Айналасы үш ғасырдың ішінде Еуразия құрлығының тең жарымын жаулап алған Ресей империясына Романовтар әулеті билік құрған уақытта Батыс Сібір өлкесі, оның орталығы Омбы қаласы қазақ халқының рухани-мәдени орталығы болғаны және ұлтымыздың болашағын ойлаған алаш қайраткерлерінің көпшілігі осы қалада қызмет атқарғаны тарихтан белгілі.
Өткен ғасырдың басында алып империяның ішінде өріс алған саяси оқиғалар мен дағдарыстар және бірінші дүниежүзілік соғыстың салқыны ақ патшаның отарланған аймақтарында болған ұлт-азаттық қозғалыстарынан кейін іле-шала өз ішінен жан алысып, жан берісіп арпалысқан азамат соғысын туғызды. Өзара ақ гвардияшылар мен қызыл гвардияшылар болып бөлінген орыстардың бұл текетіресі бүкіл Ресей аймағының отарланып, жаулап алынған жерлерін дерліктей шарпыды. Ұлан-ғайыр империяның ішіндегі талас-тартыс пен қырғи-қабақ қырқыс Сібір қазақтарының жадында “Ақ пен қызыл араласқан жылдар” деп аталды.
Антанта мемлекеттерінің қолдауымен Бүкілресейлік Жоғарғы бас қолбасшы атанып, адмирал А.В.Колчак құрған Сібір үкіметінің орталығы Омбы қаласы болды. Осы аласапыран кезеңді жер-суынан айырылған қазақ ұлтының болашақ қамы үшін пайдаланып қалуды мақсат еткен алаш жұртының зиялы қауым өкілдері мен саясаттан хабары бар оқыған қазақ жастары осы іске белсене араласты. Қарбалас оқиғалардың қызған ортасында сол жылдары Омбы қаласында құрылып, қазақ жастарының басын қосқан “Бірлік” ұйымы және оның жетекшілерінің бірі Жанайдар Сәдуақасов жүрді. Ұйымның рухани демеушілері, бағыт-бағдар сілтеушілері Әлихан Бөкейханов, Мұқан Айтпенов, Міржақып Дулатов, қазақ қыздарының арасынан Гүлия Досымбекова, Хадиша Сейітова және тағы басқа алаштың азаматтары болды. “Бірлік” ұйымына мүше болған қазақ жастарының ішінде Омбы өңірінің тумасы, осы қалада оқып жүрген Смағұл Сәдуақасов пен Ғаббас Сәдуақасұлы Тоғжанов та жүргені тарихи құжаттардан белгілі.
Сәдуақастың Жанайы (Жанайдар), Сәдуақастың Смағұлы, Сәдуақастың Ғаббасы, 20-шы ғасырдың басында Қазақ Республикасының саяси өмірінде елеулі орын алған осы үш тұлғаның жауқазын жастық шақтары, мемлекет және қоғам қайраткері болып қалыптасудағы алғашқы өмір жолдары иісі қазақ зиялыларының сол кездегі рухани орталығына айналған Омбы қаласында осылайша түйісті. Осы азаматтармен қатар жүріп қызмет атқарған, кейін бұл азаматтар сталиндік репрессияның құрбаны болған кезде, Омбы жақтағы ағайындарымыздың арасын паналап, елге 60-жылдары оралған Омар Сансызбаев ағамыз (бұл кісіні ел “ағажан” деп атайтын еді) олар жөнінде көптеген жүрек тебірентетін естеліктер мен оқиғаларды жиналған көпшілік қауым алдында жиі айтып отыратын еді.
