Оқиға • 24 Қаңтар, 2023

Риддердегі ЖЭС-тің инвесторы ауысты

385 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Даниал Ахметов Үкімет отырысында Риддердегі ЖЭС-ке жаңа инвестор келгенін айтты, деп хабарлайды Egemen.kz.

Риддердегі ЖЭС-тің инвесторы ауысты

«Риддердегі ЖЭС-ке Қазақстандық жаңа инвестор келді. Шарттар маған әлі белгісіз. Өйткені бұл құпия ақпарат және оны жеке меншік иелері заңға сәйкес өзара жасайды. Қазір ЖЭС-тің жаңа иесі бар және біз онымен бірге жұмыс істейміз», деді Даниал Ахметов.

Сонымен қатар ШҚО әкімі өз сөзінде, жаңа басшының тиімді қызмет ететіне сенім білдіретінін айтты.

«Келісім шартқа сай, ол жақын арада күрделі жұмыстарға арналған кемінде 7 млрд теңге мөлшеріндегі резервті банк анықтамасын тапсыруы керек», деп атап өтті ол.

Сондай-ақ ол Қазақстан заңы жеке меншік қызметіне, тіпті қиын жағдалайларда да тікелей араласуға мүмкіндік бермейтінін айтты.

«Біз құқықтық мемлекетте жұмыс істейміз, сондықтан жағдай осындай. Менің ойымша, Энергетика министрлігі маңызды жағдайларда меншік нысаны мәселелеріне араласуға мүмкіндік беретін тиісті өзгерістер енгізуі керек», деп нақтылады ШҚО әкімі.

Осы ретте ол өткен бейсенбіде Риддердегі ЖЭС-те өрт болғанын еске сала кетті.

«Біз тәулік бойы жұмыс жүргізілуін ұйымдастырдық. Бүгін күннің соңына қарай бірінші кезек аяқталады. 180 метр көмір беру конвейері қалпына келтіріледі, ертең кешке қарай бірінші жол іске қосылады. Біз шынымен де маңызды шаралар қабылдадық. Температураны ұстап тұру үшін көмірді 70 тонналық кран арқылы бердік. Шатырда ойық жасап, 100-ден астам адамды орналастыру арқылы күн сайын 240 тонна көмір тасымалдадық. Өйткені бізде басқа амал болған жоқ. Егер олай етпесек, өте қиын жағдайға тап болар едік», деп қорытындылады сөзін Даниал Ахметов.

Бұған дейін Шығыс Қазақстан облысы әкімдігінің баспасөз қызметі құқық қорғау органдары тергеу жүргізіп жатқанын, оның нәтижелері бойынша Риддер ЖЭС мемлекеттік меншікке өтетінін немесе Риддер тұрғындары алдындағы барлық міндеттемелерді орындай алатын және қарыздарды жауып қана қоймай, жабдықтар мен желілерге күрделі жөндеу жүргізе алатын инвесторға берілетінін мәлімдеген еді.

ШҚО әкімінің айтуынша, өрт кәсіпорын иелерінің жауапсыздығынан болған.

 

Айтолған ЖҮНІСХАН,

Л.Н. Гумилев атындағы ЕҰУ студенті