Қоғам • 11 Қаңтар, 2023

Экономикалық қарақшылық нарықты да, халықты да діңкелетіп отыр

260 рет
көрсетілді
10 мин
оқу үшін

Заңды белінен басып, авторлық құқықтардан аттап өтіп, өтімді тауарлардың көшірмесін жасау – кез келген мемлекеттің басын қатырып келе жатқан өзекті мәселенің бірі. Түрлі технологиялар дамыған сайын экономикалық қарақшылық та заманауи сипатқа ие болып, контрафактілік өнімдер ел экономикасына орасан зиянын тигізіп отыр.

Экономикалық қарақшылық нарықты да, халықты да діңкелетіп отыр

Коллажды жасаған Қонысбай ШЕЖІМБАЙ, «EQ»

 

Бір жағынан тауарлар мен азық-түліктің қымбаттай түсуі – дүкен сөре­лері мен базарларға сапасыз өнімдердің келуіне септесіп жатқанын жоққа шығаруға болмайды. Әдетте, бұлар таңбасы жоқ тондар, электронды темекі, алкоголь, жалған автокөлік бөлшектері сияқты танымал брендтердің арзан имитациясы.

Бірқатар консалтингтік компания­ның зерттеулеріне сәйкес, әлемдегі контрафактілік өнімдер нарығының айналымы оған тең уақыт кезеңіндегі есірткі айналымынан асып да түседі. Мәселен, «Frontier Economics Ltd». өткен жылы контрафакт айналымының жылына 991 млрд долларға дейін өсуін болжаса, бұл көрсеткіш, әрине, әлемдік жасанды заттар нарығына түгел ортақ. Осындай өкінішті үрдістен еліміз де қалыс қалмайды.

Экономикалық қылмыскерлер контра­­факция мен қарақшылықтан айтар­лықтай пайда көріп жатқанын үкімет­тегілердің іші сезеді, бірақ оның кесірі қаншалықты тиіп жатқанын дәл болжау қиын.

Қысқасы, қазіргі таңда жалған тауар­лардың дәурені жүріп, саудасы өркендеп жатқанын ешкім жоққа шығара алмайды. Адал бизнестің пайдасына айтарлықтай нұқсан кел­тіретін қарақшы-бизнес тұтынушы біткенге зиянын тигізеді. Ең бастысы, контрафактілік тауарлар экономикадағы кірісті ғана азайтып отырған жоқ, халықтың экономикалық әл-ауқатын, денсаулығы мен қауіпсіздігін кері кетіріп отыр.

Контрафакцияның зияткерлік меншік пен патенттерге негізделген тұрақты бизнес-модельдерге де инновация мен экономикалық тұрғыда өркендеуіне тигізетін кедергісі көп десек те, өкінішке қарай, контрафактілік өнімдерді өндіру және сату – жаһандық сипатқа ие болды.

Қарақшылық тауарлар Еуропалық одақ сияқты ірі экономикаларда, дамушы елдерде болғандықтан, мемлекеттік органдар мен тәуелсіз бизнес-ұйымдар тарапынан контрафактілік тауарларды өндіруге және таратуға қарсы күрес – қауіпті, зиянды тауарлардың нарыққа енуіне жол бермей, қоғамдық қауіпсіздік пен ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге, сондай-ақ заңды сауда жүйелерінің тұтастығына жәрдемдесуге бағытталған.

Контрафактілік өнімдер сағаттар, парфюмерия немесе былғарыдан жасалған бұйымдар сияқты жоғары деңгейлі сән-салтанат заттарынан бас­тап, машиналар, химиялық заттар немесе автомобиль бөлшектері сияқты бизнес тауарларына дейін, сонымен қатар ойыншықтар, фармацевтика, косметика мен тамақ өнімдері сияқты дәстүрлі тұтыну тауарларына дейін ерекшеленеді. Шындап келгенде, кез келген өнім жалған болуы мүмкін.

