Аймақтар • 25 Қаңтар, 2023

Баспанасыз қалған бұқара

215 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Жеке сектордан үй рәсімдемек болған жұрт ақшасынан айырылып, баспанадан қағылды. Мемлекеттік бағдарлама аясында «баспаналы боламыз» деп үміттенген тараздықтар әкімдіктегілерге алдандық деп дабыл қақты.

Баспанасыз қалған бұқара

Ашу қысқан азаматтардың айтуынша, Тараз қаласының билігі «үй алғысы келетіндер құрылыс компанияларына 5 миллион теңгеден жинап берсе, баспана мәселесі шешіледі» деп сендірген екен. Жеме-жемге келгенде халық не құйған қаражатына, не үйге жете алмай қалған.

Бес жыл бұрын несиеге үй рәсімдеген тараздық тұрғындар «шенеуніктер бізді алдап кетті», деп күйініп отыр. Айту­ла­рынша, әкімдіктегі жауапты қыз­мет­керлер «компанияға қажетті қаражат­ты жи­насаңдар, кейін сол ақша баспана баға­сынан шегерілетін болады» деп сен­дір­ген екен. Алайда шенділердің сөзіне құлақ асқан халық «біз алданып қалдық» деп аһ ұрып отыр.

Деректерге сенсек, құрылыс компа­ния­­сы жүзге жетеқабыл үйді салуға ниет­­тен­ге­німен, оншақты баспана қа­­­­­лып кет­кен. Жалпы, құрылыстың бар бол­­ғаны алпыс пайызға жуығы ғана аяқталған көрінеді. Осылайша, Ыбырайым Сүлейменов көше­сі­нің аяқ тұ­­сын­­дағы алқаптан баспаналы болудан үміт­­­тенген жұрт әлі де болса мәселенің оңы­­нан шешілгенін қалайтыны айтпаса да түсінікті.

«Уақытында қала әкімінің орынба­са­ры шақырып алды да: «Компания өкіліне 5 миллионнан беріңдер, олар үйді аяқтап береді» деді. Айтуын айтқа­ны­мен жеме-жемге келгенде жауап­тылар сөздерінен секіріп, жалтарды. Қараша халық шенділердің сөзі­не се­не­міз деп са­қыл­даған аязда не ақша­сыз, не үй-күйсіз жүр», дейді ызаға булыққан тараздық тұрғын Мақпал Ноғайбаева мәселенің мәнісін түсіндіріп.

Баспанасыз жүрген бұқара «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында атқарылған жұмыстың жүйелі жүргізілмегенін алға тартады. Олар шенеуніктер мен құры­лыс­қа жауапты адамдар халықтан алған қаржыны талан-таражға салды ма деп те күдіктеніп отыр. Қысқасы, тараздық әлеумет жергілікті атқарушы билік мәсе­­ле­­ні толық әрі жан-жақты тексеріп, дұ­рыс шешім шығарса дейді.

«Мемлекеттік бағдарлама аясында жүргізілген құрылыс болса, олар қан­дай негізге сүйеніп ақша алып отыр? Жұмыстарын қаржы сұрамай аяқтау­лары керек еді. Жауаптылардың жауап­сыз­ды­ғы­нан қазір үй-күйсіз сабылып жүрміз. Жұрт қашанғы пәтер жалдап күнелтеді», дейді ашуға булыққан қала тұрғыны Гүлмира Оңасбаева.

Жергілікті жұрттың талабы да түсі­ні­кті. Олар маңдай тер, табан ақымен тап­қан табысын баспаналы болу үшін жұмсаған. Жалдамалы пәтерде тұ­ру­дан жалыққан халық уақтылы баспаналы болатынына сенген.

Алайда уақыт өте келе өткір мәселе тіпті ушыға түскен. Қалай алып қарасақ та, тұрғындар жанайқайының жаны бар. Баспаналы болудан үмітін үзбеген елдің сеніміне селкеу түсірмей, мәселені жедел түрде шешудің жолы бар ма?

Ашынған халық ештеңеге қарамай, қала әкімі Бақытжан Орынбековпен жүз­десудің түрлі жолын қарастырды. Қа­лалық әкімдіктің алдына жиналған халық ақыры дегеніне жетіп, көне шаһардың жаңа әкімімен кездесті. Жаңа әкім деуі­міздің де өзіндік сыры бар. Соңғы бір­неше жылдың бедерінде Таразға таға­йын­далған әкімдер «құдайы қонаққа» айналып кетті. Аз ғана уақыт қызмет етеді де, ауысып кетеді. Жергілікті халықтың дауымен танысқан Бақытжан Орынбеков мәселені майшаммен қарау үшін уақыт сұрады.

«Кімдікі дұрыс, кімдікі бұрыс екенін тиісті тараптармен кездесу барысында жүзбе-жүз отырып анықтайтын боламыз. Өйткені барлық мәселе заң аясында шеші­мін табуы керек. Егер мәселе біз ойлағандай болмаса сот арқылы мәж­бүр­леу мәселесін де қарастыратын боламыз», дейді қала әкімі Б.Орынбеков.

Оның айтуынша, мәселені нақты шешу үшін шамалы уақыт керек. Өйткені халық талабы орындалуы үшін ушыққан жағдай жан-жақты саралануы тиіс.

Бірнеше жыл бойы жалғасып келе жатқан дау бірнеше күнде шешімін таба ма? Шенділер заңгерлер арқылы уа­қы­тын­да жасалған келісімшарттарды қайта зер­делеуге ниетті секілді. Мәселе олай өрбі­ген жағдайда халықтың талабы жедел орын­дала қоюы қиын.

Тараз қаласына әкім болып тағайын­дал­ғалы бері жұрттың мәселесін бетпе-бет тыңдаудан танбаған Бақытжан Орын­беков бәлкім бұқараның байбаламын жедел шешудің жолын табар. Қалай десек те, шаһар тізгінін ұстаған әкімдердің ішінде Орынбековке деген елдің ықыласы да, сенімі де бөлек. Енді сол сенімнің үдесінен шықса дейміз.

 

Жамбыл облысы