жұмыс барысында құтқарушылар дәрігердің, фельдшердің және әкесінің сүйемелдеуімен баланы Аягөз қаласының орталық аудандық ауруханасына тасымалдауға көмектесті. Қазіргі уақытта баланың жағдайы қанағаттанарлық.
Ал Ақтөбе облысының аумағында мұздың еруіне байланысты қауіпті кезеңнің (күндіз ауа температурасы -2, түнде кей жерлерде +1) басталуына байланысты қолайсыз жағдай орын алды. 7 қаңтар күні сағат 17.48-да Ойыл ауданы Қайыңды ауылындағы Ойыл өзеніне Уаз маркалы авто көлік мұз астына түсіп кетті, оқиға орнынан жүргізуші мен 2 жолаушы шығып үлгерді, медициналық көмекті қажет етпеді. Оқиға қысқы кезеңде су айдындарында қауіпсіздік ережелерін сақтамау себебінен орын алды.
Сонымен қатар жол қозғалысының шектелуіне байланысты 7 қаңтар күні 22 сағат 12 минутта Әйтеке би ауданы Самара – Шымкент тас жолының 968 шақырымында адамдарды эвакуациялау қажеттілігі туралы ақпарат түсті. Оқиға орнына аудандық құтқарушылар жіберілді. Құтқарушылардың көмегімен екі жолаушылар автобустарынан барлығы 35 адам (оның екеуі бала) Қарабұтақ ауылдық мешітіне эвакуацияланды. Зардап шеккендер жоқ.
Түнгі уақытта ауа райының қолайсыздығынан қозғалыс қауіпсіздігін сақтауға байланысты автокөліктер блокбекеттерде тұрды.
2023 жылғы 7 қаңтар күні 112 құтқару қызметіне сағат 18-03-те Ақтөбе облысы Ойыл ауданының Көптоғай ауылдық округінде Майдан шаруа қожалығының малшысы таңертең мал бағуға шығып, қайтып оралмағаны жөнінде хабарлама келіп түсті. 1962 жылы туған азамат 8 қаңтар күні сағат 05.00-те Көптоғай ауылдық округінің «Майдан» шаруа қожалығы Жармаөзек қыстағынан 3 шақырымдай жерден жергілікті тұрғындар көмегімен аман-есен табылды. Медициналық көмекті қажет етпеді.