Смағұл мен Ғаббас Омар Сансызбайұлының ауылдасы, әрі ағайыны болса, қырдың қазағы (Сарыарқа өңірінің қазақтарын еліміздің солтүстік аймағында әлі күнге дейін осылай атайды) Жанайдар Сәдуақасов жалпы Омбы қазақтарына, әсіресе, осы өңірді сонау Көшім ханның заманынан бері мекендеп келе жатқан Керей руының ішіндегі Ашамайлы керейдің бір тармағы болып бөлінетін Малай-Бақтыбай еліне өзінің кемеңгер ақыл-ойымен, білім-парасатымен танылып, екі азаматпен (Смағұл Сәдуақасұлы Сәдуақасов және Ғаббас Сәдуақасұлы Тоғжанов) қатар бірге туған бауырдай болғаны өз алдына, жасы үлкен болғандықтан, оларға жол сілтеген ақылшы аға бола білгенін де Омар ағамыз тілге тиек етіп әңгімелейтін. Бұл үш азаматтың арғы шығу тегін біле бермейтіндіктен, Омбы қаласына Ақмола, Қарқаралы, Торғай, Орынбор, Тарбағатай, Алтай-Зайсан өңірінен әрқилы сауда-саттық, шаруашылық жағдайларымен келген қазақтар үшін олар “Сәдуақастың ұлдары” атанды. Сол замандағы ұғым бойынша Омбы тәрізді үлкен шаһарда ауқатты қазақтың балалары оқитын. Осы себептен де көпшілікке есімі таныс, Омбыда дүкен ұстап “Үркіт шапқан” байлардың қатарында жұрт аузына іліккен және губернатор кеңсесінде тамыр-таныстары мол, өзі де бір кездері Қорған болысында сайлауға түскен, көзі ашық, сауатты Тоғжанның Сәдуақасының атақ-абыройы өзгелерден жоғары тұрды. Әлқиссасын білмейтін жұрттың көбі Ғаббаспен қоса Смағұл мен Жанайдарды да Сәдуақастың айналасына телитін.
1916-18-жылдары Омбы қаласындағы “Бірлік” және “Жас қазақ” ұйымының басшысы болған Жанайдар Сәдуақасұлының жасы үлкен аға ретінде Смағұл мен Ғаббасты осы ұйымның мүшелігіне тартып, олардың саяси-демократиялық тұрғыдағы қоғамдық көзқарасын қалыптастырушылардың бірі болды десек, артық айтпаған болар едік. Олар Омбыдан бар-жоғы 100 шақырым қашықтықты мекендеп, аралары тығыз орналасқан Жарқын, Ұялы, Байнияз, Қызылшілік, Қарашілік, Төрегелді, Бұланбай, Жандос, Томар, Дүйсенбай (белгілі мемлекет және қоғам қайраткері Жұмабай Шаяхметов осы ауылда туған), Мәшен (Мұқан Айтпенов осы ауылдың тумасы), Қаржас ауылдарымен қоса өзге қазақ ауылдарына да жиі барып, сол кездегі “Қазақ” газетінде жарияланған мақалаларды, өздері шығаратын “Жас азамат” газеті және “Балапан” қолжазба журналымен таныстырып, Ресейде болып жатқан өзге де саяси оқиғаларды жұртқа түсіндірумен айналысты. Омбыдағы Қаржас ауылының негізін 19-шы ғасырдың 50-ші жылдары әкесі Шорман бидің тілегі бойынша Баянауыл округінің аға сұлтаны Мұса Шорманов қалаған еді. Ол Батыс Сібір генерал-губернаторының сарайына барар алдында осы жерде тынығып, демалып, намазын оқиды екен. Бұл ауыл әуелде Омбы қаласының іргесінде қоныс тепті, орналасқан жері сулы, нулы ақ қайың мен терек өскен жер. Әуелі бұл араға Қаржас руының Ақша атасынан тарайтын 10 шақты үй көшіп келеді. Алаштың біртуар азаматы, қазақ әдебиетінде өзіндік қолтаңба қалдырған қоғам қайраткері, Жанайдар Сәдуақасұлы мен Смағұл Сәдуақасұлының сырлас досы болған Қошке (Қошмұхамед) Кемеңгеров осы ауылда дүниеге келген. Мұса мырза Кемеңгер Атановты өзінің тікелей араласуымен Омбыда ашылған болыстық кеңсенің писарьларын даярлайтын оқуға жіберген. Кейін осы төңіректі қоныстанып қалған. Кемеңгерден Дүйсенбай, Дүйсебай есімді ұл туған. Қошке – Дүйсебайдың баласы. Патшалық Ресейдің қолдауымен жерімізді тартып алған қарашекпендердің қара халыққа жасап отырған қиянатын, айналасы он жылдың ішінде реакцияшыл Столыпин үкіметінің сүйемелдеуімен қазақ жеріне мүсәпір күйде қаңғып келген “жөке аяқтардың” (Орталық Ресейден жер ауып, қамыс шәркей киіп келген орыстың мұжықтарын Сібір қазақтары осылай атаған) не себептен қазір байып кеткені, неліктен қазаққа шекеден қарайтыны жөнінде бүгінде өзінің жер-суынан айырылып отырған қазақтың көзін ашып, үгіт-насихат жұмыстарын жүргізді.
