Әдебиет • 17 Қаңтар, 2023

Сенім күйреген күн

198 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Оның кейіпкерлері әлемнің әр түкпірінде нәзік түпкі сенімі мен көзге көрінер-көрінбес үміт жібіне ілініп өмір сүріп жатады. Шыбын кеп қонса, шырт етіп сынып түскелі тұрған қылдан жіңішке, бәлкім қылыштан өткір болуы мүмкін адамзаттың түпсенімі. Әйтпесе, күнделікті өмірде кісі баласының сенбейтіні жоқ. Тіпті түпкі сенімді діни, я болмаса басқаларымен шатастыруға болмайтын шығар.

Сенім күйреген күн

Тіршілікте түрлі дүниеге сенгені­мен, пенде баласының түпсенімі алапат әрі нәзік боларын Шыңғыс Айтматов шығарма­ла­ры­нан анық сезінесіз. Далада яки қалада болсын, қайсыбір қалтарыстан, не бір елеу­сіз тұстан өрмекшіні аңғарған боларсыз. То­қыған өрмегін көрмейсіз, әуелі өзін бай­қайсыз. Ол сол құрған торымен сырғиды да жүреді. Күн сәулесі түспей көзге көрінбес өрмек талдарын үміт жібіне балайық. Не түспейді ол өрмекке? Шыбын-шіркей, құрт-құмырсқаның қайсы болмасын бұ­зып өтем деп ілінеді де қалады. Ал өрмекші әлгі өрмегін құру арқылы өзінің тағдырын жа­сап жатқанын біле ме екен? Адамзат­тың сана-сезіміне осының өзі мысал бола алардай. Қашан ойың өзге­ріп, қараңғылықты бұзып шыққан кү­ні азаттықпен қауышасың. Сосын сені қандай тосқауыл тоқтатар екен, көрейік? Ал өрмекшінің торы өзін-өзі қамау емес пе?

Мүмкін олардың қатесі де сол, түп­­сені­мін талғажау етіп жүре бер­гені шығар. «Ақ кемедегі» аңыз­ға сен­ген, бәлкім түп­санасымен бұғы ту­ралы аңызға байланған же­тім бала (жарайды, ол бала ғой); сүйген жарының опасыздығына төзбей, өзінен көп жас үлкен орманшыға амалсыз барып қосыл­са да, жары іздеп келеріне сеніп өткен «Шынарым менің, шырайлым менің­дегі» келіншек; «Бетпе-бет» повесіндегі соғыс­тан қашып келген күйеуінің қылмысын жасырып, енесі мен баласына қоса ауыл­дағы­лар­ға білдірмей, үңгірге жасырын­ған қаш­қын күйеуін асы­раған жас босанған Сейде... Осы аталғандардың барлығы түпкі санасы мен сенімінің құрбанына айналып кете барғанымен, соңғысы – Сейденің орны бөлек.

