Аймақтар • 15 Қаңтар, 2023

22 елді мекенді су басу қаупі: Бұл дабыл ма, дақпырт па?

563 рет
көрсетілді
11 мин
оқу үшін

Жуырда пайдалануға берілгеніне жарты ғасырдан асқан Шардара су қоймасына қатысты мәселе көтерілді. Яғни су шаруашылығы саласының мамандары «Шардара» су қоймасында апаттық жағдай орын алған жағдайда төменгі бөлігіндегі 34 мың халқы бар 22 елді мекенді су басу қаупі барын айтып, дабыл қақты. Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалдының төрағалығымен өткен жиында да стратегиялық маңызы бар су қоймасындағы қауіпке Үкімет назарын аударуы қажеттігі айтылды. Облыс әкімі маңызды мәселеге қатысты сараптау жүргізуді тапсырды.

22 елді мекенді су басу қаупі: Бұл дабыл ма, дақпырт па?

Коллажды жасаған Қонысбай ШЕЖІМБАЙ, «EQ»

Ақпарат таратпауға бұйрық берген бе?

Елді мекендерді су басу қаупі бары жөніндегі дерек көптеген бұқаралық ақпарат құралдарының жаңалықтарында, әлеуметтік желілерде тақырыпқа шыға­рылып, су қоймасы аумағындағы елді мекендер тұрғындарын үрейлендіргені анық. Қауіптің қаншалықты рас екенін және алдын алу бағытында қандай жұмыс атқарылуға тиіс екенін анықтамақ мақсатта жауапты мекемелерге хабарласып, нақты да шынайы мәліметтер алуға тырысқан едік. Алайда су қоймаларына қатысты деректер «құпия» болып шықты, яғни қандай да бір мәлімет Астана арқылы беріледі екен.

«Қазсушар» РМК Түркістан филиа­лының директоры Қазыбек Бедебаевқа қоңырау шалып, сәлемдескен соң қай газеттен хабарласып тұрғанымызды, аты-жөнімізді айтып, су қоймаларының қазіргі жағдайы бойынша мәлімет сұрағанбыз. Директордың жауабы қысқа болды. «Кім көрінгенге ақпарат беріл­мейтінін» айтқан республикалық мем­лекеттік кәсіпорынның жергі­лікті жердегі өкілі жоғарыдағы басшы­ларының рұқсатынсыз ауыз ашпайтынын аңғартты. Яғни Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі Су ресурстары комитетінің төрағасы Нұр­лан Алдамжаров өңірлердегі өкілдеріне жур­налистерге қандай да бір ақпарат беруге тыйым салған болып тұр. Ақпа­рат бермейтінін дөрекі жеткізген, жур­налистерді «кім көрінгенге» теңеген директор Қазыбек Бедебаев «Бұқаралық ақпарат құралдары туралы» заңды білмейтінін, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасының толық жүзеге асырылуына мүлде құлықсыздығын да аңғартты.

Саладағы жағдайды білетін, жауапты маманның мәлімет беруден бас тартуы, яғни БАҚ-тың ресми ақпарат ала алмауы жалған деректердің немесе қауесеттің таралуына себеп болатынын Нұрлан Алдамжаров та, оған бағынышты директорлар да білмейді деп айта алмаспыз. Деген­мен Мемлекет басшысынан бастап, мемлекеттік органдар жалған ақпарат таратудың арты жақсылыққа апармайтынын, дүрбелең туғызатындар жа­уап­кершілікке тартылатынын жиі ескертіп жатқанда Н.Ал­дамжаровтың аузын бағып, өзді­гінше әрекет ете алмайтын директор Қ.Бедебаев қауесеттің тарауын­а мүмкіндік жасап отыр. Жә, Бе­де­баев бермеді деп жұрт білуге тиіс ақпаратты тауып жария етпеу журналист атымызға мін болар. Түркістан облысы аумағындағы су қоймаларындағы жағдайды облыс әкімінің орынбасарларынан сұрап білдік.