Жанайдар Сәдуақасов Омбы қаласындағы қазақ зиялыларымен, әсіресе Мұқан Керейбайұлы Айтпеновтің (ол кісі менің ұлы әкем Мұқанжар Омарұлына жиен болып келеді) үйімен араласты. Мұқан Айтпенов Омбының беделді орыстарының бірі, Ресейдегі петрашевтік көзқарасты ұстанған Петр Сабостьяновпен, оның ұлдарымен тамыр еді. Ұлы қазан төңкерісінен кейін іле-шала қараша айында құрылып, кейіннен “Алаш” партиясының негізі қалануына себепші болған “Үш жүз” партиясының көшбасшыларының бірі Мұқаңның үйіне Омбы қаласындағы қазақтың зиялы қауымы Ә.Бөкейханов М.Дулатов, К.Тоғысов, Қ.Кемеңгеров, М.Жұмабаев сынды алаштың көзі ашық, ұлтжанды азаматтары жиі жиналатын. Омбыдағы беделді қазақ шенеуніктері Батыс Сібір генерал-губернаторының кеңесшісі болып қызмет атқарған Мұқан Айтпеновтің жездесі Жұман Сейітов және Байнияз ауылының қазағы, генерал-губернатор кеңсесінің аудармашысы Жұмабек Байсейітов олармен жиі араласты. Жұман Сейітовтің шыққан тегі Баянауыл өңірінен еді. Баянауыл дуанының аға сұлтаны Мұса мырзаның ықпалымен кезінде Омбы қаласындағы орыс гимназиясына оқуға келіп осында тұрақтап қалған. Оның ұлдары Мұсылманбек, Мұратбек, Асылбек “Үш жүз” кейіннен “Алаш” партиясының мүшелері болды. Бәрі де патша заманында Ұлы қазан төңкерісіне дейін медицина, экономика салаларында жоғары білім алған, сауатты азаматтар еді.
