Ақыл-ойы тежелген балғындар көп
Бұл салада кейінгі жылдары ауыз толтырып айтуға тұрарлық шаруа жүзеге асырылды десек те, арнайы мамандар мен сапалы оқулықтың жетіспеушілігі, еңбекақының аздығы ерекше балалардың барлығын қамтуға мүмкіндік бермей отыр. Өңірлік білім беру басқармасынан сұрап білгеніміздей, қазіргі уақытта облыста 6 928 ерекше бала бар болса, оның ішінде 1 813-інің мүмкіндігі шектеулі деп танылған. Жасөспірімдердің дені Павлодар мен Екібастұз қалаларында тұрса, ауылдық жерлер бойынша Павлодар, Тереңкөл, Баянауыл аудандарында кейінгі жылдары психологиялық дамуында тежеліс бар бала-
лар саны әдеуір артқаны байқалады.
Ерекше қажеттіліктері бар балалар өз құрбы-құрдастарымен тең деңгейде білім алуға құқылы. Әр балаға қоғамға пайда келтіруге және оның толыққанды мүшесі болуына мүмкіндік беру инклюзивті білім берудің негізгі мақсаты дейді мамандар.
Ең әуелі бұл ерекше білімге заң тұрғысынан қандай мәртебе берілгенін шолып өтейік. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2021 жылы инклюзивті білім беруді дамыту жөніндегі заңға қол қойғаны мәлім. Білім және ғылым министрінің 2022 жылғы 12 қаңтардағы «Ерекше білім беру қажеттіліктерін бағалау қағидаларын бекіту туралы» №4 бұйрығына сәйкес балалардың ерекше білім беру қажеттіліктерін бағалау (ЕББҚБ) мектепке дейінгі ұйымдарда, орта білім беру ұйымдарында, психологиялық-медициналық-педагогикалық консультацияларда (ПМПК) жүзеге асырылады. Бұл бағалауға балалардың қажеттіліктерін оқу үрдісінде анықтау, оқуда қиындықтары бар балаларды тереңдетілген тексеру, ПМПК бойынша балалардың дамуын бағалау, психологиялық-педагогикалық түзету кабинеттеріндегі балалардың ЕББҚ пәнаралық командалық бағалауы енетінін айтып өтейік.
Былтыр осы өзгерістерге сәйкес жалпы білім беру мектептеріндегі ұжымға көмекші педагог-ассистент мамандықтары енгізілді. Қазіргі күні облыстағы ерекше білім беру қажеттіліктері бар балаларды қолдау үшін 51 педагог-ассистент жұмыс істейді. Олардың 37-сі Павлодар қаласында қызмет көрсетеді. Бұған қоса мектепке дейінгі және жалпы білім беру ұйымдарында 334 арнайы педагог еңбек етіп жүр.
Өкінішке қарай, Павлодар облысында жыл санап ерекше педагогикалық тәсілді қажет ететін балалардың саны артып келеді. Психикалық-физикалық даму ерекшеліктеріне байланысты олар қарапайым құрбыларымен тең дәрежеде мектеп бағдарламасын меңгере алмайды. Мұндай балалар соңғы уақытқа дейін арнайы түзету мектептері мен мектеп-интернаттарында тәрбиеленіп, оқытылып келгені мәлім. Инклюзивті білім беруді енгізу, яғни ерекше балаларды қоғамға кіріктіруге, дені сау құрбыларымен бірге оқуға және қоғамның толыққанды мүшесі болуға көмектесу бойынша реформалар жүргізіле бастағалы олар әдеттегі мектептерге барып білім алып жатыр. Осы мақсатта соңғы жылдары барлық орта білім беру мекемелерінде психологиялық-педагогикалық қолдау қызметі құрылған. Ал 2018 жылы қолдау қызметінің мамандарына қанатқақты режімде көмек көрсету үшін Павлодар қаласындағы №26 орта мектеп базасында Ресурстық орталық та ашылды.
Науқас баласымен ауданға сабылып жүр
Қоғамда дамуы тежелген балаларын инклюзивті орталықтарға бергісі келетін ата-аналар өте көп. Инклюзияны қолдау жөніндегі кабинеттің әдіскері Зүлфия Кәрімбаева тек өзі білетін 200-дей ана балаларын арнайы орталықтарға орналастыра алмай отырғанын айтып, қынжылды. Жекеменшік орталықтарда мүлде орын жоқ. Әрине, жекеменшік ұйымдарда балабақшаға, мектеп жасына дейінгі балалармен жеке шұғылданатын мамандар жұмыс істейтіндіктен, нәтиже баршылық. Көбі жеткіншектерін сонда бергісі келетіні түсінікті. Алайда орын жетіспеушілігі қаншама ата-ананы тығырыққа тіреп отыр.
