Туризм • 29 Қаңтар, 2023

Түсімнің көзі – туристік жарна

403 рет
көрсетілді
12 мин
оқу үшін

Биыл елімізде туристік жарна төлеу тетігі енгізілді. Қазақстанға келген әрбір шетелдік турист қонақүйдегі жатын орын ақсының 5 пайыздан аспайтын мөлшерінде ақша төлеуге тиіс. Жергілікті бюджетке түсетін бұл қаржы отандық туризмді дамытуға жұмсалатын көрінеді. Дұрыс-ақ. Алайда қоғамда «жарна шетелдік туристердің келуін шектейді» деген пікір де жиі айтылып жүр. «Жарна жинамас бұрын оларға жайлы қызмет, жақсы жағдай ұсынып алайық», дейді олар. Әуелі жарнаға лайық жағдай жаса дегені ғой. Мұнымен де келісуге болатындай.

Түсімнің көзі – туристік жарна

Суретті түсірген Ерлан ОМАР, «EQ»

Туристер теріс айнала қоймас

Қалай десек те, норма күшіне енді. Мә­дениет және спорт вице-министрі Ер­жан Еркінбаевтың пікірінше, түсімнің жаңа түрі ішкі туризмнің бойына қан жүгіртпек.

– Туристік жарна халықаралық тә­жірибеде бар дүние. Аспаннан алып отырған жоқпыз. Алдын ала жүргізілген есептеулерге жүгінсек, аталған жарна арқылы мемлекеттік қазынаға жыл сайы­н 2,5 млрд теңге көлемінде түсім түседі. Мұның бәрі ішкі туризмді дамытуға жұм­салады. Жарна жергілікті бюджеттерге түседі. Сондықтан әкімдіктер бұл қаржыға туризм саласындағы түр­лі жобаны жүзеге асыра алады. Ай­талық, инфрақұрылымды дамытуға жұм­­сауына болады. Мысалы, жол бойы­на жылы дәретханалар салып, қо­қыс жинақталатын орындарды жабдық­тауына мүмкіндік бар. Сол секілді өңірдің ішкі және халықаралық нарықтағы маркетингіне жұмсаса да болады. 5 пайы­з дегеніміз шетелдіктер үшін 3-4 доллар ғана. Осыған бола туристердің біздің елден теріс айналып кете қоймасы анық, – дейді Ержан Еркінбаев.

Ереже бойынша шетелдік туристер төлейтін жарна жатын орын ақысының 5 пайызынан аспауы керек. Ал оның нақты қанша пайыз болатынын жергілікті әкімдіктер бекітеді. Жарна өткен жыл­дың статистикалық деректерінің негі­зінде есептеледі. Мәселен, Алматы қала­сы биыл туристік жарнаның көлемін 5 пайыз деп бекітті. Астана әкімдігі де дәл осындай шешім қабылдады.

– Алматы қаласы 2021 жылдың алты айында 54 мыңнан астам шетелдік турист­­ке қызмет көрсетті. Ал өткен жыл­дың алты айында қалаға келген шетел­діктердің саны 151 мыңнан асты. Ту­ристер санының екі есе өскенін кө­ріп отырмыз. Биыл Алматыға 400 мың шетелдік турист келеді деген бол­жам бар. Егер шетелдік турис­тер саны өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыс­тыр­ғанда 20 немесе одан да жоғары па­йызға өссе, жарна мөлшерлемесі жатын орын ақысының 5 пайызын құрайды. Ал керісінше, туристер саны төмендеген жағ­дайда жарна мөлшерлемесі біртіндеп кеми береді. Айталық, сырттан келушілер саны 5-10 пайызға азайса, жарна көлемі 4 пайызға түседі. Сол секілді бірден 20 пайызға төмендеп кетсе, жарна 1 па­йыз­ға тең болмақ. Туристік жарна қона­қүйде болған әрбір тәулік үшін алынады. Тек, бұл норманың хостелдерге, қонақ қа­былдайтын үйлерге, аудандар мен қалаларда жалға берілетін тұрғын үй­лерге қатысы жоқ. Қонақүй шетелдік ту­рист­­ке жарна төленетінін алдын ала ха­бар­лауы керек, – дейді Алматы қала­сы әкі­мінің орынбасары Әлішер Әбді­қадыров.

