Экономика • 17 Қаңтар, 2023

Сауда сөресіндегі отандық тауардың үлесі

413 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін

2022 жыл отандық сауда саласы үшін де оңай жыл болған жоқ. Сауда желілеріндегі сөрелер тез босап, ондағы тауарлар бағасы күрт қымбаттап кетті. Қазақстандағы азық-түлік өнімдерінің басты монополисі Ресей еді, ондағы жағдай нашарлаған соң-ақ сөремізді немен толтырарымызды білмей дағдарып қалғанымыз рас. «Кез келген дағдарысты мүмкіндік деп қарау керек» дейтін жаттанды нақылды тағы да іске қосқымыз келеді осы жерде. Мүмкіндік деп қарайтын болсақ, басымыздан талай дағдарыс өтті, соның бірінен сыналап жол тауып, кризисті кері аунатып жіберіп, оңтайлы қырын көрсете жөнелген кейс біздің экономикада бола қойған жоқ.

Сауда сөресіндегі отандық тауардың үлесі

Бірақ былтырғы дағдарыс дауылы қатты болды. Қазақстан экономи­касы тығырыққа әбден тірелді. Үкі­мет геосаяси дағдарыстан туын­­да­ған зор қиындыққа қарсы ың­ғайлы жоспар құра алмады. Сол себеп­ті бір­­неше рет Президент сыны­на да ұшы­рады. Дәл қазір халық үшін ең қа­жеттісі – азық-түлік пен тұ­тыну өнім­деріне қолжетімді баға, биз­нес үшін керегі – қолайлы шарт­тарға ие кә­сіп­керлік жобалар. Осы ретте Сау­­да және интеграция министр­лі­гі­не ха­барласып, биыл атқарылар жо­­ба­ларға қатысты сауалдар қойған едік.

Елімізде биылдан бастап заманауи сауда инфрақұрылымдарын жасау ісі белсенді түрде қолға алынып, аумағы 3-тен 50 мың шаршы метрге дейінгі сауда орталықтарына пайыздық мөлшерлемесін жылдық 6 пайызбен субсидиялап, 5 млрд теңгеге дейін несие берілмек. Бірінші кезекте осы мақсатқа 20 млрд теңге бөлінеді. Сауда және интеграция ми­нистр­лігінің хабарлауынша, қазір өр­кениетті сауда форматының үлесі 75 пайызға жеткен. Мұндай заманға сай сауда орталықтарының болуы тауар­лардың көлеңкелі айналымы проблемасын шешуге жағдай жасайды. 

Салалық ведомствоның бізге берген түсініктемесі бойынша, мем­ле­кеттік қолдау шарасы заманауи форматтағы сауда нысандарын құру есебінен сауда инфрақұры­лы­мын дамыту үшін қажет. Бұл орай­дағы басты мақсат – сауда алаң­дарының қолжетімділігін арттыру.

«Заңға сәйкес сауда орталығы – аралас ассортименті бар көптеген ішкі сауда субъектісі ұсынған сауда объектісі, 25 мың және одан да көп атаудан (бірліктерден) тұратын ассортимент көлемі, өз аумағының шекаралары шегінде (сауда желілеріне кіреді немесе кірмейді) автокөлік құралдарын қоюға арналған алаңы болады. Қазір­гі таңда жергілікті атқару­шы ор­гандармен бірлесіп қазіргі заман­ғы форматтағы сауда алаң­дары­ның қажеттілігіне талдау жүргі­зілуде», деп жауап берді. Бірақ біздің бірнеше сауалымыз сұраулы күйінде қалды. Атап айтқанда:

«Жылдық 6 пайызбен несие рәсім­дейтін сауда орындарының алдын ала тізімі бар ма?»

«Несиені алған сауда орталық­тары ол қаражатты қандай мақсатқа жұмсай алады?

«Мұндай тиімді несиені өндіру­шілерге де ұсыну жоспарда бар ма?»

