Аймақтар • 16 Қаңтар, 2023

Маралдар осылай жосады екен...

604 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Барқытбелдің күншығысында Тарбағатай мемлекеттік ұлттық табиғи паркі құрылғалы дала қойнауындағы аң саны көбейген. Бас-басымен санап алмаса да, марал, елік көзге жиі ұшырайтын болған. Кейінгі жылдары Қарабастан арқар да ауғанды қойды.

Маралдар осылай жосады екен...

фы

Ұлттық парк қызметкерлері жуықта жол бойында топтасып жүрген еліктерді көрген. Әдетте елік, марал – әр сыбдырға елеңдеп тұратын үркек жануар. Бірақ қорық аумағында алаңсыз аяңдап бара жатқан еліктер адам қарасын бай­қаға­нымен, тұра қашпады. Жарықтық жануар да қауіптің жоғын сезетін шығар, кім білсін. Табиғат жанашырлары сұлу аңның қай маңда жүргенін дөп басып айтпады. «Адам аласы ішінде» дегендей, қару асынған қаскөйлер де жоқ емес шығар. Аш отырмаса да, аңшылыққа қызық үшін шығатындар жеткілікті. Алайда Тарбағатай паркі құрылғалы заңсыз аң аулау фактісі тіркеле қойған жоқ. Қазір мұнда аң атқанды қойып, қару асынып жүруге рұқсат жоқ. Егер заң бұзылса, айыппұлы аз емес. Жаза басса – жаза қатал.

Айтқандай, биыл қар қалың түсті. Қардың қалыңдығы дала аңдары үшін оңай соқпайды. Оны ойлаған Тарбағатай мемлекетті ұлттық табиғи паркінің қызметкерлері дала аңдарын қыстан шығару үшін ерте қамданады. Қар қалың түссін-түспесін, күздің күні елік, марал топтасады-ау деген ықтасын жерлерге шөп шауып қойған. Ағаш бүрлері байланған. Науаға жем-тұзы да себілген. Бірақ бұл биотехникалық жұмыстар да аздық еткен секілді. Қалың түскен қарда тебіндей алмағандары ауылға да түскен. Аша тұяқтылар елді мекенге жақын жүрсе де қауіп бар. Жуықта еліктің лағын ит талап кеткен. Мұндай оқиға қайталанбауы үшін инспекторлар биотехникалық жұмыстарды қыс ортасы қайта қолға алған.

– Дала тұяқтыларының еркін қыстап шығуы үшін бірнеше жерге жалпы салмағы бір тонна тұз қойылды. Екі тонна шөп әзірленді. 1 500 дана бұтақ байланды. Мұндай жұмыстар істелмеген жағдайда, елік, марал қорек іздеп, ауып кетуі мүмкін. Сондықтан жыл сайын қорек дайындау жұмыстарын жүргізіп отырамыз, – дейді аңшы-биолог, мемлекеттік инспектор Елена Красон.

Е.Красонның мәліметінше, күзгі санақ кезінде 196 бас елік есепке ілінген. Көктемде тағы санақ жүргізіледі. Азайса немесе көбейсе, себебі анықталып, аналитикалық жұмыстар және жүр­гізі­леді. Алайда айтып өткендей, аң саны көбеймесе, азайып келе жатқан жоқ. Тар­бағатайдың күнгейінде марал, елік жосып жүр. Инспекторлар қорасындағы малды күзеткендей, дала аңын да қориды. Күнделікті өздеріне жүктелген аумақты аралайды, аң кездессе түр-түсін, санын қағазға жазып қояды.

 

Абай облысы,

Үржар ауданы