Сайлау • 24 Қаңтар, 2023

Бізге қандай депутат керек?

432 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Біраз жыл бұрын Алматыдағы бір қайырымдылық қорының өтінішімен шығыс өңіріне жолымыз түсті. 30 миллионға жуық теңге көлеміндегі қамқорлық жұмысын ұйымдастыра жүріп, облыстағы бір аудан бюджетінің игерілу бағытын сұрадық. Бюджет – 7,5 мил­лиард теңге. Ал ауданның салық кірісі – 900 миллион теңге. Арадағы айырманы қараңыз – 88%.

Бізге қандай депутат керек?

Аталған ауданның білім бөлімі ғана осы ақшаның 4 миллиард теңге­сін игеріп отыр. Бұл ауданның салық түсімі (0,9 миллиард теңге) бала оқытуға да жетпейді деген сөз. Ал 6,6 миллиард теңгені мемлекет береді.

Нулы-сулы шығыстағы жағдай осындай болса, шөлейтті өңірлердегі жағдай қандай? «Ондай аудандардың біразында жер асты байлығы, кен орындары бар» дейік. Солай. Кем-кетігімізді кенімізбен жауып отырмыз. Қашанғы қазған жерімізден қазына, тескен жерімізден теңге шыға бермек? Ал кені де, суы да, нуы да жоқ, бірақ бай елдер бар ғой?

Мәжілістегі 98 орынға осындай өзекті мәселені ойлай алатын, елінің атынан есеп сұрай алатын, мемлекет ақшасын министрмен бірге санай білетін санасы өскелең, білімі мен білігі бекем адам керек.

Мемлекетіміздің батысында топтасып талап қоюдың мәдениеті қалыптасып келеді. Алайда топтасып қойған талаптың бәрі орынды бола бермейді. Сондықтан да ол әртүрлі деңгейде орындалып, кейде орындалмай жатады. Депутат соның ақ-қарасын тани алатын, оң болса қолдап, теріс болса түсіндіретін, жинай да, тарата да алатын білікті болғаны керек. Сайлаушыларға уә­де­ні үйіп-төгетін, толағайды төбесіне көтеріп сөй­лей­тін сөзшеңдерді сабырлы, салқын тыңдаған жөн.

Бұл жолғы сайлаудың даулы, шулы болары анық. Шыны керек, халықта таңдау таразысы жоққа тән. Содан да таңдаулы кандидаттан гөрі танымал кандидат дауыс тартады.

Біз – мемлекет құрушы ұлтпыз. Бізде Парламент болуы керек. Оны өзіміз сайлауымыз, өзіміз таң­дауымыз керек. Соған қадам жасауы­мыз қажет. Бізге уәде бергіш сай­рауық депутаттар емес, шын сөйлейтін, дәл айтатын, дәлелі, дәйегі бар білімді депутат керек.

Сөзімізді бастағанда айтқа­ны­мыздай, нулы-сулы, кенді-қазыналы кең байтақ даламызды еңбекпен игеруге елді жұмылдыра алатын Пар­ламент керек. Елді еңбек қоғамын жасауға ұйымдастыратын заң керек. Сондай заң шығара алатын зияткер депутаттар қосыны қажет.

Бұл – арман емес. Бұл алдағы сайлауларда жүзеге аса бастайтын ұлттық мақсат! Сондықтан да сайлауға бару – азаматтық, ұлттық парыз.

 

Алмас АХМЕТБЕКҰЛЫ,

қоғам қайраткері