Аймақтар • 18 Қаңтар, 2023

Тәулік бойы тыным таппайтын тігінші

382 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Көне ғұрып қолөнерді заманға сай лайықтап, кәсіп қылуға болатынын дәлелдеген жастарды көргенде жүрегіңіз жылиды. Әуелі, дәстүрді жаңғыртып, жаңартып, ХХІ ғасырға алып шыққаны үшін. Салт-дәс­түр­ді сабақтағаны үшін. Ғұрыпты ұмыт қал­дырмағаны үшін. Осының бәріне жүрек ел­жірей­тіндей-ақ қой. Қарағанды қаласында тұратын Жанерке Ахметжанова осылайша тәңір берген несібесін теріп келеді. Еңбегімен өнген жас кәсіпкер «көз – қорқақ, қол – батыр» дейді.

Тәулік бойы тыным таппайтын тігінші

Қазір кәсіп қыламын, еңбек етемін деген адам­ға мүмкіндік бар. Мемлекеттік қолдаудың түрлі бағдарламасы қарап отырмайтын кісіге көп көмек. Тың идеялардың толағай табысқа бастайтынын бұқара осы күні жете түсінді. Өзін де, өзгені де жұмыспен қамтып, тәуір тұр­мыс кешіп жатқандар солайша тәуекелге бел буғандар.

Жанеркенің «Ерке» ателье­сі­нің жұмыс бас­та­ға­ны­на небәрі жыл жарым уақыт болды. Содан бері тапсырыс берушілері де, өнімдерінің де қатары молайған. Облыс әкімі грантын жеңіп алған Жанерке құрақ көрпе, ою көрпе дегеннен бастап, қыз ұзату, тұ­сау­кесер тойына қатысты түрлі тапсырыс қабылдайды екен.

– Ателье ашылғанына бір жарым жыл болып қалды. Осы уақытқа дейін тұтынушылар айтар­лық­тай көбейді. Грант ар­қылы ісім өрге жүзді. Бұл грант – іс бастайтын жастарға зор қолдау. Әзірге өзім ғана жұмыс істеп отырмын. Алдағы уақытта көмекші алу жоспарда бар. Бүгінде менің қолдаушым, әрі тірегім Құдай қосқан қосағым – Мадияр Мақанов пен алтын енем. Осы шаңырақтың та­балдырығын ке­лін ретінде аттағалы көмек­те­рін аянып қал­ған кезі жоқ. Тіпті тапсырыс­тар­ды үлгермей қалатындай жағдай туса, түнімен бірге жұ­мыс істеп, көмек қолын созады. Келін болып түскенде, өз ісімді бастағым келді. Бастамама енем қолдау көрсетті. Алтын енем іс тігетін машинка алып берді. Ең алғашқы тапсырыс карантин кезінде түсті. Бетперде тігуге тапсырыс берілді. Бір түнде 100-ден аса маска тіккен едік. Кейін грант ұтып алған соң іс ма­­шинаның қуаттысын алуға мүм­­кіндік туды, – дейді Жанерке.

Осы күні Жанеркенің тұтыну­шыларының қатары мол. Тіпті тәулік бойы өтініш айтқандардың тап­сырысын тапжылмай отырып, тігетін ерік-жігер жеткілікті.

«Бизнес бастағанда таныстар, туыстар клиент-тін. Кейін жар­намаға «24/7» белгісін қойып едім, тапсырыс берушілер саны артты. Түнде де тапсырыс қабыл­дай­мын. Байқасам, Қара­ған­ды бойынша түнімен тапсырыс қабылдайтын мен ғана екенмін», дейді Жанерке.

Бұл күні жас кәсіпкер мекемелерден де тапсырыс алып отыр. Ме­кемелердің арнайы киімі, пер­­делер, акт залын безендіру се­­кілді жұмыстарға сұраныс жиі түседі. Сонымен қатар қазақтың той-тома­лағына қатысты барлық қажетті бұйымдар жасайтын қа­білет-қарымы жеткілікті. Оған да сұра­ныс әжептәуір көрінеді. Әйтеуір, еңбектен қаш­қан кезі жоқ.

«Елімізде еңбекқор адам, кәсіби маман ең сыйлы адам болуға тиіс. Осындай азаматтар мем­ле­кетімізді дамытады. Мен Ұлттық құрыл­тайда және «Жас­тар рухының» съезінде бұған арнайы тоқталдым. Біз қара­пайым еңбек адамына құр­мет көрсетуіміз керек. Қандай кәсіппен айналыссаң да, оны сапалы атқару маңызды», деген болатын Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев.

Еңбектің үлкен-кішісі жоқ, әманда. Қандай еңбек болса да, құрметке лайық. Өйткені ол еңбектің әрқайсысына маңдай тер сіңген. Маңдай термен келгеннің қадірі ерен болуға тиіс ендеше. Жас шебер Жанеркенің еңбегі де дәл сондай.

 

Қарағанды облысы