Экономика • 16 Қаңтар, 2023

Ұлттық банк: базалық мөлшерлеме неліктен көтерілмеді?

177 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Ұлттық банктің Ақша-кредит саясаты комитеті базалық мөлшерлемені +/- 1 п.т. дәлізімен жылдық 16,75 пайыз деңгейінде сақтау туралы шешім қабылдады. Бұл шешім Ұлттық банктің болжамдарына инфляцияның сәйкес келуіне байланысты қабылданған. Айлық инфляция біртіндеп баяулап келеді, бірақ ол өзінің орташа жылдық мәндерінен жоғары күйінде қалып отыр.

Ұлттық банк: базалық мөлшерлеме неліктен көтерілмеді?

Коллажды жасаған Зәуреш Смағұл, «ЕQ»

«Ішкі және сыртқы инфляциялық үдеріс­тер динамикасы, сондай-ақ экономикалық өсу траекториясы Ұлттық банк болжамының базалық сценарийіне сәйкес қалыптасуда. Инфляциялық тәуекелдердің балансы проин­фляциялық күйін сақтап қалды. Себебі инфляцияның орнықты бөлігі жоғары қалып­тасып, инфляциялық күтулер қарқын алды. Логистикалық тізбектердің құрылымдық өзгеруі экономикаға теріс ықпалын тигізіп келеді. Сақталып отырған тәуекелдер базалық мөлшерлемені ұзақ уақыт ішінде ағымдағы мәндерде ұстап тұруды талап етеді», делінген Ұлттық банк хабарламасында.

Қазір инфляция Ұлттық банктің күтулеріне сәйкес қалыптасып отыр. Айлық инфляция динамикасы үш ай қатарынан баяулауды көрсетіп, 2022 жылғы қыркүйектегі 1,8 пайыздан желтоқсанда 1,2 пайызға дейін төмендеді. Көрсеткіштің төмендеуіне қарамастан, ол орташа жылдық мәндерден айтарлықтай асып (соңғы 5 жыл ішінде орташа алғанда желтоқсанда –  0,7 пайыз), жоғары қалпында қалды.

2022 жылдың қорытындысы бо­йынша, инфляцияның жылдық мәні 20-21 пайыз болжамды мән аралығында қалыптасып, 20,3 пайызды құрады. Жылдық инфляция құрамында азық-түлік тауарлары мен азық-түлікке жатпайтын тауарлар бағасы ең жоғары өсімді көрсетті. Ақылы қызметтер инфляциясы өзгеріссіз қалды, оған тұрғын үйді жалдау құнының төмендеуі мен реттелетін қызметтер бағасының баяу өсуі әсер етіп отыр.

Бұған орай халық та алдағы уақытта инфляция қарқынды өседі деп күтеді. Мұндай күту үлесі желтоқсанда 21,3 па­йыз болған. Көпшілік азық-түлік бағасының қымбаттап жатқанына және сыртқы оқиғалардың күрделене түсуіне қарап, инфляция өсімі тоқтай қоймайды деп қауіп қылады. Ұлттық банктің хабарлауынша, ақша-кредит талаптарын барлық жерде күшейту әсерінен көптеген елде, оның ішінде біздің сау­да серіктесіміз саналатын мемлекеттерде инфляциялық үдеріс баяулай бастайды. Бұл азық-түліктің әлемдік бағасының біртіндеп төмендеуімен қатар Қазақстандағы инфляцияға да әсерін азайтады деп болжайды Ұлттық банк сарапшылары.

«Экономиканың өсу траекториясы Ұлт­тық банк бағалауының жоғарғы ше­гі­­не жақын қалыптасты. Ұлттық ста­т­ис­­тика бюросының алдын ала ба­ға­­лауына сәйкес 2022 жылғы қаңтар-желтоқсанда ІЖӨ-нің өсуі 3,1 пайыз­ды құрады. Тұтыну импортының өсімі, бөлшек тауар айналымының тұрақ­ты динамикасы мен тұтынушылық кредит­теу көлемінің артуы байқалады. Проинф­ля­циялық тәуекелдер сақта­лып отыр. Инфляцияның негізгі тәуекел­дері – инфляциялық күтулер жоғары және тұрақсыз болған кезде сауда құры­лы­мының өзгерісі, жоғары азық-түлік инфляциясының сақталуы, әкім­шілік реттеу кезеңінен кейін ретте­летін тауар­лар мен көрсетілетін қы­змет­терге инфляцияның артуы, сон­дай-ақ жалғасып жатқан соғысқа қатыс­ты белгісіздіктің жоғары болуы. Әлем­дегі рецессия тәуекелдерінің аясын­дағы сыртқы сұраныс ахуалы, сон­дай-ақ логистикалық жағдайлар мұнай ба­ғасының траекториясына және эко­номикалық өсуге қатысты айтарлықтай белгісіздік туындатады», деп мәлімдеді Ұлттық банк.

