Аймақтар • 26 Қаңтар, 2023

Қазандық инвестордың қамқорлығына өтті

202 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Риддердің жылу электр орталығы апаттан кейін енді-енді іске қосылып, жүйелі жұмыс істей бастап еді, жуықта көмір беру трактісі өртеніп кетті. Ол туралы оқиға орнынан хабар бердік. Енді қайта қалпына келтіру жұмыстары қалай жүргізіліп жатыр? Бүгін лекерлеп қойғанмен, ертеңгі күні не болады?

Қазандық инвестордың қамқорлығына өтті

Суретті түсірген автор

Естеріңізде болса, облыс әкімі Даниал Ахметов жөндеу жұ­мыстары үш күн ішінде аяқ­талады деген. Демек 23 қаңтар қайта қалпына келтіріліп, көмір қазандыққа өз жолымен түсуі керек еді. Алайда жұмыс жос­пардағыдай емес, кешікті.

– Көмір беру трактісінде жұмыс тоқтаусыз жүргізіліп жатыр. Жұмысшылар күн-түнге, суыққа қарамай жұмыс істеп жүр. Механикалық және электр жағы аз уақыт ішінде жөнделді. Айта кетейін дегенім, компания 19 қаңтар күні 600 метр лента тапсырыс берді. Бірақ жеткізушінің жауапсыздығынан лайықты лента келмеді. Содан біз басқа лента іздеуге кірістік. Оның бәрі уақыт. Иә, 22 қаңтар күні жұмысты аяқтап қоюымыз керек еді, – деп түсіндірді облыс әкімінің орынбасары Ержан Нұрбаев.

Жөндеу жұмыстарын жеделдету үшін 22 адамнан тұра­тын бригадалар бір-бірін алмастырып, нақты кестеге сай әркім өз учаскесі мен жұмы­сы­на жауап береді. Жұмысқа жы­лу стансаларының, құры­лыс фирмаларының және «Казцинк» компаниясының ең­бек­керлері тартылған.

Айта кетсек, өрт болған күні қазандық мазутқа көшірілген. Кейін жүйедегі температураны көтеру үшін шешімін тауып, қазандықтарға көмірді кранмен көтеріп салып отыр.

Білікті мамандар жұмылып жүріп, көмір беру трактісін қалпына келтіреді. Бұл уақыт ішінде тұрғын үйлердегі, меке­мелердегі қалыпты температура мәселе етіп көтеретіндей төмендеген жоқ. Алайда бүгін лекерлеп қойған қазандықтың темірі ертең қайта істен шықпай ма? Облыс басшысы Даниал Ахметов қазандықты біржола қалыпты жұмысқа келтіру үшін коммуналдық меншікке өтуі керек екенін айтқан. Ресми ақпа­ратқа сенсек, қаусап тұрған қа­зандықты жаңа инвестор қам­қорлығына алмақшы екен. Жаңа инвестор Риддер жылу энергия орталығын жаңғыртудың нақты жоспары бар екенін айтыпты. Демек қазандықтың жағдайымен жіті танысқан. Команданы ЖЭО жұ­мысымен жақсы таныс, тә­жірибелі маман Құралбек Әб­дірахманов басқарады екен. Ал қазандықты қашан, қаншаға сатып алады, бізге белгісіз. Бірақ жаңа инвестор жұмысқа кірісіп кеткен.

Облыс әкімінің орынбасары Ержан Нұрбаев атап өткендей, инвестор Риддерде қортқы көмір өндіретін зауыт салуды да жос­парлап отыр. Оны өндіру кезінде қазандық агрегаттарын жағу үшін қолданылатын газ да бөлінеді. Сондай-ақ көмір өндірісінде суды 95 градусқа дейін қыз­дырады. Оны жылу желісінде қолдануға болады. Жаңа меншік иелері «Казцинк» кәсіпорнымен де іскерлік, әріптестік қарым-қатынас орнатуға ниетті. Олар металлургиялық ЖШС үшін қортқы көмір өндіруге дайын. Артылғаны ҚХР-ға экспорт­талмақ. Қортқы көмір шығаратын зауыт құрылысының тағы бір артықшылығы экологиялық жа­ғынан тиімді. Өйткені қортқы көмір өндірісінде күл шықпайды екен.

Айта кетейік, инвесторлық компания барлық қажетті тө­лемдерді жүргізіп, керекті жаб­дықтарды сатып алып, істелген жұмыстардың ақысын төлей бас­тады. Алдағы жылыту маусымын штаттық режімде өткізуді жоспарлап қойған. Ал жазда Риддер ЖЭО-ға толық жаңғырту жүргізіліп, зауыт құрылысы бас­талады.

Инвестор жаңартылған ком­муналдық кәсіпорынға жұ­мысшы тапшылығы туындамауы үшін тұрғын үй сатып алуға дайын екенін де атап өткен. Естеріңізге сала кетейік, қазандықтың алдыңғы иелері жұмыс күшінен айырылып қалған. 2022 жылдың қарашасындағы апат кезінде қажетті 270 қызметкердің орнына ЖЭО-да небәрі 100 шақты адам жұмыс істеген.

Бүгінгі таңда көмір беру трак­тін жөндеу жұмыстары жал­ғасып жатыр. Көмір беру жолын желімдеу жұмыстары аяқ­талды. Ендігі кезекте іске қосу, реттеу үдерісі басталады.

 

Шығыс Қазақстан облысы,

Риддер қаласы