«Қосқабатты үйде көлемі 5 литрлік газ баллоны жарылды, өрт шыққан жоқ. Екінші қабаттағы №6 пәтердің ағаш едені мен қабырғалары толықтай, ал екінші қабаттағы 4, 5-пәтерлер, бірінші қабаттағы 3-пәтер жартылай қираған. Алдын ала болжам бойынша оның ауданы 36 шаршы метрді құрайды», деп хабарлады Қарағанды облысының төтенше жағдайлар департаменті.
Тиісті құзырлы ұйымдар оқиға орнында тергеп, тексеру амалдарын жүргізуде. Тексеру аяқталғанша жылу және ішінара электр жүйесі өшірілді. Тұрғындар уақытша жатақханаға орналастырылды. Қарағанды қаласының әкімі Мейрам Кожухов тұрғындармен кездесіп, жағдайды баяндады.
– Қазір үй жылу жүйесінен ағытылды. Себебі бірінші кіреберісте едендері, қабырғалары құлаған. Үйдің екінші жартысына, яғни екінші кіреберісте жылу беруге тырысамыз. Ондағы 7-12 пәтерлерге қауіпті көріп тұрған жоқпыз. Ал бірінші кіреберіс туралы қорытынды әзірге шығара алмаймыз, сарапшылар жұмыс істеуге тиіс, – деді Қарағанды қаласы әкімі Мейрам Кожухов.
Үй түнде құлыптап жабылды. Тұрғындар бағалы заттарын құтқарушылар көмегімен алып шықты.
Зардап шеккеннің біреуі – 1970 жылы туған ер адам, екіншісі – 1971 жылы туған әйел адам. Екеуін де күйік шалған. Қарағанды қаласындағы облыстық медицина орталығына жеткізілді. Денсаулық сақтау басқармасы баспасөз қызметінің хабарлауынша, науқастардың халі – орташа ауыр жағдайда. «Ер адамның басы және оң жақ иығы күйген. Комбустиология бөліміне жатқызылды. Жағдайы – орташа ауыр. Әйел адамның оң жақ білегі, оң жақ иығы, оң жақ саны күйген. Ол да комбустология бөлімінде жатыр», делінген басқарманың мәлімдемесінде.
Қарағанды