Қоғам • 11 Қаңтар, 2023

Тұрғын үй реформасы тұралап тұр

586 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен елімізде тұрғын үй шаруашылығын басқару реформасы жүзеге асып жатыр. Бұл бағытта 2020 жылы «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң қабылданғаны белгілі.

Тұрғын үй реформасы тұралап тұр

Аталған заңға сәйкес «Бір үй – бір бірлестік – бір есепшот» қағидаты негізінде тұрғын үйлер мүлік иелерінің бірлестігі немесе жай серіктестікке бірігуге тиіс. Бұрынғы ПИК жүйесінде ашықтық, мөлдірлік жоқ болатын. Қаражаттың қайда жұмсалып жатқаны беймәлім-тұғын. Оның үстіне ПИК құрамында бірнеше үй болғандықтан оны басқару қиынға соқты. Соның салдарынан тозығы жеткен үйлер жөнделмей қалды. Күрделі немесе ағымдағы жөндеу көрмеген соң үй де тоза береді. Ал тұрғындар жинаған ақшаның есебін біле алмады. 

Міне, осындай олқылықтарды жою үшін елімізге тұрғын үйді басқарудың жаңа жүйесі қажет болды. Сол себепті салада жаңа реформа қабылданды. Бұл жөнінде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі» атты Қазақстан халқына арнаған Жолдауында нақты айтылған. Президент тапсырмасы негізінде елімізде тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық саласында мүлік иелерінің бірлестіктері немесе жай серіктестік институты енгізілді. Жаңа реформа әлбетте тұрғын үй қатынастарында көптеген өзгеріс әкелері сөзсіз. Ең алдымен, көпқабатты үйлерді күтіп-ұстау жүйесі жақсарады. Халықтың қаражаты бақылауға алынып, нақты жөндеу жұмыстарына, басқа да керекті дүниеге жұмсалатын болады. Реформаның түпкілікті көздеген мақсаты – міне, осы. Ал бұл іс Шымкент қаласында қалай жүзеге асып жатыр?

Осы сауал төңірегінде Қазақстан Республикасы тұрғын үй заңнамасын реформалау комитетінің Түркістан, Шымкент қалалары бойынша жауапты маманы Жұмабек Исмаиловтан жауап алған едік. Сарапшының мәлімдеуінше, үшінші мегаполисте 2 400-дей көпқабатты үй болса, соның 400-дейі ғана мүлік иелері бірлестігі немесе жай серіктестікке өтуі мүмкін. Ресми статистика бойынша Шымқалада жаңа басқару формасына өткен үйлер саны әлдеқайда көп. Мұндай деректің қайдан алынғанына маманның өзі аң-таң. Бір қызығы, ол осындай реформаның жүзеге асып жатқанынан шымкенттік тұрғындар тіпті бейхабар екенін айтады. Ал Түркістан қаласында көпқабатты үйлердің 60-70 пайызға жуығы жаңа басқару жүйесіне өтіп қойған. Маманның айтуынша, оның басты себебі, киелі шаһарда Президент тапсырмасына орай барлық жұмыс тиісті сарапшылармен бірлесіп атқарылу үстінде.

Дейтұрғанмен, тұрғын үй заңнамасын реформалау комитетінің өкілдігі үшінші мегаполисте қажетті жұмыстарды қолға алып жатыр. Мәселен, үй комитетінің төрағаларын жеделсаты, домофон және басқа да сервистік қызмет көрсетуші компаниялармен әріптестік байланыс орнату, қарым-қатынас жасау мәселелері бойынша үйретуде. Оған арнайы әлеуметтік желіде ортақ чат та ашылған. Жалпы, Президент бастамасын іске асыруға жауапты орган Шымкентте қалалық орта сапасы және бақылау басқармасы мемлекеттік мекемесі саналады. Алайда шаһарда үйлерді мүлік иелерінің бірлестігі немесе жай серіктестікке өткізу жұмыстары өте баяу жүріп жатыр. Статистикалық мәлімет бойынша 2 мыңнан астам көпқабатты үй жаңа басқару тәсіліне көшті делінгенімен, реформаға жауапты өкілдік бұл ақпараттың шындыққа жанаспайтынын мәлімдеп отыр.