Адамзаттың Айтматовы жа­зып қалдырған «Бетпе-бет» повесін оқысаңыз білесіз. Сейде кім, Ыс­майыл кім, соғыстың не екенін. Адам­затты ары мен ұятынан айырып, намысын жерге таптап, тәни де, рухани да жалаңаш қалдыра­тын жауыз күш – соғыс. Біз сондай алапат жауыз күшпен күрес­кен Сейденің сенімі айтуға әбден тұ­рарлық деп ойлаймыз. Күллі жұрттан ұрланып, бар ауыл­дан жасырынып, жақын-жуығының біріне білдірмей соғыстан қашып келген күйеуін баққан Сейденің сенімі және жал­ғыз сенімі не еді? Ол – көктем туа кәрі енесі мен әлі бір жасқа да тола қоймаған бала­сын алып, Ысмайылмен алыстағы шатқалдан асып, күйеуінің нағашылары­ның арасына барып сіңу ғана еді. Әулетімен онда қашып барғанда ар жағы не болады, күн көрісі қа­лай шешіледі, ауылдағылар түбі анығына жеткенде іздеп тауып бәрін бетіне баспай ма, мұның бірімен шатағы жоқ-ты. Себебі жас босанған келін Ысмайылын сүйетін. Жарының айтқанына сенетін. «Осы қыстан аман шығып алсақ, шат­қал асып, нағашыларыма барамыз. Екеуара баламызбен бақытты ғұ­мыр кешеміз», деп қашқын күйеуі сендіріп қойған. Сол бақытқа жету үшін басынан не кешпейді Сейде жазған? Таңертеңнен кешке дейін колхоз жұмысынан бас көтермей­тін ол түні бойы күйеуі тығылып жатқан үңгірге ұрланып тамақ апарып, жолдасын асырайды. Үйде кішкентай бөбегі мен кәрі енесі жә­не бар. Олардың жағдайын жасайды. Алайда Сейде бұдан қажып, дің­келемейді, салмақ көрмейді. Оны ішінен жейтіні – ауылдағы басқар­ма мен жесірлер Ысмайылдың қа­шып келгенін біліп қоя ма деген күдік. Кез­десіп қалған адамнан қуыста­нып, тізесі қалтырайды да жүреді. Біреу: «Біздің күйеуіміз майданда соғысып жатқанда, сен арам неме соғыстан қашып келген күйеуіңді жасырып жүріпсің ғой?», деп айтып қала ма деген ой мазалап бітеді. Басқарма басқа шаруамен шақырып қалса да, көшеде көрші әйел кездессе де күйеуін жасырып жүргенін бетіне салық қыла ма деп қуыстанумен болады. Жазушы ол сезімдерін шынайы суреттеп, диалогтермен өрбіткенде, сіз де қысылғандай күй кешесіз. Әрі әскери комиссариат Ысмайылға іздеу салған соң ел бұдан күдіктене бастайды ғой. Сейде сонда да сыр алдырмайды.

Қыс ортасынан ауа өзі ауру, балалары аш жүрген Тотой жесір­дің бұзаулағалы тұрған сиыры жо­ғалады. Аш-арық, ауру-сырқаулы бұл үй сол сиырдың бұзаулағанын күтіп отырған, құрығанда сүт болар деп. Сиырды қашқын күйеуі ұр­лап сойып, жарты етін үйіне әкеліп берген түні Сейденің таң атқанда шашы ағарып шығады. Енесін жалғыз қалдырып, баласын алып, төркіні­не тартып бара жатқанда, со­ңынан екі әске­ри ере шыққа­нын аңғарып, күйеуінің тығы­лып жат­қан жеріне бастап апарады екі солдат­ты... «Анау қамыстардың арасында», дейді ­ол соңынан қуып жеткен басқармаға. Ысма­­йыл үңгірден шықпай, басқарманы атып түсі­реді. Сейде баласымен күйеуінің үңгірі­не тура жүреді. Екі солдат екі бұрыш­та барма­уын өтініп айқайласа да, тыңдамайды. Жазу­шы айтады сонда: «Бетін лас тер жуған, жауатын бұлттай түнерген Ысмайыл Сейде­ге жақындап, бетпе-бет келгенде өзінің алдында бұрынғы Сейде емес, алып күшті, өз артықшылығын, адалдығын әбден түсінген, бурыл шашты қандай да бір ғажайып әйел­дің тұрғанын көрді. Сол сәтте Сейде оған асқар таудың басында тұрғандай болды. Ол өзін сол заңғар шыңның етегіндегі елеусіз төмпешіктей сезінді», дейді.

Тап осындай сюжетті шығарма орыс жазушысы Валентин Распу­тинде де бар. Онда, керісінше, жағ­дай қанша шиеленіссе де, әйелі әске­ри­лерге күйеуін ұстап бермейді. Ақыр аяғында күйеуіне бара жатып, суға батып өледі. Қай кейіпкердікі дұрысын оқырман өзі шешер...