«Несие қаражаты қайдан бөлінеді?».

Сауда саласындағы тағы бір ма­ңыз­ды мәселе – әлеуметтік маңы­зы бар өнімдер бағасын тұрақ­тан­­дыру жайы. Заңға сәйкес әлеу­меттік маңызы бар азық-түлік тауа­ры­на (ӘМАТ) шекті сауда үсте­­ме­сінің мөлшері өндірушінің сату бағасының немесе көтерме жеткізушінің сатып алу бағасының 15 пайызынан аспауға тиіс.

«Монополияға қарсы реттеу шаралары бойынша жүргізіліп жат­қан жұмыс шеңберінде бәсекелестік­ті қорғау саласындағы заңнаманы бұзушылықтарға жол бермеу, сондай-ақ ӘМАТ өндірушілерімен, сауда желілерімен және көтерме жеткізушілермен ӘМАТ сау­да үстемесін 15 пайыздан 10 па­йызға дейін төмендету бойынша монополияға қарсы комплаенс жасалады. Бұл келісімдер ерікті негізде іске асырылады. 2022 жылға тауық жұмыртқасы, ұн өндірушілерімен, сауда желілерімен және қант, күріш, қарақұмық, жеміс-көкөніс өнімдері мен сиыр етінің көтерме жеткізушілерімен 175 монополияға қарсы комплаенс актісі жасалды», делінген бізге ұсынылған жауапта.

Қазір ведомство Ауыл шаруа­шылығы министрлігі, Бәсекелес­тік­ті қорғау және дамыту агенттігі, «Атаме­кен» ҰКП, «Майлы дақыл­дар­ды қайта өңдеушілердің ұлт­тық қауымдастығы» ЗТБ және «Қазақстанның майлы май одағы» қауымдастығы» ЗТБ-мен бірлесіп ішкі нарықта күнбағыс майының бағасын тұрақтандыру бойынша іс-қимыл жоспарын әзірлепті. Соған орай, зауыттардан сауда желілеріне 10 пайыз сауда үстемесімен тікелей жеткізу көзделеді.

Ал сауда желілері өз сөресіне қазақстандық өнімдерді көбірек қоюға қаншалықты құлықты? Ми­нистр­ліктің хабарлауынша, Қазақ­стан Рес­пуб­­­ли­касының Ішкі сауда қағи­даларына сәйкес отандық өндірістің азық-түлік тауарлары жалпы сауда алаңының және (немесе) сөрелік кеңістіктің кемінде 30 пайыз сауда алаңында және (немесе) сөрелік кеңістігінде орналас­тырады.

«Қазақстандық өнімді жылжыту мақсатында «Қазақстанда жасалған» брендімен жалпыұлттық жобаны іске қосу жұмыстары жүргізілуде. Оның ішінде, «Қазақ­станда жасалған» ұғымына сәйкестік критерийлерін айқындау жоспарлануда. Өнімдегі жергілікті қамту үлесін ұлғайту бо­йынша отандық өндірушілерді ынталандыру мақсатында мемлекеттік қолдау шараларын негізінен отан­дық шикізатты немесе компонент­тер­ді пайдаланатын өндірушілердің пайдасына бағыттау ұсынылады. Сондай-ақ ішкі сауда ережелеріне отандық тауар өндірушілердің азық-түлік тауарын сауда желілерінің сөрелерінде орналастыру пайызын 30-дан 50 пайызға дейін ұлғай­ту бөлігінде өзгерістер енгізу туралы мәсе­ле пысықталып жатыр», делін­ген хабарламада.

Министрліктің хабарлауынша, азық-түлік тауарларының импорт­қа тәуелділігін төмендету үшін Үкі­мет жүйелі құжаттарды қабылда­ды. Мәселен, агроөнеркәсіптік ке­­шен­ді дамытудың 2021-2025 жыл­дарға арналған ұлттық жобасы шеңберінде импортқа тәуелді тамақ өнімдерінің әрбір бағыты бойынша нақты инвестициялық жобалар анықталып, іске асырылмақ.