Екінші тұрғыдан алғанда, жекеменшік білім беру ұйымдарының қызмет ақысын екінің бірінің қалтасы көтермейді. Мемлекет мүгедектігі бар балаға, оның асыраушысына жәрдемақы төлейтіні рас. Алайда ол қаражат баланың ем-домы үшін қажеттіліктерден артылмайды.
– Жекеменшік орталықтарда емдік дене шынықтырудың бір сабағы – 5 мың, арнайы бассейнде жүзу 3,5 мың теңгеден басталады. Мұндай қызмет түрлерінің кейбірін мемлекеттік мекемелерден табуға болады. Алайда оларға бару үшін кемінде 2-3 ай кезек күтуге тура келеді. Баланың физикалық дамуын тежелтпеу үшін мұндай жаттығулар үзілмеуге тиіс қой. Бұл жалпы дене жаттығуына ғана қатысты проблемалар. Ал инклюзивті білім берудегі мәселелер одан да асып түседі. Инклюзивті білім берудің бір айлық құны 40 мың теңгеден 200 мың теңгеге дейін жетіп тұр. Жуықта сонау Екібастұз қаласынан үш бірдей мүмкіндігі шектеулі баласын жетектеп облыс орталығына келген ананы кездестірдім. «BrainPark» деп аталатын жекеменшік оқу ұйымы екі баласын ақылы, үшіншісін қайырымдылық жасап тегін түрде қабылдапты. Екібастұзда қажетті мамандар жетіспейтінін айтты. Отбасы барлық тапқан табысын сол үш балапанының дамуына жұмсап отыр. Мұндай мысалдар айта берсек көп. Әсіресе ең күрделі мәселе ауылдық жерлерде қалыптасқан. Железин ауданындағы Береговой ауылында тұратын бір отбасы аутизмге шалдыққан баласын аптасына бір мәрте аудан орталығындағы логопедке әкеледі екен. Баланың сөйлеу дағдысын дамыту үшін онымен логопед емес, дефектолог күн сайын жұмыс істеуі керек. Сондықтан ауылдық жерлерге арнайы орталықтар, мамандар қажет дер едім, – дейді З.Кәрімбаева.
Тағы бір кемшілік, облыста тьюторлар, яғни педагог-ассистенттердің жетіспейтіні де байқалады. Ата-ана баласын әлдебір инклюзивті оқыту мекемесіне бергенде үйінен алып кететін педагог-ассистенттерді іздеп, әлекке түсіп жатады. Бұған дәлел, жақын мектептерден арнайы маман іздеген жарнамаларды көзіміз жиі шалады.
Өңірлік білім беру басқармасы басшысының орынбасары Роза Ақанова қазіргі таңда мектепке дейінгі мекемелерде, жалпы білім беру мектептерінде, колледждерде 4 355 бала инклюзивті білім берумен қамтылғанын жеткізді. Бұл өңірдегі ерекше балалардың 62,8 пайызын құрайды. Тағы 1 643 жеткіншек пен жасөспірім арнайы балабақшаларға, мектептер мен мектеп-интернаттарға барып жүр. Сөйлеу тілі бұзылған және психикалық дамуы тежелген балаларды оқыту үшін облыстағы мектептерде 108 арнайы сынып құрылған. Оларда психикалық дамуы тежелген, көру және есту қабілеті бұзылған, сөйлеу қабілетінің ауыр бұзылыстары бар балалар, аутизмге шалдыққан және тірек-қозғалыс аппараты бұзылған балалар білім алады. Бұған қоса 183 логопедиялық орталық ашылып, Павлодар, Екібастұз, Ақсу қалаларында, Ақтоғай, Баянауыл, Май, Павлодар, Тереңкөл аудандарында педагог-ассистенттің мөлшерлемесі енгізілді. Тек былтыр 811 мұғалім инклюзивті білім беру бойынша біліктілікті арттыру курстарынан өткен.
Павлодар қаласының №2, 6, 18 және М.Әлімбаев атындағы орта мектептерінде, Екібастұздың № 10 мектебінде бүгінде инклюзияны қолдау кабинеттері нәтижелі жұмыс істеп жатыр. № 6 орта мектептің директоры Сәлима Қалиасқарова әр баланы қоғамға тартып, әлеуметтендіру үшін дефектологтер мен психологтер талмай еңбек етіп жатқанын жеткізді. Талапқа сай мұнда 9 баланы қабылдау керек болған. Алайда ата-аналар өтінген соң олардың саны бүгінде 13-ке жетіпті. Әр педагог-ассистент белгілі бір оқушыға жауаптанып, күні бойы сонымен жүреді.