Ж.Исмаилов «Нұрсәт» шағын ауданы бо­йын­ша тұрғын үй мәселесімен 10 жылдан айналысып келеді. Тіпті 221 көпқабатты үй­­дің комитет төрағаларына дейін жақсы та­ни­ды. Алайда олардың өзі мүлік иелері бір­­лес­тігі немесе жай серіктестік туралы көп нәр­се біл­­мейтінін айтады. Яғни осыған қа­рап-ақ ре­­форманың қай деңгейде екенін білу­ге бо­­ла­­тынын аңғартып отыр. Маманның мә­лім­деуінше, жұмыста үйлесімділіктің бол­ма­­уы­нан реформаны орындау сәтсіздікке ұшы­рап жатқан сыңайлы. Мәселен, қалалық ор­та сапасы және бақылау басқармасын­да бар-жоғы 10 адам қызмет атқарады. Олар аудан әкімдігіне жүктейді. Онсыз да күн са­йын ком­муналдық мәселемен алысып әлек бо­ла­тын аудан әкімдігі бұған бір маманды бекі­те салады. Жалғыз өзі неге үлгерсін?! Жалған ақпар содан келіп туындайтын көрінеді.

Қаладағы үйлердің жаңа басқару тәсіліне өтпегенін банктен де білуге болады. Мүлік иелері бірлестігі немесе жай серіктестіктердің банкте міндетті түрде есепшоты болуы керек. Ал банктердің ешқайсысы шот туралы мәлімет бере алмайды. Өйткені іс жүзінде шот ашылмаған. Оның үстіне мүлік иелері бірлестігі болмаса жай серіктестікке өтпей тұрып, көпқабатты үйлер кондоминиум нысаны ретінде тіркелуі керек. Кондоминиум дегеніміз – екі немесе одан да көп меншік иесі біріккен нысан. Осы ретте Ж.Исмаилов соңғы жылдары Шымкенттің шеткі аумақтарында салынып жатқан жүздеген көпқабатты үйлердің бірде-біреуі кондоминиум нысаны ретінде тіркелмегенін айтады. Маман сөзінің растығын әділет органы да дәлелдеп бере алатынын баяндады. Осы жылдың маусым айында қалалық орта сапасы және бақылау басқармасы басшысының орынбасары Мәлік Әбдінұров мегаполисте 2 236 көпқабатты үйдің 124-і – мүлік иелері бірлестігіне, 1 798-і жай серіктестікке өткенін брифинг барысында ресми түрде мәлімдеген еді. Бұл қалай болғаны сонда?!

«Қуырдақтың көкесін түйе сойғанда көресің» демекші, жаңа реформаға сәйкес 2023 жылдан бастап көпқабатты үйлер мүлік иелері бірлестігі немесе жай серік­тес­тік­те болмаса, оларға сервистік компа­ния­­лар­дың бірде-біреуі қызмет көрсете ал­­май­ды. Өйткені жаңа заң бойынша сер­вис­тік ме­ке­мелердің тұтынушымен, яғни тұр­ғын­дар­мен тікелей келісімшартқа оты­руға құқығы жоқ. Шымкентте 40-қа жуық көп­қа­батты үйге қызмет көрсетуші компаниялар бар. Сонда келесі жылдан бастап олар қайтпек?»,  дейді Ж.Исмаилов сұраулы жүзбен.

Маманның мәлімдеуінше, тұрғын үй реформасы заңын жетілдіруге қатысты арнайы жұмысшы тобы құрылыпты. Бүгінгі таңда олардың тарапынан 85 ұсыныс әзірленген. Жуық арада Парламент Мәжілісінде қаралып, бекітілуге тиіс. Сондай-ақ кондоминиум объектісін басқарудың жаңа нысандарына – мүлік иелерінің бірлестігі мен жай серіктестікке көшу мерзімін Парламент Сенаты 2023 жылғы 1 шілдеге дейін ұзарту туралы шешім қабылдады.

 

ШЫМКЕНТ