Аймақтар • 17 Қаңтар, 2023

Қарағанды облысында 32 ауыл жаңғыртылады

429 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Биыл Қарағанды ​​облысында «Ауыл – ел бесігі» арнайы жобасына 32 ауыл қатысады. Әлеуметтік маңызы бар 33 жоба жүзеге асырылады, оның ішінде 22 елді мекеннің жолдары жөнделеді, деп хабарлайды Egemen.kz.

Қарағанды облысында 32 ауыл жаңғыртылады

Жедел кеңесте «Ауыл – ел бесігі» жобасының жүзеге асырылу барысы туралы экономика бөлімінің басшысы Татьяна Аблаева баяндады.

Өткен жылы «Ауыл – ел бесігі» бойынша 21 ауыл мен елді мекен абаттандырылып, қазіргі таңда онда 60 мыңға жуық адам тұрады. Тұрғындар үшін жаңа спорт нысандары, мектептер мен интернаттар салынып, мәдениет ошақтары күрделі жөндеуден өтті. Жолдарды да жөндеп жатыр.

«Биылғы жылы «Ауыл - ел бесігі» жобасы аясында 43 924 тұрғыны бар 32 ауылдық елді мекенді дамыту жоспарда бар. Бұқар жырау ауданы, Гагаринское ауылындағы мектептің қосымша құрылысы жалғасады. Бұқар жырау ауданының Ғ.Мұстафин атындағы ауылында және Абай ауданындағы Топареде ауылында екі дене шынықтыру-сауықтыру кешені салынады», деді Татьяна Аблаева.

Осакаров ауданы, Ақбұлақ ауылында орта мектеп қайта жаңғыртылады. Бес мәдениет ошағында күрделі жөндеу жұмыстары басталады. 

«Бір ауылдық елді мекен – бір жыл деген қағиданы ұстану керек. Аудан әкімдері «Ауыл – ел бесігі» жобасы аясында ауылдарды кешенді дамытудың жоспарларын дайындауы қажет. Барлық конкурстық процедуралардан дер кезінде өтіп, жобаларды жүзеге асыруға кірісу қажет», деді облыс әкімі Ермағанбет Бөлекпаев.