В.Жақсымбаева – Ақтөбе қаласының тігіншілер және дизайнерлер қауымдастығының мүшесі, қалалық жас аналар ассамблеясы «Құрақ көрпе» клубының төрайымы, еттің қамырын жаятын сыпыраның жаңа түрінің авторы.
Іс-шара сұхбат түрінде ұйымдастырылды. Қазақтың қолөнер саласын насихаттау, қол шеберлігін арттырып, жанды жайландыратын тігіншілікті жастарға үйрету мақсатында өткізілген іс-шара барысында Венера ханым өзінің жасаған көрпе-көпшік, қоржын, қол сөмке, сыпыра, т.б. бұйымдарын әкеліп таныстырды. Солардың арасындағы қоржынды қыздарын қазаққа бергелі отырған орыс отбасы тапсырыспен жасатыпты. Біздің қолөнерімізге басқа этнос өкілдерінің де қызығушылық танытқанына марқайып қалдық.
Ал сыпыра болса, ол бұрыннан қазақ халқында бар қолданыс құралы. Оны Венера ханым заманға сай етіп жабдықтап, нанды пышақпен кескенде де кесілмейтін матадан, кітап секілді ашылатындай етіп жасаған. Өлшемі 75х80, бұған 4 зуала жаюға болады. Мұны қыз жасауына да қосуға болады.
Сонымен қатар қолөнер шебері көрпе-көпшіктерді салып апаратын фетр матадан жасалған жұмсақ сандықша да тігеді екен. Ол көрпелердің таза әрі жинақы тұруы үшін маңызды. Сұхбат барысында Венера ханымның негізгі мамандығы заңгер және хореограф екенін білдік. Ол іс-шарада би билеп көпшіліктің ризашылығына бөленді. Венера ханым қолы босай қалса балаларымен бірге сурет те салады екен.
Венера ханымның қолөнермен шұғылданып жүргеніне төрт-бес жыл ғана болған екен. Осы уақыт аралығында көптеген шеберлік сабағын өткізіп, аталған сала бойынша шәкірттер тәрбиелеп жүр.
Іс-шара соңында ісмердің бізде қонақ болатынын естіген Ақтөбе облыстық Қазақстан халқы ассамблеясы жанындағы аналар кеңесінің төрайымы Жұмаби-
ке Шамшединқызы мен «Ай Қаракөз» брендінің негізін қалаушысы, ұстаз Жайнагүл Қайралапова кешімізге көрермен болып қатысып, сөз сөйлеп Венера Маратқызына өз сыйлықтарын табыстады. Сондай-ақ кітапхана директоры Гүлжайнар Нәренқызы да өзінің жылы лебізін білдіріп әрі ою-өрнектің түрлері жинақталған әдемі кітап табыстады.
«Армансыз адам, қанатсыз құспен тең» дейді ғой, арманыңыз қандай?» деген сұрағымызға ол ойланбастан: «Ата-анамды Меккеге қажылыққа апарып келу», деп жауап берді.
Жиын барысында көпшілік ата-ананың разылығына бөленіп, ұлттық өнерді насихаттап, құнды қазынамызды ұлықтап келе жатқан Венера Жақсымбаеваға ыстық ықыластарын білдіріп, ісіне береке тіледі.
Гүлнұр ИХСАНҒАЛИЕВА,
Сағи Жиенбаев атындағы облыстық жасөспірімдер кітапханасының қызметкері
Ақтөбе облысы