Аймақтар • 19 Қаңтар, 2023

Оқушылар қоғамдық көлікте тегін жүреді

403 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Қарағанды қаласының оқушылары алдағы уақытта қоғамдық көліктерде тегін жүретін болады. Ал облыс орталығында 7 жастан 18 жасқа дейінгі 110 мыңға жуық бала бар. Қалада электронды билет толық жолға қойылған. Осы орайда облыс әкімі Ермағанбет Бөлекпаевтың арнайы тапсырмасымен оқушылардың Қарағандыда тегін жол жүруі қамтамасыз етілмек. Ендігі құзырлы орындарға бұл жөнінде тапсырма, міндеттер жүктелген.

Оқушылар қоғамдық көлікте  тегін жүреді

– Екі жылдан бері қала мектептерінде оқитын балаларға тегін ыстық тамақ бе­ріледі. Осы жылдан бастап біз барлық қа­ра­ғандылық оқушылар мен 18 жасқа дейінгі студенттер үшін тегін жол жүруді енгізуді қарастырып жатырмыз. Бұл біздің балаларымызға ұтқыр болуға және қаланың кез келген жерінде орналасқан үйірмелер мен өздері қызығушылық танытқан секцияларға қатысуға мүмкіндік береді. Бұл барлық отбасына үлкен қолдау болады. Сондай-ақ бүгін №44 мектептің ұстаздарымен және оқушылардың ата-аналарымен кездестім. Өкінішке қарай 1947 жылы салынған бұл ғимарат апатты жағдайда және қалпына келтіруге келмейді. Оның орнына жаңа оқу ғимаратын салуды жоспарлап отырмыз. Қазіргі уақытта оқушылар мен мұғалімдер уақытша №64 мектепке ауыстырылды. Мектеп 600 оқушыға арналған, сондықтан орын тапшылығы болмайды, – деді өңір басшысы Ермағанбет Бөлекпаев.

 

ҚАРАҒАНДЫ