Аймақтар • 26 Қаңтар, 2023

Газбен толық қамтылған аудан

375 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Облыс орталығы Тараз қаласынан 15 шақырым қашықтықта жатқан Байзақ ауданы өңірдегі халық тығыз орналасқан аймақтардың қатарына жатады. Орталыққа жақын болған соң, жергілікті жұртшылықтың жағдайы жаман емес. Әйтсе де көгілдір отын мәселесі шешілген аудандағы кейбір елді мекеннің тұрғындарын ауыз су, электр энергиясы мәселесі мазалайды.

Газбен толық қамтылған аудан

Аудандағы 30 елді мекен­нің 13-і әзірге ауызсумен қамтыл­маған. Алайда бүгінде өңір басшысы Нұржан Нұржігітовтің тапсырмасы аясында жергілікті халықты таза сумен қамтамасыз ету мақсатында ауқымды жұмыс­тар қолға алынған.

«Елді мекендерді ауызсу­мен қамту бойынша 2021-2025 жыл­д­арға арналған жос­пар­­ға сәйкес бүгінге дейін аудан аумағындағы 13 елді мекен ауыз­­­­­сумен қамтылмаған. Ор­та­­­лық­тандырылған ауызсумен қам­тылмаған 8 елді мекенге (Ақ­қия, Сарыбарақ, Ақтөбе, Бота­мой­нақ, Қосақ, Жеңіс, Жібек жолы, Тегістік) ауызсу жүйе­сін жүргізуге жобалық-смета­лық құжаттама әзірленіп, сарап­таманың оң қорытындысы алын­ды. Мәселені жедел шешкен абзал. Сондықтан құрылыс жұмыс­тарын жүргізуге қаржы қарас­тыру мақсатында облыс әкім­дігінің энергетика және тұр­ғын үй-коммуналдық шаруа­шылық басқармасына барлығы 2 644 950 теңгені құрайтын бюджеттік өтінім жолданды. Республикалық және облыстық бюджеттерден тиісті қаражаттар бөлініп, мемлекеттік сатып алу конкурсы жарияланып, мерді­герлер анықталды. Қазіргі таңда жоғарыда аталған 8 елді мекенде құрылыс жұмыстары жүргізілуде», дейді Байзақ ауданы әкімінің орынбасары Талғат Жамалов жағдайды түсіндіріп.

Оның айтуынша, аудан аумағындағы Төрткүл, Қайнар және Жаңасаз ауылдары халық саны аз ауылдардың санатына жатады. Мәселен, Қайнар ауылында 128 адам қоныстанса, Төрткүлде 290, Жаңасазда 278 адам тұрады.

«Халық саны аз ауылдарда ауызсуды тазартудың кешенді блок-модульдерін орнату жоспар­ла­нып отыр. Ал Төрегелді ауылын Жібек жолы ауылымен бірге ауызсумен қамту бағытында жо­ба­лық-сметалық құжаттама әзір­леніп, сарап­таманың оң қорытындысы алын­ды. Жамбыл облысын­дағы ауыл­дық елді мекендерді ауызсу­мен қамту бойынша 2022-2025 жыл­дарға арналған жол картасы­на сәйкес, Шахан ауылын Сары­барақ ауылы арқылы орталықтан­дырыл­ған ауызсумен қамту жоспарланып отыр», дейді аудан өкілі.

Байзақта аудандық маңызы бар жолдың жалпы ұзындығы 132,07 шақырымды құрайды. Жергілікті жұртшылық негізінен Сарыкемер – Мырзатай, Жібек Жолы – Жақаш – Көкөзек және Шахан ауылына кіреберістегі жол­дың жағдайы жақсарғанын қалай­тынын айтып, жиі қайырылады.

Аудандағы елді мекен көше­лерінің жалпы ұзындығы 421,1 шақырымды құраса, оның 175,6 шақырымы жақсы, 115,2 шақырымы қанағаттанарлық және 130,5 шақырымы қанағат­танарлықсыз жағдайда. Алдағы уақытта аудандық маңызы бар жолдың 96 пайызын және елді мекен көшелерінің 92,3 пайызын жақсарту бағытында жұмыстар қолға алынбақ.

«Ауыл – ел бесігі» бағдарла­масы бойынша республикалық бюджеттен 959 млн 278 мың теңге және аудандық бюджеттен 111 млн 853 мың теңге қарастырылып, жалпы 56 шақырымды құрайтын 53 көшеге орта жөндеу жұмыс­тары жүргізілуде. Сондай-ақ 2023 жылы 17 аудандық маңы­зы бар автожолдарға, жалпы 2385 м2 жолға ағымдағы жөн­деу жұмыстарын жүргізу қолға алынбақ. Сонымен қатар аудандық маңызы бар жолдарға 33 жол белгісін орнату жоспарланған.

Бір қуантарлығы бұған дейін аудандағы 43 елді мекеннің 42-сі көгілдір отынмен қамтылғанын білетінбіз. Жуырда ғана аудан тұрғындары толықтай газбен қамтылды деген хабарды естідік.

«2021 жылдың қорытынды есебінде елді мекен тұрғындарын көгілдір отынмен қамтамасыз ету бойынша 99 пайыз көрсеткішке қол жеткізілген еді. Төрткөл ауылы көшелеріне газ жүйесін жүргізу жұмыстарына облыстық бюд­жеттен 57538,0 мың теңге қара­жат қарастырылып, өткен жыл­дың желтоқсан айында аталған жұмыстар толықтай аяқталды. 2022 жылдың қорытынды есебін­де елді мекен тұрғындарын көгілдір отынмен қамтамасыз ету бойынша 100 пайыз көрсеткішке қол жеткізілді», дейді Т. Жамалов.

Деректерге сенсек, аудан аумағындағы елді мекен көше­лерін жарықтандыру бағы­тын­да да айтарлықтай жұмыстар атқа­рылып жатыр. Ең бастысы жергілікті халық толықтай табиғи газбен қамтылып отыр. Қалған мәселелер алдағы уақытта ретімен шешімін таппақ.

 

Жамбыл облысы,

Байзақ ауданы