 

Бизнес бұған дайын ба?

Жуырда туризм саласындағы кәсіп­керлер мен «Атамекен» ұлттық кәсіп­керлер палатасы мамандарының туристік жарнаға теріс қорытынды бергенін жазған едік. Олар жарна салаға теріс әсер береді деп қауіптеніп отыр. Сондықтан бизнес өкілдері туристік жарнаны 2024 жылға дейін кейінге қалдыруды сұраған еді және келер жылға дейін жарнаны төлеу тетігін бірлесіп пысықтауды ұсынған болатын.

– Кәсіпкерлер бұл практикаға қарсы емес, бірақ жарнаны төлеудің нақты тетігі болуы керек. Бизнес өкілдері бір­неше рет ұсынысын айтты, ескерту жасады. Өкінішке қарай, олар ескерілмеді. Әкім­шілендіру бойынша қолданыстағы жүктеме толығымен қонақүйлерге тү­седі. Сондықтан қағидаларды қайта қарап, нарықтың ескертулерін назарға алу керек. Жарна кәсіпкерлердің жүк­темесін арттырады. Қазірдің өзінде «бух­галтерлік және салықтық есепте жарнаны қалай дұрыс көрсету керек» деген сұрақтар туындап отыр. Қағидалардың қазіргі нұсқасында туристік жарнаны пайдаланудың нақты белгіленген мақ­саты мен міндеті жоқ екеніне назар аударған жөн. Бұл қаражат қайда және қалай жұмсалады және қандай орган оны бақылайды? Балалар мен зейнеткерлерге немесе қонақүйге туристік мақсатта емес, жұмыс үшін келген шетелдіктерге қалай салық салынады? Осындай сұрақтарға нақты жауап алғымыз келеді, – дейді «Қалалық туризмді дамыту орталығы» қауым­дастығының атқарушы директоры Татьяна Верницкая.

Сонымен қатар бизнес өкілдері ха­лықаралық тәжірибені зерделеуді сұрап отыр. Әлемдік тәжірибе көрсет­кендей, жарна мөлшерлемесі нақты бекітіледі. Мөлшерлеме қонақүй тари­фіне, маусымға байланысты болмайды. Турист қанша төлеу керегін нақты біліп отырады. Мысалы, Өзбекстанда жар­на мөлшерлемесі 2 доллар мөлшерінде, Ресейдің үш аймағында 0-ден 100 рубльге дейін, ал Италия ай­мақтарында 5 еуро мөлшерінде бел­гіленген. «Үкі­метт­ің қаулысы нарық өкілдерінің талқы­лауынсыз қабылданды. Салдарынан статистика мен жатын орын құны арқылы есептелетін күрделі нұсқа пайда болды. Әлемдік тәжірибеде туристке түсінікті тұрақты сома тәжірибесі қолданылады. Ал қазіргі қағидалар турис­терді шатастырып, салаға кері әсер етуі мүмкін», дейді Қазақстан қонақүйлер мен мейрамханалар қауымдастығының пре­зиденті Рашида Шайкенова.

Әлбетте, Үкімет бизнестің бұл ұсы­нысын қабылдай қоюы екіталай. Өйткені норма бекітілді, қолданысқа енгізілді. Біртіндеп жұмыс істеп жатыр. Мәдениет және спорт министрлігі Туризм индус­триясы комитетінің төрағасы Дастан Рыспеков бұл жайында былай дейді: «Сомасы бекітілген мөлшерлемені енгізу мәселесі талқыланбайды, өйткені бұл – қолданыстағы қағидалар. Салық жүйесі бойынша бәріміз еңбекақымызға байланысты салық төлейміз. Егер біз сомасы бекітілген тарифтерді енгізсек, сұрақтар туындайды. Өйткені қонақүйлерде баға саясаты әртүрлі».

