Экономика • 23 Қаңтар, 2023

Медициналық қызметке жұмсалатын жарна

193 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

2022 жылдың қаңтар-желтоқсан айлары аралығында МӘМС үшін Астана қаласы бойынша 67,5 млрд теңге жарна аударымдары түскен. Ал өткен жылдың желтоқсан айында елордалықтар міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру үшін 6,9 млрд теңгеден аса жарна аударды. Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының елорда филиалы баспасөз қызметінің хабарлауынша, Астана қаласы бойынша 2017 жылдың 1 шілдесі мен 2022 жылдың 31 желтоқсаны аралығында медициналық сақтандыру үшін жинақталған жарнаның жалпы сомасы 168,2 млрд теңгеге жуықтайды.

Медициналық қызметке жұмсалатын жарна

Коллажды жасаған Зәуреш Смағұл, «ЕQ»

«2022 жылдың қаңтар-желтоқсан айлары аралығында МӘМС үшін Астана  қаласы бойын­ша 67,5 млрд теңге жарна ауда­рыл­ған. Оның 37,8 млрд тең­геге жуығы – жұмыс берушілер­дің аударымдары, ал жеке кәсіп­керлерден түскен жарна – 29,7 млрд теңге (жалпы соманың 129,1 млн теңгеден астамы бірыңғай жиынтық төлем (БЖТ) бойынша аударылған). Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру үшін түскен барлық жарна аударымдары, яғни жинақталған қаржы, сенімгерлік басқару туралы жасалған келісімшартқа сәйкес, Ұлттық банкте сақталады да, медициналық қызметтер ақы­сын төлеуге жұмсалады. ТМККК және МӘМС пакеттері бо­йынша халыққа көрсетілген медициналық қызметтердің сапасы мен көлеміне мониторинг жасап, тексергеннен кейін ғана Қор жеткізушілеріне төлем жүргізіледі», деп түсіндіреді «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» КеАҚ Астана қаласы бойынша филиалының директоры Нұрлыбек Қабдықапаров.

Еске саламыз, 2022 жылдың 5 қыркүйегінен бастап 12 айға алдын ала жарна төлеу арқылы МӘМС жүйесіне қатысудың жаңа тетігі іске қосылды. Бұрын медициналық сақтандыруға жарналарды ешқашан төлемеген немесе жүйелі түрде төлемеген, соның салдарынан сақтандыру мәртебесінен айырылған дербес төлеушілерге оны қалпына кел­тіру үшін өткізіп алған айларға, тіп­ті өткен жылға да жарналар­ды төлеу қажет еді. Енді оларда балама әдіс пайда болды – жар­на аударылмаған өткен кезең­ді төлемей-ақ, алдағы 12 ай үшін төлем жасау арқылы «сақтан­дырылған» мәртебесін ала алады.

Бірақ 12 айға бірден төлем жасауға болмайды, өйткені жүйе әр ай үшін төлемді бөлек оқиды, сондықтан әр айға бөлек-бөлек төлеу керек.

Жарналарды төлеу кезінде қате­ліктер жіберілмегеніне көз жет­кізу керек. Әйтпесе, төлем жүйе­ге түс­пейді және сізге мәртебе беріл­мейді. Енгізілген ЖСН, төлем кезеңі­нің және төлем енгізілетін жыл­дың дұрыстығын қайта тексеріңіз.

Егер бір айда қате жіберілсе немесе екі рет төленсе, қате төленген төлемді «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясына өтініш жазу арқылы қайтаруға болады.

МӘМС жарналарын екін­ші деңгейдегі кез келген банк, банк­тердің мобильді қосым­шалары, жылдам төлем терминалдары және «Қазпошта» филиалдары арқылы төлеуге болады.

 

«Егемен-ақпарат»