Қоғам • 18 Қаңтар, 2023

IT-маман саны артады

437 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Еліміздегі 49 жекеменшік IT-мектепте Tech Orda бағ­дарламасы бойынша IT-мамандарды даярлау басталды. Бұл Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаевтың білікті IT-мамандарды даярлау бойынша тапсырмасын орындау аясында жүзеге асырылып отыр.

IT-маман саны артады

Бұған дейін Мемлекет басшысы елімізде 2025 жылға де­йін 100 мыңнан кем емес кө­лемде заманауи игіліктерді ер­кін меңгерген IT-маман дайын­дау туралы міндет жүктеген еді. Astana Hub ІТ-стартаптар ха­лық­аралық технопаркінің басшы­сы Мағжан Мәдиев­тің айтуынша, сол 100 мың талапкердің 20 мыңы Цифрлық даму ми­нистрлігінің бастамасымен, Astana Hub базасында әзірленген Tech Orda бағдарламасымен оқы­тылмақ. Мұнда студенттер веб-әзір­леуді меңгеріп, Big Data, Blockchain, 3D-дизайн жасауды, бағдарламалық және аппарат­тық қамтамасыз етуді, мобильді қо­сымша жасауды үйренеді. Оқу қазақ, орыс және ағылшын тілдерінде жүргізіледі.

«Аталған бағдарлама аясында министр Бағдат Мусин білікті кадрлар даярлауға мамандан­ған отандық жекеменшік IT-мек­тептерге қолдау көрсетуді тап­сырды. Оқу ұзақтығы 6 айдан 2 жылға дейін созылады. Бұл бағдарлама бойынша IT-мамандардың алғашқы толқыны 2023 жылдың ортасында бітіріп шығады», дейді ол.

2021 жылы Tech Orda бағ­дар­ламасының қанатқақты ­жобасы 100 студентті қамтып, әрбірінің 600 мың теңге қар­жылық қолдау алуына жағ­дай жасады. 2022 жылдың қыркүйек айында Tech Orda бағдарламасының ауқымын кеңейтуі аясында IT саласында қазақстандық қызметкерлерді даярлау үшін ваучерлер алуға жеке IT-мектептерден жаңа өтінімдер қабылдана бастады.

70 өтінімдегі әрбір мектеп пен курстың деректеріне сүйене отырып, тәуелсіз комиссия IT саласының әртүрлі бағытында­ғы 146 курсты ұсынатын 49 қаты­сушы мектепті таңдады. Нәти­жесінде, алгоритмнің арнайы әзірленген математикалық мо­делі негізінде мектептер арасын­да 3 мыңнан астам ваучер таратылды.

Бағдарламаны әзірлеу ке­зінде Қазақстан аймақтарында IT-білім беруді қолдауға ерекше көңіл бөлінді. 2021 жылмен са­лыстырғанда өңірлердегі IT мек­тептер саны әлдеқайда кө­бейген. 17 IT-мектеп (35 пайы­зы) өңір­лерде орналасқан. Қызыл­орда, Орал, Ақтау, Ақтө­бе қала­ларында 1 мектептен бар болса, Қарағандыда – 2, Шым­кентте – 2, Павлодарда – 3, Аты­рауда 3 мектеп бар.

Содан кейін мектептер бір ай ішінде таңдаған IT маман­дығының ерекшелігіне және әле­уетті үміткерлердің дайын­дық деңгейіне байланысты сту­денттерді іріктеудің бірнеше кезеңін өткізді. Ваучер алған студенттермен тізімдер негізінде Astana Hub және бағдарламаға қатысушы мектептер арасында келісімшарттар жасалды. Былтыр мектептерге әлеуетті студенттерден 16 мың өтінім келіп түскен. Нәтижесінде, 3 068 студент IT саласын кәсіби дамыту жолындағы өз жолдарын бастап кеткен.

Қызмет түрі мен маманды­ғы­на қарамастан, 18 бен 45 жас аралығындағы барлық ниет біл­дірген Қазақстан азаматы Tech Orda бағдарламасы бойын­ша білім алу мүмкіндігіне ие.