Осыған байланысты, іс жүзіндегі инфляцияның базалық сценарийге сәйкес қалыптасуын ескеріп, қалып­тасқан тәуекелдер балансын назар­ға алып, Ұлттық банк базалық мөл­шер­­лемені көтеру циклін аяқтап қалуға жақындағанын жария еткен өз мә­лім­демесінде қалады. Базалық мөлшер­лемені одан әрі көтеру әлеуеті шектеулі.

Ұлттық банк төрағасы Ғалымжан Пірматовтың айтуынша, инфляция болжамдық траекториямен қалыптасуда.

«Тұтыну бағаларының айлық өсуі баяулап, былтыр желтоқсан айында 1,2 пайызды құрады. Еске сала кетейін, айлық инфляция қыркүйекте – 1,8, қазанда – 1,6, қарашада 1,4 пайызды құраған. Инфляцияның орнықты бөлігі­нің жоғары болып қалуы да алаң­дау­шылық тудырып отыр. Бұл проинфля­циялық ортаның сақталуын көрсетеді. 2022 жылдың соңындағы маусым­дық факторды ескермегендегі база­лық инфляцияның жылдық көрсеткіші 22,2 пайызды құрады. Инфляциялық күтулердің қарқыны басым. Олардың мәні желтоқсан айында сауалдама жүр­гізілген сәттен басталған уақыт ішін­дегі максимумды жаңартты. Инфля­цияны медианалық бағалау – 21,3 пайыз. Сауалдама деректері бойынша, азық-түлік бағасының өсуі, сыртқы жағдай мен отын бағасы инфляцияның өсуіне себеп болды. Жоғары инфля­ция­лық күтулер инфляцияның бола­шақта баяулап, төмендеуіне себеп болуы мүмкін», дейді Ғ.Пірматов.

Сыртқы инфляциялық ортаның жеңілдеуіне қарамастан, дамыған елдер­дің ірі орталық банктері қатаң монетарлық саясатты жүргізуде. АҚШ-тың Федералды резервтік жүйесі мен Еуропа Орталық банктің соңғы шешімі мөлшерлемелерді 4,5 пайызға және 2,5 пайызға көтеру болды.

«Осындай жағдайлар мен қысымның әлсіреуіне байланысты әлемдік энергетика мен тауар нарықтарында ұзақ уақыт ішінде алғаш рет тұтынушылық инфляция баяулады. Сауда серіктестері болып саналатын елдердің көбінде инфляция баяулауда. Қытайдағы инфляция желтоқсан айында 1,8 пайыз болды. Еуроодақта тұтынушылық инфляция энергия бағасының төмендеуінен 2022 жылғы қараша айында 11,1 пайыз­ға дейін баяулады. Ресейде инфляция 12,0 пайызға дейін баяулады. Осы фак­тор­лар­дың барлығы Қазақстандағы инфля­ция­ға төмендету ықпалын тигі­зеді», дейді Ұлттық банк төрағасы.

Оның айтуынша, қазір инфляцияның негізгі тәуекелдері мыналар:

  • Сауда құрылымының өзгеруі;
  • Жеделдеген инфляциялық күтулер;
  • Жоғары азық-түлік инфляциясының сақталуы;
  • Әкімшілік реттеу кезеңінен кейін реттелетін тауарлар мен қызметтер инфляциясының артуы;
  • Украинадағы соғысқа қатысты белгісіздік.

Ғ.Пірматов Ұлттық банктің 2023 жылғы негізгі міндеті – инфляцияны тұрақты түрде төмендету, орта мерзім­ді перс­пективада нысаналы бағдар дең­гейіне қайтару екенін жеткізді. Базалық мөлшерлеме бойынша кезекті шешім 2023 жылғы 24 ақпанда Астана қаласының уақыты бойынша сағат 12:00-де жарияланады.