Жанайдар Сәдуақасовтың алғаш Омбы қаласына оқуға келгенде Мұқан Айтпеновтің үйінде тұрғанын Омбының көнекөз қариялары бертін де айтып отыратын. Бұл үйге азамат соғысы жылдары Сибревкомның қазақ-татар секциясының жетекшісі болған, мемлекет қайраткері Әбілқайыр Досовтың әкесі Ақмола өңірінің орта шаруасы Ысқақ Қасейін деген інісімен бірге жиі түсіп тұратын. Осы деректі мен 1985 жылы Мұқан Айтпеновтің немере інісі Асайхан Сұлтанұлының өз аузынан естідім. Сұлтан мен Мұқан бірге туған, өзімнің етжақын ағамыз, бұл күнде марқұм болған Зейнолла Оспанұлы да Сәдуақастың Жанайы туралы көптеген деректерді білуші еді, әсіресе Мұқан Айтпеновтің ұлы Мұхамеджан екеуінің арасында қыл өтпейтін татулық болды дейтін. Мұхамеджанды өткен ғасырдың жиырмасыншы жылдары бандылар атып кетті. Мұқан Айтпеновтің Омбы қаласында Сібірдің қызыл ағашынан қиюлап салған кең сарайдай үйінде осы өлкенің шонжарлары жиі түсіп тұрды. Солардың ішінде бұл кісімен өте көп араласқан, ағайын-жұртының оқуға талабы бар балаларын оқытуға қаржылай көмек көрсетіп шапағаты тиген байлардың бірі Тоғжанның Сәдуақасы мен ел ішінде бала оқытып Сәдуақас молда атанған Тұрабайдың Сәдуақасы еді. Малай атасының ішінде Қозыбақ әулетінен тарайтын Тоғжан мен Тұрабай екеуі немере ағайын. Тоғжанның Сәдуақасы 1928 жылы Қазақстандағы 500 ірі байдың қатарында тәркілеуге іліксе, Сәдуақас молда 1937 жылғы сталиндік сүргіннің кұрбаны болды. Олардың ұлдары Смағұл мен Ғаббас оқуларын ел ішіндегі молдадан кейін Сарыкөлде бұратана халықтардың балалары үшін ашылған екі жылдық бастауыш мектепте (училище) жалғастырды. Жиырмасыншы ғасырдың басында ашылған бұл оқу орнын әр жылдары олармен қатар мемлекет қайраткері болған Жұмабай Шаяхметов, драматург Бекмұхамед Серкебаев (халық әртісі Ермек Серкебаевтың әкесі), ұлағатты ұстаз Нұржан Әуелбеков (1960-1990 жылдар аралығында Қазақстанда Солтүстік Қазақстан облыстық атқару комитетінің төрағасы, Көкшетау, Торғай, Қызылорда облыстық партия комитеттерінің бірінші хатшысы болған партия-кеңес қызметкері, мемлекет қайраткері Еркін Әуелбековтің әкесі), кеңес қызметкері Ахмет Абдрахмановтар оқыды. Бұлардың бәрі де Омбыдағы “Бірлік” жастар ұйымының жұмысына араласып, қазақ-татар секциясының белсенді мүшелері болды.
Смағұл мен Ғаббастың Омбыда оқып жүрген жылдары ауылы аралас, қойы қоралас болумен қатар, біздің елге жиен болып келетін Мұқан Айтпеновтің үйімен жиі араласып, сол үйде пәтерде тұрған Жанайдармен де жақсы қарым-қатынаста болды. Өз заманына сай Омбы қаласында қазақ жастарының “Бірлік” ұйымы арқылы бастарын қосқан дара тұлғалардың орыс мәдениетіне байланысты аты-жөндеріне әкелерінің есімдері де қосақталып жазылғандықтан және осы мәдениетті бойларына сіңіре бастаған қазақтар үшін беделді болған олардың өмірбаян жолдарының алғашқы тараулары Омбы өңірінде “Сәдуақастың ұлдары” деген атаумен де көпшілікке таныс болды. Сол кезде Омбы қаласында “Жұман балалары”, “Сәдуақастың ұлдары” деген атаулар Сібір аймағындағы және шалғай өңірлерден келген қазақтар үшін ерекше ілтипатпен ауызға алынатын.
Біздің төңіректе он саусағынан өнер тамған, сыбызғы мен гармоньда қоса ойнаған Серкебайдың Құсайыны деген азамат болды. Құсайын бойына қонған табиғи дарыны мен қасиетінің арқасында өз заманында Омар, Баймағамбет, Қожахмет бақсыларға батасын берген Өміртай бақсының қобызымен айтысып жеңген өнерпаз еді деседі.