– Инклюзияны қолдау кабинетінде 1-ден 6-сыныпқа дейінгі балалар білім алады. Оқушылардың кейбірі барлық сабақты өтсе, енді бірі кейбір сабақтарға қатыспайды. Өз ортасына бейімделуі, үзіліс барысында, асханада өзін-өзі ұстауы, ақпаратты қабылдауы, сабақ үлгерімі, барлығы бақыланып, даму көрсеткіштері қағазға түсіріледі. Арнайы комиссия жыл сайын соған орай қорытындыларын түзіп отырады. Кейбір балаларда нәтиже аз болса, арнайы түзету мектептеріне жіберіледі. Бірақ ата-аналар ондай мекемелерге балаларын жібергісі келмейтіні анық. Психологиялық тұрғыдан қиындау. Сондықтан біз, тьюторлар қолдан келгенше көмектесуге тырысамыз, – дейді мектептегі инклюзияны қолдау кабинетінің әдіскері Зүлфия Кәрімбаева.
Негізі дамуында кемістік бар оқушылар кейін мектеп, колледж бітірген соң да үлкендердің көмегіне мұқтаж болып қала береді. Ондай бозбалалар мен бойжеткендер қоғамдық көлікте жолақысын өзі төлеп, үйге келетін коммуналдық қызмет төлемдерін ажыратып, интернет арқылы төлем жүргізе білсе, соның өзі үлкен нәтиже дейді маман.
Арнайы кабинет арқылы №6 мектепте қазірдің өзінде өз қабілеттерін байқатқан оқушылар аз емес. Мысалы, 6-сынып оқушысы Настя Резанько ағылшын тілі бойынша олимпиадаларда үздік нәтиже көрсетіп қана қоймай, суда жүзуден қалалық сайыста 2-орынға ие болған. Ал 6-сыныптың тағы бір оқушысы Арнұр Қожан музыкалық байқауларға қатысып, шетелде өткен фестивальдерде бақ сынап келген.
Өңірдегі инклюзивті білім беру саласында кең ауқымды жұмыстың жүргізілгеніне қарамастан әлі де болсын 930 бала оқумен қамтылмағанын айту керек. Оның 324-іне психикалық дамуы ауыр жағдайда тежелген, оқуға жатпайды деген диагноз қойылыпты. Тағы 409 бала 3 жасқа толмаған және 197 жеткіншек әлеуметтік қорғау, денаулық сақтау органдарымен қамтылған. Бұл балалардың қоғамға сіңісуі, дамуы бойынша келешекте мәселелер туындауы ғажап емес.
Оқу-ағарту министрлігінің нормативтік-құқық актіне назар салсақ, 50 мың балаға 1 ПМПК қарастырылуға тиіс екен. Ал Керекудегі бұл көрсеткіш 67 227 баланы құрайды. Мұны ескерген жергілікті билік биыл Ақсу қаласында арнайы консультация бөлімшесін және облыс орталығында 5 инклюзияны қолдау кабинетін ашуды жоспарлап отыр. Осы ретте биылдан бастап өңірімізде алғаш рет балаларды коррекциялық қолдаумен қамтуды арттыру мақсатында арнайы психологиялық-педагогикалық қолдауға және ерте бастан түзетуге мемлекеттік білім беру тапсырысын бөлу жоспарланып отырғанын айтып өтейік. Бұл жалпы саны 250-ден аса баланы қамтиды және жекеменшік орталықтардың құзыретіне беріледі.
«BrainPark» және «GamePark»
Қазір баласына инклюзивті білім іздеген жергілікті ата-аналар арасында «BrainPark» деп аталатын орталық мақтаулы. Мұндағы мамандардың біліктілігі, басшылықтың үнемі ізденіс үстінде жүретіні, жаңа технологияларды елдің алды болып енгізетіні жиі айтылады.
Жекеменшік ұйымның басшысы Жанар Әубәкірованы әңгімеге тартып, бұл салада білім берудің қиындығы жайында сұрадық. Орталық 2020 жылы құрылыпты. Сол уақыттан бері 200-ден аса баланы оқытып үлгерген.
– «BrainPark» атауы ана тілімізге аударғанда «Миды жетілдіру паркі» деген мағынаны білдіреді. Мұнда арнайы педагогикалық және нейротиптік оқу қатар жүргізіледі. Яғни ақыл-есі толық сау балалар мен ой-сана дамуында ақауы бар балалар бірге оқытылады. 20 мұғаліміміз күнделікті 52 балаға сабақ оқытады. Бұған қоса тағы 20 нейротипті бала сабаққа қатысады. Біз балаларды өте ерте жастан, 18 айға толғанда қабылдай береміз. Тіл ұстарту, сөйлеу дағдысын жетілдіру бойынша тәжірибеміз мол. Бала 3 жасқа толғанша жалғыз өзі отырып оқытылады. Бізден оқып шыққан балалардың көбі арнайы балабақшаға емес, әдеттегі балабақшаларға бара береді. Қоғамға тез бейімделу үшін мамандарымыз барлық білім беру мүмкіндігін пайдаланады, – дейді ұйым басшысы.
