Кездесу барысында алға қойылып отырған мақсат, міндеттер, сонымен қатар сервисті одан әрі дамыту мәселелері талқыланды. Қазіргі уақытта компанияның басқа қалалар нарығына шығуы қарастырылып жатыр. Министрдің пікіріне қарағанда, Aparu-да Uber немесе ЯндексGo сияқты алпауыттарға бәсекелестік жасай алатындай барлық мүмкіндік бар.
«Мен қазақстандық сервистің бәсекеге қабілетті бола аларына сенемін. Мысал ретінде 10 жылдан бері жолаушылар тасымалымен айналысып келе жатқан отандық «Aparu» компаниясын айтар едім. Aparu 10 жылдан бері Өскеменде такси қызметі ретінде жұмыс істейді және тұрғындар арасында сервистің танымалдылығы өте жоғары. Үлкен көлемдегі сұраныс сапалы ұсыныс пен қызмет көрсетудің жоғары деңгейіне әсер етіп отыр. Соңғы жылдары бұл сервис күніне 50 мыңға жуық тапсырыс қабылдай бастады. Осы компанияның басшысы Ерлан Шаяхметовпен кездестім. Қай жерде бәсеке болса, сол жерде даму бар. Біз өз тарапымыздан қазақстандық компанияларды қолдауға және олардың әрі қарайғы өсуіне жағдай жасаймыз», деді Б.Мусин.
Еске салайық, елімізде Uber, InDrive және ЯндексGo сервистері өте танымал. Айтпақшы, соңғысының бағаны негізсіз көтеруіне байланысты дау әлі аяқталған жоқ. «Яндекс.Такси» үлесі Алматы қаласы бойынша 2020 жылы – 83,78 пайыз, 2021 жылы – 84,34 пайыз, 2022 жылдың бірінші жартыжылдығында 95,3 пайызды құраған. Астана қаласы бойынша 2020 жылы үлесі – 60,7 пайыз, 2021 жылы – 67,3 пайыз.
«Яндекс.Таксидің» бүгінгі жағдайы оның 2 жыл немесе одан да көп уақыт ішінде тұрақты өсуін көрсетеді. Бұл нарықтағы жалпы жағдайды бақылауға және айтарлықтай әсер етуге мүмкіндік береді. «Яндекс.Такси» комиссиясы қосымша құн салығы есебімен 17 пайызды құрайды. Бұл ретте «Яндекс.Такси» бәсекелесінің ең жоғары нарықтағы комиссиясы – 12,5 пайыз. Сондықтан «Яндекс.Такси» комиссиясы нарықтағы ең жоғарғы көрсеткіштен 36 пайызға көп. Бұдан бөлек, «Яндекс.Таксиден» басқа жүргізушілерден 4 пайыздан тұратын комиссияны серіктес таксопарктері де алады. Ал бұл Қазақстан Республикасында жол жүру құнының жалпы қымбаттауына әкеліп соғады», деп мәлімдеген еді Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің өкілдері.
2022 жылы 29 желтоқсанда Алматы қаласының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік соты Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің Алматы қаласы бойынша департаменті шығарған бұйрықтың күшін ішінара жою туралы шешімін шығарды. Негізгі себеп – тергеуге дейін 2022 жылғы талдаудың болмауы. Сот «Яндекс.Такси» тарапынан заңнаманы бұзу белгілері барын расталғанын келтіріп, уәкілетті орган тиісті талдау жүргізілгеннен кейін 2022 жылғы қызметі үшін тергеу ашуға құқылы деді. Осыған байланысты монополияға қарсы органның тергеуі жалғасатын болады. Бүгінгі таңда Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі «Яндекс.Таксидің» 2022 жылы монополиялық жоғары бағаларды белгілеу тұрғысынан әрекеттерін талдауда.
Осы ретте «Яндекс.Таксиге» қатысты тергеуді бастауға клиенттердің компания белгілеген жоғары бағаға, ал жүргізушілердің комиссия көлемімен келіспейтіндіктері туралы көптеген шағым негіз болғанын еске салу қажет.