Егер жасанды түрі ең көп жасала­тын алькогольдік ішімдік, шылым түрлері дейтін болсақ, тұтынушы­лар­дың көпшілігі зиянды азайту тұ­жырымдамасына сәйкес зиянды әдет­терден біртіндеп бас тарту үшін ағзаға зиянды азайту мақсатында зиян­дылығы аз түріне көшуді үрдіске айналдырып жатады. Күшті алкогольден күштілігі төмен алкогольге, дәстүрлі темекіден қыздырылған темекі бар құрылғыларға ауысып жатыр. Бірақ алкоголь мен темекі нарығында контрафактінің көп болуы зиянды азайтуға көмектеспейді, керісінше денсаулыққа орны толмас зиян келтіреді.

Сонымен қатар контрафактілік сауда тауарлар құнының айырмашылығына байланысты кірістерін жоғалтатын ресми кәсіпорындар мен тұтынушылардың экономикалық өсуіне тікелей әсер етеді.

Осы тұрғыдан алғанда контрафактіге қарсы күрес – елімізде де өзекті тақы­рыптардың бірі. Екінші жағынан, Қазақстанда контрафактілік өнімнің таралуына халықтың төлем қабілетінің төмендеуі де ықпал ететініне көзді жұмып қаруға болмайды. Елдің әл-ауқатының нашарлауы тауарлардың арзанын алуға мәжбүрлейтінін, осы­дан қоғамның контрафактілік өнімге деген толерантты көзқарасын қалып­тастыратынын мойын­дау қажет.

Ең қорқыныштысы – фармацевтика, автомобиль бөлшектері мен сапасыз ойыншықтар. Мұндай контрафактілік өнімдердің денсаулық пен жалпы ұлттық қауіпсіздікке төндіретін қаупін ақшамен де өлшеп шығара алмайсыз.

Қазақстан Ұлттық кәсіпкерлер палатасының деректеріне көз салсақ, 2018-2021 жылдар аралығында еліміз­ге жалпы құны 30 млрд теңгеге контра­фактілік өнім әкелінген. Өкініштісі, бұл көрсеткіш жылына кем дегенде 10%-ға көбейіп келеді. Сонымен қа­тар акциздік тауарларды таңбалау ережелерін бұзғаны үшін қылмыстық істердің саны артып жатыр. Оған қоса қауіпсіздік талаптарына сай келмейтін тауарларды шығару және сату, ел ішінде тауарларды заңсыз өндіру мен контрабанда жоқ деп айта алмаймыз. Тек 2022 жылдың қаңтар-сәуір айларында Қазақстанға құны 5 млрд теңгеден астам контрабандалық тауарларды өткізуге әрекет жасалған.

«Контрафактілік өнімдер белгілі брендтің беделіне, тауар құнына соққы беріп қана қоймайды. Сонымен қатар көп жағдайда сатып алушы үшін зиянды ғана, тіпті ажал құштыруы да әбден мүмкін. Адал, заңды нарықта жалған заттарға орын жоқ. Жұртшылық құзырлы мемлекеттік органдардың сапасыз тауарларды жосықсыз жеткізушілерді мақсатты түрде қудалайтынына сенімді болуға тиіс», деді «Денсаулық» ұлттық қауымдастығының басшысы, дәрігер Бақыт Түменова.

Сарапшылар қай елде болсын, ең алдымен, тұтынушының тауар сапасына қоятын талаптарының төмендеуін халықтың кедейлене түсуімен байланыстырады. Егер жалған брендтік сөм­келер немесе тондар жалпы мәде­ниет саласындағы мәселе болса, контра­фактілік азық-түлік, ішімдік, сусындар баршамызды шындап ойлантуға тиіс.

Мысалы, шылымқорлар арасында жастар мен студенттерге акциздің көтерілуіне байланысты жыл сайын қымбаттайтын ресми өнімдер қолжетімді емес. Ал контрафактілік темекі акцизсіз болғандықтан, сәйкесінше бағасы да арзанырақ. Бірақ бір мезгілде мұндай контрафактілік өнімдер ел экономикасына нұқсан келтіреді және халықтың денсаулығы мен өміріне қауіп төндіреді.