Алдын ала айта кетелік, бү­­гінде Шардара ауданының әкімі Қайрат Жолдыбай елді ме­кен­­дерді су басып қалу қаупі жоқтығын мәлім етті. «Су басу қаупін болдырмау мақсатында барлық іс-шара атқарылып жатыр. Дабыл қағып, тұрғындар арасында дүрбелең туғызатындай қауіп жоқ. Су қой­масындағы жағ­дай бақылауда», дейді аудан әкімі. Қазіргі таңда «Шардара» су қоймасында 4 091 млн текше метр су бар, яғни толуы – 79 %. Бұл 2022 жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 1 671 млн текше метрге артық. Сыр­дария өзенінен су қоймасына секундына 1 095 текше метр су келіп, су қойманың төменгі ағысына секундына 1 011 текше метр су босатылуда. «Сырдария өзенінің жоғары ағысынан келген судың көбеюі, «Шардара» су қоймасының мерзімінен бұ­рын толуына әкеліп соғуда. Бұл жағдай өз кезегінде көктемгі тасқын су апаттық жағдайының орын алу тәуекелділігін арттыруда. Сондықтан 2023 жылдың 1 наурызына дейін «Шардара» су қоймасының толуын 70 %-дан (3 600 млн текше метр) асырмау, мемлекетаралық келіссөздер ар­қылы Сырдария өзені жоғарғы ағысы арқылы келетін судың кө­лемін азайту (Қырғызстан Рес­пуб­ликасы «Тоқтағұл» су қой­ма­сы және Тәжікстан Респуб­ликасы «Қайрақұм» су қоймасы), «Арнасай» бөгеті арқылы Өзбек­стан Республикасында орналасқан «Айдаркөл» ойпатына су тастау, «Сырдария» өзенінің төменгі ағысында қатқан мұзды жарып, су ағысын қалпына келтіру (секундына 600 текше метрден 900 текше метрге дейін көтеру), су қауіпсіздігін қамтамасыз ету және апаттық жағдай мен қауіп-қа­тер­лердің алдын алу жөнінде Үкімет деңгейінде штаб құру бойынша Премьер-министр Ә.Смайыловқа қаңтарда екі рет хат жолданды. Республикалық теңгерімдегі «Шардара» су қоймадан Арнасай су тарабын қоса есептегенде жиын­­­тығы 2 570 текше метр се­кун­дына су тастай алады», деді об­лыс әкімінің орынбасары Ермек Кен­жеханұлы.

Су қашыртқы қашан салынады?

 Иә, 2020 жылы 1 мамырда көрші Өзбекстандағы Сардоба су қоймасының бөгеті бұзылып, салдарынан Мақтаарал ауданының 5 елді мекенінде төтенше жағ­дай орын алғаны, мыңнан астам тұр­ғын үй, мектептер мен балабақ­шалар, денсаулық сақтау, сауда нысандары, автомобиль жолдары, көпір, 5 695 гектар егістік пен жайы­лым жерлер су астында қалғаны ел есінде. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қатаң бақы­лауына алып, бүкіл ел көмек қолын созғанын оңтүстік жұрты ұмыта қойған жоқ. Өткен күнді еске салып отырғанымыздың өзін­дік себебі де жоқ емес. Айтып кел­меген апаттан үрейленіп қал­ған халыққа «Шардара су қой­масында апаттық жағдай орын алса, да­рияның төменгі бөлі­гіндегі 34 мың тұрғыны бар 22 елді мекенді су басып қалу қаупі бар» деген ақпараттың оңай тиме­гені анық. Сол Сардоба оқиға­сынан кейін «Қазақстанның су қауіпсіздігі: қазіргі кездегі қауіп-қатерлер және оларды шешу пер­с­пективалары» тақырыбына ар­налған Сенаттағы Үкімет сағат­ында Түркістан об­лы­сының сол кездегі әкімі Өмірзақ Шөкеев баян­дама жасап, бірқатар деректі келтіре отырып, өзекті мәселе көтерген болатын. Облыс әкімі жарты ғасыр бұрын, яғни 1969 жылы өтімі секундына 4 210 текше метр су келіп апатты жағдай орын алғанын еске салған-ды. «Осындай жағдай қайталанса Шардара, Отырар аудандары мен Арыс қаласының Сырдария өзенінің сол жағалауындағы елді мекендерді, яғни Түркістан облысында тұратын 60 мыңнан астам тұрғын мен Қызылорда облысының 200 мыңнан астам тұрғыны тіршілік етіп жатқан елді мекендерді су басып қалу қаупі туын­дайды. Сондықтан шұғыл түрде Шардара су қоймасының оң жақ жағалауынан өтімділігі секундына 1 500 текше метр болатын апатты су қашыртқы салу қа­жет. Бұл кезек күттірмейтін мә­­се­ленің зардабы екі облыстың әлеуметтік-экономикалық жағ­дайы­­ның нашарлауына алып келуі әбден мүмкін», деген-ді баяндамасында экс-әкім. Үш жылға жуық бұрын уақытта Сенатта көтерілген осы мәселе бойынша бүгінде қан­дай шаруа атқарылып жатыр.

