Үкімет • 20 Қаңтар, 2023

Alarko Holding Қазақстандағы жобаларды іске асыруға дайын

310 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Премьер-министр Әлихан Смайылов түріктің Alarko Holding компаниясының президенті Йылдыз Умит Нуримен кездесті, деп хабарлайды Egemen.kz Үкіметтің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Alarko Holding Қазақстандағы жобаларды іске асыруға дайын

Кездесуде энергетика, теміржол және автожол құрылысы, су тазарту, қалдықтарды қайта өңдеу және т. б. салаларда жаңа инвестициялық жобаларды іске асыру мәселелері талқыланды.

Үкімет басшысы бірқатар ірі инфрақұрылымдық жобаны іске асыруға қатысып жатқан Alarko Holding-тің жұмысы Қазақстан үшін маңызды екенін атап көрсетті. Қазіргі уақытта Алматы облысында Үлкен Алматы айналма автомобиль жолын салу жөніндегі жоба сәтті аяқталып келеді.

«Менің білуімше, компания босаған білікті ресурсты, техника мен жабдықтар паркін Қазақстан аумағында басқа да жобаларды іске асыру үшін пайдалануға дайын. Біз ынтымақтастығымыздың келешегін егжей-тегжейлі талқылауға дайынбыз», деді Әлихан Смайылов.

Премьер-министр еліміздің өзекті инвестициялық пулында экономиканың түрлі салаларындағы 850-ге жуық перспективті жоба бар екенін айтты. Өз тарапынан Йылдыз Умит Нури аталған пулды мұқият талдауға, сондай-ақ Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігімен әлеуетті жобалардың түпкілікті тізбесін пысықтауға дайын екендігін атап өтті. Кездесу қорытындысы бойынша келіссөзді жақын арада жалғастыру туралы уағдаластыққа қол жеткізілді.