Бекмұхамед Серкебаев – осы Құсайынның баласы. Бекмұхамед Құсайынұлы 20-шы ғасырдың 30-шы жылдары өзімен “Ақ пен қызыл” араласқан жылдары етене таныс және саяси ұстанымдары бір болған, сол кезде Қазақ КСР-і мен Алматы облысында жауапты қызметтер атқарған Жанайдар Сәдуақасовты сағалап, Қызылжардан Алматы облысына қоныс аударады.
Сонымен қатар, Жанайдар Сәдуақасұлының сол кездегі қазақ зиялысы, солтүстік өңірде жеке қаржысына мектеп ашып ағартушылық қызмет атқарған Әміре қажының баласы Зейнелғабиден Омскауимен жақсы қарым-қатынаста болғанын да айта кеткеніміз жөн. Саға ауылында мектеп ашып, бала оқытқан Зейнелғабиденге Бекмұхамед Серкебаев пен Жанайдар Сәдуақасов Орынбор, Уфа, Троицк, Қазан қалаларынан әдеби кітаптар алдырып, қазақ газеттерін жіберуге көмектесіп отырған. Омбыда оқып жүрген қазақ жастарын, олар құрған “Жас азамат”, “Жас қазақ” ұйымдарын өзге байлармен катар Үлкен Қараой көлінің маңын мекендеген Сарман бай, Жексенбай бай, бір ғана Шағрай жерінде (бұрынғы Көкшетау облысы, Қызылту ауданы, “Чехов” совхозының аумағы) он сегіз мың жылқы біткен ағайынды Қасым-Сәлімдер қажетті қаражатпен қолдағаны жайында Ғаббас Тоғжановтың туған інісі Оқап Сәдуақасұлы Қазымбетов, немере інісі Қалижан Ілияшов, көнекөз қариялар Зейнолла Оспанов, Ғазиз Әубәкіровтер әңгімелеп отыратын.
Жанайдар, Смағұл және Ғаббас Сәдуақасұлдарының жастық шақтары өзге жұртқа есесі кеткен халқының түтіні түзу шығып, еңселі ел болу жолына арналғаны тарихи шындық. Өткен ғасырдың 30-шы жылдары үш азамат Қазақ Кеңестік Социалистік Республикасының саяси өміріндегі айтулы оқиғалардың ортасында жүріп, өзіндік саяси көзқарастарымен және ұстанымдарымен ерекшеленді. Бір ауылда туып-өскен ағайынды екі жігіт Смағұл мен Ғаббас Қазақстанның саяси-қоғамдық даму тарихы жолында әртүрлі бағыттағы саяси көзқараста қалыптастырды. Олардың арасындағы дау-дамай мен саяси тұрғыдағы текетірес Қазақ Республикасы басшылығына Мәскеудің жіберген өкілі Ф.И.Голощекин келгеннен кейін мүлде шиеленісіп кетті. Қазақстандағы “Сәдуақасовшина”, “Рысқұловшина”, “Тоғжановшина”, “Қожановшина” тәрізді айдар тағылған көптеген саяси ағымдар Голощекин билік құрған жылдары жаңбырдан кейінгі саңырауқұлақтай қаптады. Жанайдар Сәдуақасов пен Смағұл Сәдуақасов ұлтшылдық бағыттағы көзқарасты, билік басына жергілікті ұлттан шыққан кадрларды молырақ тарту, мемлекеттік мекемелерде іс қағаздарын қазақша жүргізу идеясын ұстанды. Ал, Ғаббас Сәдуақасұлы болса, марксизм-ленинизм идеяларынан қазақ ұлтының өзге халықтармен терезесі тең тұруын іздеген және оған шын мәнінде сенген қайраткер еді.