Облыс әкімдігінің мәліметіне жүгінсек, су қашыртқы салу бо­йын­ша Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігіне ұсыныстар енгізілген. Қазіргі таңда, «Казгипроводхоз» институты тарапынан жобаға алдын ала жобалық іздестіру жұмыстары жүргізілуде. Осы жылдың наурыз айында Су ресурстары комитетіне ұсыныстар енгізіліп, министрлік деңгейінде қаралатын болады. Жобаға оң қорытынды алынған жағдайда, жобалық-сме­талық құжаттама әзірлеу жүр­гізіледі.

Ал Көксарай су реттегішінің толуы бүгінде 26% немесе 775,81 млн текше метр болып отыр. Бүгінде қоймаға секундына 400 текше метр су жиналуда. Қызыл­орда облысына секундына 600 текше метр жіберілуде. Облыс әкімі орынбасарының мәліметінше, Шардара және Көксарай су қой­ма­ларында 2 млрд-қа жуық су көлемін қабылдауға бос қор бар. Сырдария өзені бойында жалпы су тасқынына қарсы тұрғызылған 97,5 шақырым қорғаныс дамбалары бар, барлығы қалыпты жағ­дайда. Өткен жылы 158 млн теңге жұмсалып, Шардара ауда­ны, Сүткент елді мекені тұсын­дағы қорғаныс дамбасы күрделі жөндеуден өткізілді. Сырда­рия өзенінен бастау алатын канал­дардың тоспалары бекітіліп, то­пы­рақпен нығайтылды. Өзен бойындағы елді мекендерде орна­тылған «Үлкен су» локалды құлақтандыру жүйесі дайын­дыққа келтірілген. Яғни облыс әкімдігі бойында 22 елді мекен, 3 658 тұрғын үй, 25 812 ха­лық орналасқан Сырдария өзе­ні­нің жағдайы қатаң бақылауға алынғанын, қазіргі таңда алаңдай­тын жағдай жоқ екенін мәлімдеді.

Жалпы, облыс аумағында 42 су қоймасы бар. Оның ішінде 16 су қоймасы республикалық теңгерімде. Ақылбексай, Қапша­ғай су қоймалары жөндеуді қажет етеді. Сондай-ақ коммуналдық теңгерімдегі 20 су қоймасының 11-ін жөндеу қажет. Ал 6 су қойма жеке меншік теңгерімінде. Об­лыс­тағы су қоймалардың жалпы сыйымдылығы – 8,8 млрд текше метр. 1982 жылы пайда­лануға берілгеннен бері жөндел­меген Қапшағай су қоймасында жүргізіліп жатқан күрделі жөн­деу жұмыстарын биыл аяқтау жоспарланған. Сонымен қатар Ырмақ-Өзен, Майдантал су қой­­маларында биыл ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілетін болады. Қошқорған, Бөген су қоймаларында күрделі жөндеу жұмыстарына жобалық-сме­талық құжаттар әзір­ленуде. Об­лыс әкімінің бірінші орынба­сары Арман Жетпісбай су қой­маларында болуы мүмкін апатты жағдайлардың алдын алу бойын­ша су режіміне күнделікті мониторинг жүргізіліп, тәулік бойына ке­зекшілік ұйымдастырылғанын айтты. Облыстық теңгерімдегі Қосқорған, Бөген су қоймалары мен «Қараспан» су торабы бойынша апаттық жағдайлардың алдын алу бойынша іс-шаралар жүр­гізіліп, тиісті керек құрал­дар­мен (600 текше метр қой тас, 150 текше метр құм, топырақ және 7 900 дана қап) және 34 бірлік арнайы техникамен қамтамасыз етілген.

 

Түркістан облысы