Қоғам • 13 Қаңтар, 2023

Экс-президент Назарбаев қандай артықшылықтардан айырылды?

493 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

13 қаңтарда Қазақстан Парламенті палаталарының бірлескен отырысында депутаттар «ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасы туралы» заңның күшін жою туралы заң қабылдады, деп хабарлайды Egemen.kz.

Экс-президент Назарбаев қандай артықшылықтардан айырылды?

Қабылданған заңға сәйкес Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан Республикасының экс-президенті мәртебесіне ие болады.

Ол республика Парламенті палаталарының бірлескен отырыстарына, Республика Президенті қызметіне кірісуге арналған салтанатты отырыстарға, Республиканың мемлекеттік мерекелеріне және мемлекет өткізетін өзге де іс-шараларға қатысуға құқылы.

Оның ар-намысы мен қадір-қасиетіне қол сұғылмайды делінген. Республиканың экс-президентінің ар-намысы мен қадір-қасиетіне қол сұғушылық заң бойынша қудаланады.

Заңға сәйкес экс-президент пен оның отбасын қамтамасыз ету, оларға қызмет көрсету және қорғау мемлекет есебінен жүзеге асырылады.

Оған қазіргі Президенттің лауазымдық жалақысының 80% мөлшерінде өмір бойы зейнетақы тағайындалды. Бұл ретте оның зейнетақысы Республика Президентінің лауазымдық жалақысының өсуін ескере отырып арттырылатын болады.

Сондай-ақ пәтер мен мемлекеттік саяжай жеке меншікке берілмей, қажетті қызмет көрсетумен, жеке күзетпен, жүргізушілері бар жеке автокөлікпен, ел бойынша тегін жол жүрумен, медициналық қызмет көрсетумен және санаторий-курорттық емдеумен қамтамасыз етіледі.

Президенттік кезеңде құрылған жеке мұрағат пен жеке кітапхана оның меншігінде болады.

Бұрынғы президент мәртебесіне ие бола отырып, Нұрсұлтан Назарбаев мемлекетке опасыздық жасау жағдайларын қоспағанда, Республика Президентінің өкілеттіктерін орындауға байланысты іс-әрекеттері үшін жауапты болмайды.

Мәселен ҚР Тұңғыш Президенті туралы заң күшін жойғаннан кейін Нұрсұлтан Назарбаев:

  • Елбасы атағынан:
  • ҚР Президенттігіне сайлану құқығынан;
  • Қазақстан халқына жолдау жасау құқығынан, мемлекеттік органдарға және лауазымды адамдарға мемлекеттік құрылыстың, елдің ішкі және сыртқы саясаты мен қауіпсіздігінің аса маңызды мәселелері бойынша бастамалармен жүгіну міндетінен;
  • ел үшін маңызды мәселелерді талқылау кезінде ҚР Парламенті мен оның палаталарының алдында, Үкімет отырыстарында сөз сөйлеу құқығынан; Қазақстан Республикасы Конституциялық Кеңесінің құрамына кіру құқығынан айырылады.

Сондай-ақ келесі наградалар мен сыйлықтар жойылады:

  • «Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті - Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев» ордені, ол азаматтардың мемлекеттік және қоғамдық қызметтегі ерекше еңбегі үшін берілген.
  • Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті - Елбасының демократия мен әлеуметтік прогресті дамытқаны, халықтар арасындағы бейбітшілік пен достықты нығайтқаны үшін Қазақстан Республикасының Президенті берген жыл сайынғы бейбітшілік пен прогресс Мемлекеттік сыйлығы.

Сондай-ақ:

  • Жеке меншік құқығында және онымен бірге тұратын отбасы мүшелеріне, сондай-ақ олар пайдаланатын тұрғын және қызметтік үй-жайларға, қызметтік көлікке, байланыс құралдарына, хат алмасуға, оларға тиесілі құжаттарға тиесілі мүлікке;
    Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті - Елбасы қорына және ол құрған өзге де заңды тұлғаларға тиесілі мүлікке;
  • Оған жеке меншік құқығымен және онымен бірге тұратын отбасы мүшелеріне тиесілі мүлікке;
  • Өзі құрған заңды тұлғалардың мүлкіне;
  • Банк құпиясының кепілдігі, банк шоттарына және онымен бірге тұратын отбасы мүшелеріне қол сұғылмаушылық жойылады.

Бұдан басқа Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті - Елбасының Кеңсесі таратылады.