Жанар Төлегенқызы отандық инклюзивті білім беруде бірқатар проблема барын жеткізді. Ең әуелі қазақ тіліндегі оқулықтар мен кітаптар жоқтың қасы. Мәселен, мұнда орыс тіліндегі жұмыс дәптерлерінің 50-ден аса түрі бар болса, ана тілімізде тек біреуі ғана қолданысқа енгізілген. Оның өзінің көрнекілігі төмен. Мемлекеттік тілде жазылған бірен-саран әдістеме аударма түрінде келеді әрі сапасыз дайындалған. Филологиялық тұрғыдан алғанда орыс тілінен аударылған кітаптар қазақ тілінің формасына сай емес. Сондықтан еліміздің ғалымдары Ресейдің Санкт-Петербург қаласындағы әріптестерімен бірлесіп қазақ тілінде сапалы оқулықтар шығаруды ойластырып жатыр. Ал әзірше қаншама ата-ана дамуы кенже қалған балаларын орыс тілінде оқытуға мәжбүр болып отыр.
Мұнда қалыптасып отырған тағы бір мәселе – кадр жетіспеушілігі. Орталыққа дефектолог, логопед, олигофренопедагог мамандары қажет. Аймақтағы инклюзивті білімге деген сұраныстың тым көп болуы маман жетіспеушілігінің салдары деп санайды білікті маман. Бір ғана «BrainPark»-ке 100-ден аса бала резервте тұр.
– Әр баланың қабілеті әртүрлі. Кейбірі информатиканы, компьютерді жақсы меңгеруі мүмкін. Олардың бойынан байқаған талабын ұштауды өзімізге мақсат етеміз. Нәтижесінде, көптеген оқушы мектепке ауысқанда математикадан, информатикадан өздерінің жақсы үлгерімдерін байқатады. Тағы бір балалар роботтехникамен, химиямен әуестенеді. Бұл балғындардың да ерекшелігін ескерген абзал. Ерекше балалар тәрбиесінде барлық мүмкіндік қамтылады, – дейді Ж.Әубәкірова.
Атап өтерлігі, «BrainPark» орталығының дамыту ойыншықтары мен дидактикалық материалдарды шығаратын «GamePark» деп аталатын инклюзивті цехы да бар. Павлодардағы шағын индустриялық аймақта орналасқан цехта көбіне мүмкіндігі шектеулі жандар еңбек етеді. Бұл жерде ағаштан түрлі кескіндемелер, көрнекі құралдар ойылып жасалады. Ойыншықтар мен дидактикалық үлгілер тек инклюзивті білім беруге арналмаған, әдеттегі балабақша мен бастауыш сыныптар үшін де мұнда қажетті дүниелер баршылық. «GamePark» өнімдерін облыспен қатар, Астана, Алматы, Атырау қалаларынан тұрақты сатып алатын ұйымдар бар көрінеді. Сапа тұрғысынан Қытай мен Ресейде жасалған ағаш бұйымдардан артық болмаса, кем емес.
Бір ерекшелігі, ұйым соңғы уақытта қазақ тіліндегі көрнекі құралдар мен ойыншықтар шығаруға ден қоя бастаған. Түрлі санауыштар мен есептегіштер, бояғыштар, түс алмастырғыштар, құрастырғыштар ана тілімізде жасалып, қызыл-жасыл бояуымен көздің жауын алады. Оларға сұраныс та артып, тапсырыспен жұмыс істей бастаған.
Жалпы, Қазақстандағы инклюзивті білім беру саласы 15-16 жасқа дейінгі азаматтарға ғана арналған. Ал әрі қарай бозбалалар мен бойжеткендер ешбір дамусыз отырып қалады. Еуропа мен АҚШ елдерінде бұл мәселемен күресу үшін түрлі қорлар құрылған. Осы тәжірибені елімізде кеңінен енгізсе артық болмас еді. Бұл салаға қызығушылықтың аса жоғары болмауына педагог-ассистенттер еңбекақысының төмендігі де әсер ететіні даусыз. Бүгінде мектептердегі әлгіндей мамандардың жалақысы 150 мың теңгеден басталады. Жауапты министрлік жоғарыда аталған мәселелерге зейін қойып, түйткілдердің түйінін тарқатудың жолын табады деген үміттеміз.
Павлодар облысы