Мәселенің мән-жайы былай екен. «Қамқор-тұтыну» ЖШС Арал ауданындағы мектептермен балаларға ыстық тамақ беру қызметін көрсетуге келісімшарт жасайды. Алайда өткен жылдың 15 қыркүйегінде бір мектеп басшысы серіктестік директоры Зиағаладин Өтеновке хат жолдап, ас мәзірін kundelik.kz сайтына орналастыру үшін ай сайын 6 мың теңге төлеуді ескертеді. Аудандағы өзге де мектеп басшыларының талабы осындай болыпты. Амалы қалмаған кәсіпкер 6 мектепке 1 айға сұраған ақшаларын төлейді де Кәсіпкерлер палатасының Арал аудандық филиалынан құқығын қорғауды сұрайды.
Аудандық филиал директоры Нұрсәуле Ембергенова мектеп басшыларының әрекетіне құқықтық баға беру үшін аудандық прокуратураға хат жолдайды. Мәселеден хабардар болған кәсіпкерлер палатасының заңгерлері оны жан-жақты зерделеп, палата жанындағы кәсіпкерлердің құқығын қорғау және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі кеңесте қарауға шешім қабылдапты.
– Отырысқа кәсіпкер онлайн қатысты. Кеңес құрамындағы құқық қорғау органдарының да өкілдері бірауыздан мектеп басшыларының әрекеті заңсыз екенін айтты. Облыстық прокуратура өкілі кәсіпкердің бұл шағымының негізінде аудандағы өзге де мектептердегі жағдайға талдау жасайтынын жеткізді, – дейді кәсіпкерлер палатасы директорының орынбасары Салават Құлмахан.
Жақында кәсіпкерлер палатасына Арал ауданының прокуроры Мадияр Бекпановтан хат келіп, онда мектеп басшыларының MektepMenu платформасын пайдалану үшін кәсіпкерлік субъектілеріне негізсіз төлем жасатқаны анықталғаны жазылған. Осыған байланысты аудандық білім бөліміне ұсыныс беріліп, асхана иелерінің негізсіз төленген 500 мың теңгеге жуық ақшасы қайтарылып, 8 кәсіпкердің бұзылған құқығы қалпына келтірілген. Заң бұзушылыққа жол берген білім саласының 43 өкіліне тәртіптік шара қолданылды.
Қызылорда