Смағұл мен Ғаббастың арасындағы саяси айтысты Сәдуақас молда да, Ғаббастың әкесі Сәдуақас бай да түсінбеді. Тек қана көзі ашық, сауатты, оң мен солын айыра білетін Ғаббастың әкесі Тоғжанның Сәдуақасы ғана: “Осы екі ұл елге келсе бауырмалдығы егіз қозыдай, сыртта жүрсе жаға жыртысуға дейін бар. Түсі бұлыңғыр, өңі суық мына сұрқия заманның сайқал саясатына түсінбедім. Бұлардың арасына ағалық ақылын айтып, жол көрсететін өзіміздің Жанайжан не бітіріп жүр”, деп Жанайдар Сәдуақасовты есіне алып күйзелуі де қыр елінен келіп, өзге ортада өз ұлындай болып кеткен азаматтың қандай тұлға болғанын аңғартады. Орталық биліктің Қазақстанда жүргізген зымиян саясатының салқыны қазақтан шыққан басшылардың арасына сына қаққаны өз алдына, ауылдағы қаймана қазаққа да қаншалықты кері әсері тигенін байқаймыз. Патшалық Ресейдің мұрагері – большевиктер билігінің “бөліп ал да, билей бер” қағидасын Қазақ КСР-інің жоғары билікте жүрген қайраткерлері мен зиялылары әрқайсысы өзінше түсінді. Үш жігіт өздері қызмет атқарған кезеңдерде қазақ әдебиеті мен мәдениетінің дамуына зор үлестерін қосты, әр жылдары қазіргі “Егемен Қазақстан” газетінің редакторлары болғанда қазақ журналистикасы мен баспасөзінде салиқалы ойлар мен идеялық бағыттағы пікірталастарды қалыптастыруда өзіндік қолтаңбаларын қалдырды.
Кейін Сәдуақасұлдарына іш тартқан ауылдардан шыққан сауатты адамдардың барлығы да ұсталып, сотсыз, тергеусіз айдалды да, артынан атылып кетті. Олардың бар кінәсі осы елден шыққан Смағұл Сәдуақасов пен Ғаббас Тоғжановқа ағайын-туыс, жекжат-жұрағат болғандығымен қатар, Жанайдар Сәдуақасовпен араларындағы тығыз байланыс еді. Бұлардың ішінде Тілегенұлы Сүлеймен, Смақұлы Ахмедия, Омарұлы Жүніс, Мұсайбекұлы Увайділдә, Әлібекұлы Хұсайын, Сүлейменұлы Айтуған, Уайысұлы Мұхамеджан, Сансызбайұлы Омар және тағы басқалары сияқты елдің бетке ұстайтын, рухани сауатын ашып имандылыққа ұйытқан, бала оқытқан, халықты бірлікке шақырған азаматтары айдалып кетті. 1938 жылы Смағұлдың әкесі – жетпістен асқан Сәдуақас молданы да НКВД-ның жендеттері үйден бір түннің ішінде алып кетті де, Омбының түрмесіне қамап, Қошке Кемеңгеровпен қатар біраз азаматтарды бір мезгілде атып тастады. Сонымен бірге, Тоғжанның Сәдуақасының елде қалған ағайындары да барлығы жеті адам бір күнде тұтқындалып, жолшыбай Марияновка стансасы маңайында сотсыз және тергеусіз жазаға кесіліп, НКВД жендеттерінің қолынан қаза тапты.
Қазақстанның тарихында ұлағатты із қалдырған үш қайраткер тұлғаның жалынды жастық шақтары жайында келтірілген өмірбаян деректеріне олармен қызметтес және пікірлес болған Омар Сансызбаевтың туған інісі, Қазақстанның еңбек сіңірген экономисі Нұрым Сансызбаевтың жеке мұрағатынан алынған деректер пайдаланылды және әкем Шайкен (Шаһизада) Мұқанжарұлының Омар Сансызбайұлының өз аузынан естіп, әр жылдары қағаз бетіне түсірілген қолжазба түрінде жазылған мәліметтері негіз болды.
Шалқарбек КӘРІБАЕВ. ҚАРАҒАНДЫ.