Өнер • 11 Қаңтар, 2023

Музейге суретшінің есімі берілді

686 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Отандық мәдениет тарихына қатысты жазылған «Қазақстан өнері», «Қазақстан графикасы», «Қожа Ахмет Ясауи мав­золейі» еңбектерінің авторы, танымал қылқалам шебері Нағымбек Нұрмұхаммедовтің есімін жерлестері әрдайым еске алып жүреді. Жуықта облыстық көркемсурет музейіне тұлғаның есімі берілді.

Музейге суретшінің есімі берілді

Павлодар облыстық көр­кем­сурет музейі бұдан былай Халық суретшісі Нағымбек Нұрмұхаммедов­тің есі­мі­мен аталады. Қуанышты оқи­ғаға орай қылқалам шебе­рінің суреттерінен көрме ұйым­дастырылып, түрлі тақы­рыптағы картиналар көпшілікке көзайым болды.

Нағымбек Нұрмұхаммедов көзінің тірісінде отандық бейнелеу өнері мен көркемсурет мә­­дениетін дамытуға баға жетпес үлес қосқан жан. Ол – Екін­ші дүниежүзілік соғыстың арда­гері, Қазақ КСР Халық суретшісі, өнер­та­ну ғылымдарының кандидаты, Ш.Уәли­ханов атындағы Қазақ КСР Мемлекеттік сыйлығы­ның лауреаты. Суретші 1924 жылы Баян­ауыл ауданы­ның Сайтанды деген же­рінде дүниеге кел­ген. Май­дан дала­сынан аман-есен орал­­ған соң 1947-1953 жылдары Ленин­град­тағы Илья Репин атындағы кескінде­ме, мү­сін және сәулет институтын­да профессор Р.Р.Френцтің же­тек­шілігі­мен білім алған. 1959 жылы Алматыға кө­шіп, Өнер академиясын тәмамдады. Негізінен реализм және импрессионизм бағыттарында ізденіп, көптеген портрет пен пейзажды, тарихи тақырыптағы картиналарды салған.

1

Өңірдегі Суретшілер ода­ғы қоғам­­дық бірлестігінің төр­аға­сы Өсербай Шұра­нов атап өткен­дей, суретшінің бүкіл шығарма­шы­лығы үлкен кенептерге түсі­рілген кескіндемелердің еркін­дігімен, түстер үйлесімділігімен, тақырыпқа психологиялық тұр­ғыдан бойлауымен, бейнелердің лирикасымен ерекшеленеді.

– Нұрмұхаммедов қазақ дала­сын­дағы қарапайым адам­дар­дың еңбегін бей­не­леуді ерекше жақсы көрді. Абай Құ­нан­байұлы, Әбілхан Қастеев, Сапар­ғали Бегалин, Тоқаш Бокин, Мәлік Ғаб­дуллин, Талғат Бигелдинов сияқты таны­мал тұл­ға­лардың портреттерін сал­ған. Жеті жа­сында әкесі қайтыс болып, Новосібір, кейін Алматыда жетім­дер үйінде тәр­бие­­ленген. Білім алуы­на Қазақ Ғылым Академиясының негі­зін салушы Қаныш Сәтбаев көп кө­мек көрсетіпті. Жазу­шы Қалмұқан Исабаев естелігінде кел­тір­гендей, бірде Қаныш ағаның кабине­тін­де отырса, бір жас жігіт кіріп келіп, сәлем­десіп кетеді. Әлгі жігітті одан ке­йін де бірнеше рет көреді. Тегін емес еке­нін білген қаламгер «Бұл бала кім?» деп Қанекеңнең сұрайды ғой. Қаныш ағамыз: «Бұл – Нағымбек деген жас сурет­ші. Ата-анасының қолынан дәм тат­қан едім. Қазір әке-шешесі қай­тыс болды, ешкімі жоқ, сон­дықтан қарай­ласып жүрмін», деп айтқан екен. Сол жас жігіт кейін өнерімен дүйім одақ­қа танымал болады. Осындай атақ­ты жер­лесіміздің есімі облыс­тық көркемсурет музейіне бері­ліп отырғаны бізді айрық­ша қуантты, – дейді Ө.Шұранов.

11

Суретші көзінің тірісінде отан­дық өнер тарихын зерттеп, «Қазақстан өнері», «Қазақстан графикасы», «Қожа Ахмет Ясауи мавзолейі», «Қазақстан су­рет­шілері – Екінші дүниежүзілік соғы­сқа қа­­ты­сушылар» деген ең­бек­тер жазды. Франция, Бразилия, Жапония елде­ріне шы­ғармашылық сапармен барып көрмелер ұйымдастырған, сурет­тер топтамасын жасаған. Салған кар­тиналары Канада, Бельгия, Юго­сла­­вия, Финлян­дия көрмелерінде қо­йыл­­ды. Қа­зақстанның бейнелеу өнері жөнін­де кітаптар мен альбомдар шығар­ды. «Еңбек даңқы ерлері» топтамасы ҚазКСР Мемлекеттік сыйлығын алған.

Көрмеде қылқалам шебері­нің 27 туын­­дысы ұсынылды. Алматыдан арнайы келген Мара Нағымбекқызы көр­кемсурет музейіне әкесінің екі картинасын сыйға тартты.

«Әкем туған топыраққа бі­рін­ші рет аяқ басып тұрмын. Ша­һар­да Нағымбек Нұрмұхаммедов­тің шығармашылығы бейне­лен­ген аялдама барын көріп, кере­мет толқыдым. Жерлестері сурет­шінің еңбегін ұмытпай, жас ұр­паққа оның бай сурет галерея­сынан ақпарат ұсынып, таны­туы өңірдегі мәде­ниет саласы басшы­лы­ғының дұрыс бағытта жұмыс істеп отыр­ға­нын көрсетсе керек. Му­зейге есімі бері­леті­нін ес­тігенде айрық­ша қуан­дым. Жер­гі­лік­ті мәдениет меке­ме­ле­ріне алғы­сым шек­сіз. Әкем ең­бек­сүйгіш жан еді. Адам­дармен ара­лас­қанда ақи­­қат­ты айтқанды ұна­­татын», дейді қыл­­қа­лам шеберінің қызы Мара Нағым­бекқызы.

11

 

ПАВЛОДАР