Біріншіден, ашықтық мәселесіне мән беріліп, кандидаттардың сайлауалды бағдарламасы жұртшылыққа кеңінен таныстырылуы керек еді. Тұрғындарға өз өңірінен сайланатын депутаттың аймақ өмірі үшін қандай жұмыс істеуге ниетті екенін білу өте маңызды. Әйтеуір тұрғындар дауыс бермейді екен деп халықтан алыстау дұрыс емес. Әділетті Қазақстан құрамыз деп жатқандықтан, қоғаммен баянды байланыс орнатуға тырысу қажет. Екіншіден, сайланған депутаттардың басым бөлігі бұған дейін мемлекеттік басқару жүйесінде, яғни әкімдіктің айналасында қызмет еткендер. Жастар да жоқтың қасы. Тұрғындарды алаңдатқан жайттың бірі – осы.
Мәслихаттардың жауапкершілігі артуға тиіс. Халық арасында қазір түрлі пікір өріп жүр. Көпшілігі «мәслихат депутаттары әкімнің нұсқауымен дауыс берді» дегенді алға тартады. Бұл – ашықтық мәселесіне атүсті қараудың салдары. Бұған дейін алдағы уақытта Сенат депутаттарын да халық сайлау керек деген ұсыныс айтқан едім. Тұрғындар өзі дауыс бергендіктен, күмәнді ойлар туындамайтын еді. Тағы бір мәселе – сайланған депутаттар мінберде халықтың мәселесін белсенді көтермей, қызметін үнсіздікпен өткізсе, ондайлардың депутаттығын тоқтату керек. Алты жыл бостан-босқа орындықты тоздырғаны қажет емес. Тікелей сайлау болмағандықтан бақылау да аз. Депутаттың не тындырып жүргені белгісіз. Бұл мәселені бұған дейін де байқағанбыз. Тіпті халық түрін тану былай тұрсын, аты-жөнін білмейтін депутаттарды да көрдік. Алдағы уақытта мұндай «дәстүр» үзілуге тиіс. Сенат депутаттары халықтың арасында жүруі, тұрғындармен етене араласуы қажет. Бұқаралық ақпарат құралдарымен де қоян-қолтық жұмыс істеуі маңызды.
Марат БӘШІМОВ,
Еуропалық құқық және адам құқығы институтының директоры