2020 жылы ресми мәліметтер бо­йынша, темекі өнімдерінің заңсыз айналымы 1,4%-ды немесе 2,3 миллион қорапты құрады. Мұнда контрафактілік өнімдердің қаншалықты қауіпті екені туралы бірнеше мысал келтірілген. Дәріхана жеткізушілерінде көбінесе сертификаттар мен лицензиялар бола бермейді, қарақшылық нарықтағы дәрі-дәрмектер адам өміріне тікелей әсер етеді. Мысалы, майдагерлік кәсіппен жасалған контрафактілік алкоголь тек 2020 жылы 30-ға жуық адамның өмірін қиды.

Былтыр Алматыда алкоголь өнім­де­рін өндіретін 12 жерасты цехы анықталып, 125 мыңнан астам бөтелке тәркіленді. Ал Қазақстанның ең халқы тығыз Түркістан облысында жақында екі жерасты цехы табылды, 410 литр алкоголь түріндегі сұйықтық пен сатуға дайын 1,4 мыңға жуық бөтелке арақ тәркіленді.

Дәстүрінен жаңылмайтын контра­фактінің көп бөлігі бізге шығыстағы көршімізден келеді. Бұл – арзан, сапасыз киімдер, аяқкиімдер мен аксессуарлар ғана емес, сонымен қатар жалған автокөлік бөлшектері. Өзбекстан да нарығымызды сапасыз, үй жағдайында жасалған кәмпиттер, күлше, газдалған сусындармен қамтамасыз етеді.

Шығыс Еуропа мен БАӘ-ден акцизсіз темекі ағыны Орталық Азия елдері мен Ресей арқылы контрабандалық жолмен келеді.

«Арзан контрафактілік өнімдер оның ескі жабдықта, біліктілігі жоқ жұмыс күшімен өндірілетінін анықтап отыр. Бұл ретте оны жасауда сапасыз материал пайдаланылды. Бұл жағдайда жалған өнім бір қарағанда түпнұсқадан ерекшеленбеуі мүмкін. Бірақ нашар сапа, әсіресе азық-түлік, дәрі-дәрмек, алкоголь және темекі өнімдері сатып алушының өміріне қауіп төндіруі мүмкін», деді қазақстандық сарапшы Гинтаутас-Юозас Кентра.

Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, «Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» кодекстің 110-бабына сәйкес, бір реттік вейптер кінәратымен сатылады: қаптамада жүйелік улардың, канцерогенді және мутагенді заттардың құрамы, сондай-ақ дайындаушы мен жарамдылық мерзімі туралы мәліметтер жоқ. Бірақ бұл өнімдерге бізде зерттеулер жүргізілмейді, ал техникалық регла­менттің болмауы құрамның қауіп­сіз­дік талаптарына қаншалықты сәйкес келетінін бақылауға мүмкіндік бермейді.

Ал Ұлттық қоғамдық денсаулық орталығы Қазақстанда түрлі дәмдік қоспалары бар бір реттік вейптерді шегетін жасөспірім ұлдардың саны үш есеге, ал 11-15 жас аралығындағы қыздардың саны екі есеге өскенін алға тартып отыр.

Өз кезегінде контрафактілік өнімдер көбінесе сапа мен қауіпсіздіктің барлық стандартына сәйкес келмейді. Сонымен қатар контрафактілік зияткерлік мен­шік құқығын бұзады. Қазір елімізде нарық­тың құдайдан қорықпайтын саудагерлері мен заңсыз өнімдер салықтық және азамат­тық бақылау арқылы анықталады.

2023 жылға дейінгі шағын және микробизнесті тексеруге жарияланған мораторий отандық нарыққа заңсыз өнімдер легінің де едәуір ұлғаюына себеп болды. Сондықтан мамандар халық денсаулығына төнген осынау қатерді азайту үшін бұл тауарларды реттеудің нақты тетігін қабылдауды ұсынып отыр.

 

АЛМАТЫ