Медицина • 22 Қаңтар, 2023

Тиімді дәрігерлік тәжірибе алмасу

422 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Ертеден келе жатқан ескі кеселдің бірі – талма ауруы жайлы талай трактаттар жазылған, әлі де зерттелуде. Дамыған медицинаның өзі тұқым қуалайтын дерттің дауасын толық таба алмаса да, мидың созылмалы ауруына шалдыққандардың денсаулығын озық медициналық технологиялар, операция­лар көмегімен жеңілдетуге, жақсартуға болады.

Тиімді дәрігерлік тәжірибе алмасу

Ал Астана, Алматы сияқты ірі қала­лар­дағы білікті дәрігерлерге қарал­ғы­сы келетіндер еліміздің барлық түк­пірінен табылады. Осы орайда Алма­тыд­ағы Президент Іс басқармасы меди­циналық орталығы – Орталық кли­никалық ауруханасының бір топ дәрі­гер­і Ақтөбе қаласында «Қазақстан Республикасы Президенті Іс басқармасы ме­дициналық орталығының күндері» аясында табысты жұмыс істегенін атап өту­ге болады.

Осылайша, білікті дәрігерлердің елдегі денсаулық сақтау ісіне жаңа заманауи әдістерді енгізу мақсатында қолға алған бастамасы еліміздің батыс өңірінен басталды. Алғашқы күні ОКА нейрохирургия бөлімшесінің меңгерушісі Марат Саршаев Ақтөбе медициналық орталығында операцияның жаңа түрі – микроваскулярлық декомпрессия жасап, үш тармақты жүйке невралгиясы мен гемифациалды түйілуді емдеудің озық тәсілдерін көрсетті.

– Бұл біз үшін нәтижесінде пациент өмірін айтарлықтай жақсартатын әдеттегі операция. Ақтөбелік әріптестеріміз осындай операцияларды өздері атқаруы үшін өз тәжірибемізбен бөлісуге дайынбыз. Мен өткізген консультацияға нау­қастар көбінесе омыртқа жарығы, қан тамыры аурулары, мидағы ісік, эпи­лепсия мәселелерімен келді. Осы сапа­рымыздағы ақпарат алмасу, кері байланыс кезінде бұл өңірде эпилепсия ауруын емдеу едәуір дамығанын байқадым. Ен­дігі жерде жергілікті дәрігерлермен өзара байланысымызды бұрынғыдан да ны­ғайтып, пациенттерге білікті көмек бере алатыны­мызға сенімдімін, себебі бізде жақсы тәжірибе бар, – деді дәрігер М.Саршаев.

Алматыдағы Орталық клиникалық ауруханасының онкохирургтері Ес­тай Абзалбек пен Марат Ахетов те әрқайсысы төрт сағатқа созылған күр­делі операция жасады. Олар асқазанды қайта­дан іш қуысына қалпына келті­ретін асқа­зан­ды жеңдік кесу мен кө­кет жарығы операция­ларын жасады. Ақтөбелік па­циенттің асқазаны көкетті қысып, ден­саулығына үлкен қиындық келтірген. Екі операция да қосарлы ауруларымен бірге асқыну тудырған, бір пациентте диабет, семіздік болса, екіншісінде – бұрынғы операциядан қалған тыртықтың салдары мен жіті холецистит кедергі келтірген. Алайда лапароскопиялық операция сәтті өтті.

– Әрине, ақтөбелік әріптестеріміз бізге дейін де осындай операция жасап келген. Бірақ олар біздің шетелдегі шеберлік сабақтарынан сұрыптап апарған жаңа көзқарасты, жаңа әдістерді көрді. Оның үстіне біз машықтанған онкохирургтер болғандықтан, күрделі опе­рацияға байыппен қараймыз, қауіп­терден, өзгешеліктерден қорық­паймыз. Осы бірігіп жасаған табысты операцияларымыздан кейін ақтөбелік әріптестерімізге алыс шетелде оқу үшін қаржыландыру қосуға уәде берілді. Бұл да нәтиже. Өйткені қазіргі таңда әлемдік деңгейдегі медицина майталмандарымен қарым-қатынас жасамаса болмайды, оның үстіне медицина да жылдам дамып жатыр, әр жетістікті, озық тәжірибелерді қалт жібермеуіміз қажет, – дейді алматылық мамандар.

Алдағы күндері Алматыдан келген дәрігерлердің басқа күрделі операция­лары, шеберлік сабақтары, консультациялары кеңінен талқыланатын болады. Қазірдің өзінде бұл бастаманы жергілікті әлеуметтік желілер белсенді түрде талқылады. Ақтөбе үшін Астана мен Алматы дәрігерлерінің келуі  үлкен оқиғаға айналды. Бұдан әрі Қазақстан Республикасы Президенті Іс басқармасы медициналық орталығының күндері Ақтөбе қаласындағы тәжірибені қаперге ала отырып, басқа өңірлерде жалғасын табады. Мұнда ең басты мақсат – халық қай өңірде тұрса да, білікті мамандардың көмегіне қол жеткізе алуы керек. Өйткені «Қазақстан Республикасы Президенті Іс басқармасы медициналық орталығының күндері» аясында науқас жандардың көпшілігі Астана мен Алматыға баруға мүмкіндігі жоқ алыс ауылдарда тұратыны аян болды.

 

АЛМАТЫ