Қоғам • 23 Қаңтар, 2023

Өзгеріс халыққа да, билікке де пайдалы

333 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Сонымен Мемлекет басшысының Жарлығы бойынша жетінші сайланған Парламент Мәжілісі таратылып, барлық деңгейдегі мәслихаттардың өкілеттіктері мерзімінен бұрын тоқтады және кезектен тыс сайлау өтетін күн белгіленді. Біз бұл өзгерістерге былтырғы республикалық референдумнан кейін-ақ дайын болдық. Өйткені мемлекеттік басқару ісі мен қоғаммен біте қайнасып жүргендіктен, уақыт талабын анық сезінеміз.

Өзгеріс халыққа да, билікке де пайдалы

Президент мәлімдемесінде: «Мәжі­лістің және мәслихаттардың кезектен тыс сайлауы – конституциялық реформаның жалғасы» деп түсіндірді. Расында, орны бөлек осы орган қызметі жаңармай, азаматтық қоғамның дамуы тиісті деңгейде іске аспайтыны белгілі.

Ал азаматтық қоғамның өзі қалып­­тас­тырмаған Мәжіліс пен мәсли­хаттар құрамының билікке ықпалы да, халыққа қызметі де толық өте бер­мейтінін тәжірибе көрсетті. Сон­дықтан Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Күшті Президент – ықпалды Парламент – есеп беретін Үкімет» қағидаты бойынша жаңару жолына бет бұрдық.

Халық арасында кейінгі жылдары түрлі сайлау науқандарының жиі өтіп жатқанын сынаушылар да, оны түсінбей жүр­гендер де бар. Керісінше, сайлау сайын саяси сауаты мен мәдениеті қалып­тасып, аза­маттық белсенділігі артып келе жатқандар да аз емес.

Бірақ кім-кімнің де аптықпалыққа салып: «Өзгеріс осылай болады...» де­ген­дей шалт қимылдар мен оқыс шешім­дерден гөрі парасатты қадамдар күтіп отырғаны анық. Соған қарағанда, демократиялық ұстанымдар байыпты байлам және батыл қадаммен сатылай жоғарылағанда ғана нәтижелі боларына баршаның көзі жетіп отыр.

Жақында ғана өткен Сенат сайлауында бірқатар жаңа саяси тұлға мандатқа ие болды. Енді кезек – Мәжіліс пен мәслихаттардың жаңаруы. Егер осы қадам оңтайлы іске асса, «есеп беретін Үкіметтің» қызметі де, оның құрамы да алдыңғы аталған екі құрылымның ықпалында болмақ. Сондықтан бұл жолғы науқанның маңызына бәріміз бірдей мүдделіміз.

Ел ішінде осы уақытқа дейін дау­лы мәселеге айналып келе жатқан «Халық саяси реформаларға дайын емес» және «Билік саяси реформадан қорқады» деген сыңаржақ пікірлер бар. Екі тараптың да уәжіне көңіл қойсаңыз, көкейге қонымды себептерін санамалап береді. Бірақ ондаған жыл бойы осы даудың аражігін айырып, алтын арқауын табатын амал болмады немесе шын ниеттенген тұлғалар тарапынан тиісті талпыныс тумады. Әйтпесе, бұл қисын қайшылығы осынша уақытқа дейін шиеленіспес еді.

Әрине, оған екі тарап та бірдей жауапты. Биліктен саяси реформа жасау­ды талап ету бір бөлек, оған қоғам­ның өзі де араласып ықпал етуі тағы керек. Елдің талабымен бұл жолы билік алға қадам басты. Ендігі кезек – жұрты­мыздың жауапты жүрісінде. Тарихтан тағылым мен тәжірибені мол жиған дана халқымыз осы жолғы мүмкіндіктерін мүлт жібермейтініне сенемін.

Қоғам өз ішінен лайық кандидаттарын іріктеп ұсынып, сайлаудың ашық әрі әділ өтуі үшін байқаушы болып, азаматтық құқығын пайдаланып дауыс беруге қатысуы – «әлі саяси реформаға дайын емес» деген теріс пікірді түбегейлі жоққа шығарады. Белсенділігіміз қаншалықты жоғары болады, соншалықты оң өзгерістерге жол ашылатынын ұмытпайық.

Президент айтқандай: «Біз бір ел, бір халық болып, әділетті Қазақстанды құрып жатырмыз. Осы жолда түрлі сын-қатерді еңсеріп, көптеген маңызды міндетті бірге атқаруымыз керек». Ен­деше, билік пен қоғам бірігіп, мәң­гілік мемлекеттік мүдде тұрғысынан ортақ мәмілеге келуге әрқашан әзір болуымыз керек.

 

Берік АХМЕТОВ,

Ш.Есенов атындағы Каспий технологиялар және

инжиниринг университетінің президенті