«Нәтижесінде, 2024 жылдың соңына дейін қантты қоспағанда, өнімнің осы түрлері бойынша ішкі нарықтың қамтамасыз етілу деңгейін 100 пайызға, ал қант бо­йынша 80 пайызға жеткізу міндеті қойылды. Азық-түлік қауіпсіздігін қам­тамасыз ету мақсатында 31 іс-ша­раны көздейтін 2022-2024 жыл­дарға арналған азық-түлік қауіп­сіздігін қамтамасыз ету жоспары қабылданды. Бұл жоспар азық-тү­лік тауарларының физикалық және эконо­микалық қолжетімділігін, тамақ өнімдерінің сапасы мен қауіп­сіздігін қамтамасыз етуге бағыт­талған. 230 инвестициялық жобаны (2022 жылы – 80 жоба, 2023 жылы – 85 жоба, 2024 жылы – 65 жоба) іске асыру жоспарланған, бұл халықты отандық өндірістің азық-түлігімен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді», делінеді ведомство жауабында.

Осылайша, 2024 жылға қарай негізгі импортқа тәуелді тауарлар (алма, балық, шұжық өнімдері, ірімшіктер мен сүзбе, құс еті) бо­йынша 100 пайыз қамтамасыз етуге қол жеткізу жоспарланып отыр.

Бұған дейін Сауда және интеграция вице-министрі Арман Шаққалиев министрліктің сауда желілерін айналым схемалары бойынша қаржыландырудан бас тартып, өндірушілерді тікелей қар­жыландыра бастайтынын мәлім­деген еді.

«2023 жылдан бастап отандық ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер ақпанға дейін 2023 жылғы күзгі егінге қаражат алатын болады. Форвардтық ақша агроөнеркәсіп кешендеріне алдын ала келісімшарттар жасауға және өңірдің көкөністерге деген үш айлық қажеттілігінен өнім көлемі­нің 30 пайызын қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Яғни өндіруші­нің ішкі нарыққа көкөністер мен жемістерді жеткізу бойынша қарсы міндеттемелері болады», деген еді. 

Тағы бір міндет – ерте көкөніс­терді сатып алуды қамта­масыз ету. Оларды уақтылы сатып алу маусым­ара­лық ке­зеңде ба­ғаның күрт ауыт­қуын бол­дырмауға кө­мек­­теседі. Вице-министрдің ай­туынша, Тә­жік­стан мен Өз­бекстаннан пияз, сәбіз және қы­рыққабат жет­кізу бойынша алдын ала келісім­дер жасалған. Сондай-ақ Иран мен Пәкі­станнан көкөністерді им­порт­­­тау мәселесі пысықталуда. Өңір­­лік тұрақтандыру қорлары сәуір мен маусым аралығында нарық­ты көкөністермен қамтымақ. Олар­дың негізгі міндеті – бағаның маусымдық ауытқуына жол бермеу.

Ведомство мәліметі бойынша, қазіргі уақытта өндіріс көлемі ха­лықтың қажеттіліктерін өтемейтін 19 әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының тізбесі анықтал­ды. Бұған, атап айтқанда, сүт және сүт өнімдері, сондай-ақ тауық еті кіреді.

А.Шаққалиевтің айтуынша, 2023 жылы республикалық бюджет нақ­тыланғаннан кейін ірі тауар­лы сүт фермалары мен тауық етін өндіруді ұлғайтуға шамамен 400 млрд теңге бөлу жоспарлануда. Бұл ретте қаражат атаулы ба­ғыт­талады. Еңбек өнімділігі жоға­ры және тауар айналымының қада­ғалануы бар тәжірибелі тауар өн­діру­шілер мемлекеттік субсидия­ны алу мүмкіндігіне ие болады. Мін­детті талап – барлық өнім тек елдің ішкі нарығына жеткізілуі керек.