Аймақтар • 26 Қаңтар, 2023

Асылдың сынығы

420 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Академик Қаныш Сәтбаевтың Баянауыл мемориалдық музейі – көп жылдық тарихы бар мәдени мекеме. Жыл сайын жер сұлуы Баянауылға келген қонақтар мен туристер ғалымның мұражайына ат басын тіреп, құнды жәдігерлермен таныспай кетпейді.

Асылдың сынығы

Өткен жылы музейге 55 жыл толды. Жарты ғасырдан астам уақыт сақталған жәдігерлер тау-тұлғаның өмір жолы мен елдік жолындағы еңбектерінен сыр шертеді. Музейдегі мұралар жыл сайын толығып отырады. Осындай құнды жәдігерлермен толығу сәті 2014 жылы академик Әлкей Марғұланның пер­зенті Дәнел Әлкейқызының Баянауыл ауданына келу сапарында бол­ған еді. Ол көп жыл бойы кө­зінің қарашығындай сақтаған, құрбысы, Алматы кон­сер­ватория­сында оқып жүріп, 1964 жылы кенеттен қайтыс бол­ған Мәриям Қанышқызы Сәт­баеваның жеке заттарын музейге әкеліп тапсырды.

фп

Сонау бір заманнан сыр шер­­тетін жәдігерлер бүгінде мұра­жай сөресінде тұр. Атап айтсақ, Мәриям Қанышқызының жоғарғы оқу орнындағы сынақ кітапшасы, сту­денттік билеті, дәрістерді жаз­­ған дәптерлері, күн­­делігі, бет орамалы, ма­никюр заттары, санаториялық кітап­шасы, қол сағаты, әмияны, порт­фелі, былғары қолғабы, т.б. жеке заттары бар.

«Доссыз өмір – тұзсыз ас» демекші, қарап тұрсақ, сол кездегі адамдардың шынайы дос­тығы, мейірімі бір бөлек дүние, өскелең ұрпаққа өнеге деуге болады. Елу жылдан аса уа­қыт өтсе де, құр­бысының осы­нау заттарын бүгінгі күнге дейін сақтап, әкесінің музейіне жеткізген Дәнел Әл­кейқызына жерлестерінің атынан үлкен алғыс айтамыз.

Еске салсақ, Дәнел Әл­кей­қызы бүгінде академик Ә.Мар­­­ғұлан атындағы халық­ара­лық қордың вице-президенті, «Ол­жабай батыр» қоғамдық қо­рының мүшесі, Алматы қа­ла­сында тұрады. Академик Қ.Сәт­баев музейімен тығыз бай­ланыста. Өткен жылы Алма­ты қаласындағы академик Қ.И.Сәт­баев атындағы университетіне үш күндік көшпелі көрмемен барғанымызда арнайы келіп, ақ тілегін айтып еді.

Жуырда туған елі Дәнел Әл­кейқызын қошеметтеп, «Баян­ауыл ауданының құрметті азаматы» атағын берді. Асыл­дың сы­нығы іспеттес ғалым ұрпағы ке­рекуліктердің мерейін өсірді.

 

Сансызбай САПАРҒАЛИЕВ,

академик Қ.И.Сәтбаевтың Баянауыл мемориалдық музейінің қызметкері

 

Павлодар облысы,

Баянауыл ауданы