Медицина • 09 Қаңтар, 2023

Заманауи қабылдау бөлімі

414 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Мегаполистегі ең ірі емдеу мекемелерінің бірі – №7 қалалық клиникалық ауруханасының операциялық бөлімшесі бар жаңа қабылдау бөлімі жұмысына кірісті. Алматы халқының ауқымды бөлігіне ем-дом жасап, дер­тіне дауа тауып келе жатқан аурухананың жаңа қабылдау бөлімі шамамен 2 мың шаршы метрді алып жатыр.

Заманауи қабылдау бөлімі

«Егер бұрынғы қабылдау бөлімі тәулігіне 300 науқас қана қабылдай алса, қазір бұл көрсеткіш 500 пациентке дейін өсті. Ендігі жерде бөлім қызметкерлері жылына 100 мың науқасқа тәулік бойы көмек көрсете алады. Қабылдау бөлімі әлемде қабылданған ең жоғары заманауи стандарттарға сай салынып, жабдықталған. Озық емдеу-диагностикалық құрал-жабдықтардың ішінде КТ, рентген аппараты, ультра­­дыбыстық аппараттар, бейнефиброгастроскоп, анестезия, тыныс алу аппараттары да бар», дейді Алматы қалалық қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Иран Шәметеков.

Сондай-ақ мұнда автономды желдету жүйесі, бактерицидтік сүзгілер, операциялық бөлімшеге арналған тәуелсіз желдету жүйелері, жылыту және ауа­сы бапталатын жансақтау бөлмелері мен қарқынды те­рапия бөлімдері бар. Ең бастысы, науқастарға бар жағдай жасалған, емделу­ге байланысты жеке ақ­параттарды құпия ұстау қарас­­тырылған.

Жедел травматология бө­лім­шесінің кіреберісі бөлек. Мұнда жол-көлік апаты, өндірістік немесе басқа да жазатайым оқиғалар салдарынан ауыр жарақат алған науқастарға машықтанған ма­мандар жедел көмек көрсе­теді.

Ғимарат жаңа санитарлық ережелерге, триаж аймағының нормаларына сәйкес қызыл, сары және жасыл аймақтарға бөлінеді, бұлар тиісті түс­ті бағыттауыштармен белгі­ленген. Сол сияқты күре жол­дан кіретін жәрдем көлікте­рінің кедергісіз, еркін кіріп-шығуы, науқастарды әкелетін арбаны алып жүруге арналған пандустың ыңғайлылығы да қарастырылған.

Аталған ауруханаға қа­тыс­ты 2023 жылдың тағы бір жаңалығы – жаяу бара алатын қашықтықтағы тұрғындар білікті дәрігерлерден меди­циналық көмек ала алуы үшін бірқатар жаңа медициналық ұйым ашу жоспарланып отыр. Мәселен, жаңа жыл­дың бі­рінші тоқсанында Әуезов пен Жетісу ауданда­рындағы «Мамыр» және «Кемел» отбасылық дәрі­герлік амбулаторияларын пайдалануға беру, сондай-ақ Алматы қаласы Балалар жедел медициналық көмек көрсету орталығының кеңей­тімін пайдалануға беру жос­парланған.

 

АЛМАТЫ