Аймақтар • 18 Қаңтар, 2023

Мұралға арналған аудиогид

399 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Кейінгі кездері шаһарлардың тас қабырғаларына тіл бітірген бейнелеу өнерінің бір биігі – мұрал сәнге айналды. Одан Қарағанды да қалыс қалған жоқ. Бүгінде мұнда ұзын саны он бір мұрал бар.

Мұралға арналған аудиогид

Көпқабатты үйлердің тұтас бір қа­бырғасын алған, шаһар­дың сұрқай келбетіне түрлі-түсті бояу қосқан туын­дыларды қарағандылықтар жылы қабыл­дағаны белгілі. Алғашқы мұрал 2020 жылы салынса, содан бері кеншілер астанасының әр бө­лігіндегі әсем өнер көпшіліктің көз­айымына айналды.

Жарқын жобаның бастамашысы Урбанистика орталығы еді. Сұрғылт қаланың шырайын кір­гізгісі келген жастар бүгінде сол мұралдар туралы аудиогид жа­сап шығарды. Онда әрбір мұрал жө­нінде аудиотаныстырылым жа­зылған. Сол арқылы әр мұрал­дың бейнелену барысы, оның күр­де­лілігі және эстетикалық мәні туралы ақпарат беріледі. Сондай-ақ аудиогидтің картасында мұрал орналасқан мекенді де көре аласыз. Егер мұрал ұнап жатса немесе өзге де ой-пікір қал­дырғыңыз келсе, мархабат. Жобаны жасаушылар оған да мүм­кіндік береді.

«Аудионұсқаулық тегін. Оны izi.travel/ru сайтынан немесе PlayMarket және AppStore арқылы IZI.travel қосымшасын жүктеп алу арқылы тыңдауға болады», дейді жоба авторлары.

 

ҚАРАҒАНДЫ