Десе де, «Атамекен» ұлттық кәсіп­кер­лер палатасы нарықтың пікірін ескере отырып, 2023 жылға арналған нөл­дік мөлшерлемені қолдану, жарнаны іске асыру тетігін пысықтау, па­йыз­­дық мөлшерлемені белгіленген мөл­шер­лемеге ауыстыру және енгізіл­ген қағидаларды 2024 жылдан бастап Ас­­тана, Алматы қалаларында қанат­қақ­ты режімде сынақтан өткізуді қайта ұсын­ды.

Ibis Novotel қонақүйінің басшысы Арсений Тагаевтың пікірінше, жарна туристердің ағынына кері әсер етпеуге тиіс. Ең бастысы, ақы жинау жүйесі нақты әрі ашық болса болғаны.

– Бастама түсінікті әрі қисынды. Туристерден жиналған қаржы туризм саласына, елдің дамуына жұмсалады. Бұл – әлемдік тәжірибе. Көптеген ел туризм саласына дәл осы жүйе арқылы қолдау көрсетіп отыр. Сондықтан мұндай бас­таманы қолдаймыз. Ең бастысы, жарнаны жинау жүйесі нақты әрі ашық болса екен. Жарна шетелдік туристердің қалтасына салмақ сала қоймас. Өйткені қазақстандықтар да шетелге демалуға барғанда дәл осындай жарнаны төлейді. Бұған бола реніш білдірген жанды көр­медік. Сол себепті жаңа норма турис­тердің ағынына кері әсер ете қой­мас деген ойдамын, – дейді Арсений Тагаев.

 

Жарнаға лайық жағдай жаса

Бұл мәселеге келгенде экономистердің де пікірі қақ жарылып тұр. Көбі қолдап отыр. Кейбірі мұндай туристік жарна масылдық сипатқа ие дейді.

– Біздің елде туризм әлі дамыған жоқ. Билік жинақталатын жарнаның есебінен алдағы болашақта сервисті жақ­сартуға уәде беріп отыр. Яғни шет­елдіктерден жоқ сервис үшін ақша ал­мақшы. Мұндай тәсілмен саланың бойына қан жүгірте алмаймыз. Ең алдымен қарапайым деген дүниелерді жасап алайық. Мысалы, демалуға қажетті қарапайым инфрақұрылымды реттейік. Содан кейін ғана демалушылардан қо­сымша ақы талап етейік. Қазіргі жағ­дайда туристерді елге шақырып, сол үшін қаржы алсақ та жеткілікті емес пе?! Жарнаны жайлы жағдай жасаған кезде жинай жатармыз. Әріге бармай-ақ, жол бойындағы жылы дәретханаларды алайық. Солардың біразы жабық тұрады немесе үнемі жөндеу жүріп жатады. Біздің туризмге деген көзқарасымызды осыдан-ақ аңғаруға болады, – дейді экономист Арман Бейсембаев.

АҚШ-тың U.S. News & World Report L.P. деп аталатын журналы туризмге қолайлы елдердің рейтингін түзген екен. Басылымның бағалауынша, Қазақстан рейтингке енген 85 елдің ішінде 84-ші болып тұр. Бізден кейінгі орын Иранға бұйырыпты. Іргелес жатқан Өзбекстан, Ресей, Украина, Әзербайжан, Беларусь елдері Қазақстаннан ілгері орналасқан. Тіпті қара құрлықтағы Замбия, Ливан, Мьянма секілді елдер де алдымызды орап кетіпті. Шетелдіктер біздің елдегі ту­ристік саланың жағдайын дәл осылай бағалап жатқанда жаһан жұртынан жаппай ақша жинағанымыз қаншалықты дұ­рыс? Бұл да ойланарлық мәселе се­кілді.

Energyprom.kz зерттеуіне сүйенсек, 2022 жылдың қаңтар-қыркүйегінде елімізге 3,4 млн шетелдік турист келген. Көр­сеткіш 2021 жылдың сәйкес кезеңі­мен салыстырғанда 3,6 есе жоғары. Бірақ сарапшылар туристердің көптеп келуін туризм саласының жақсаруымен байланыстырмайды. Себебі бұған басқа факторлар әсер еткен. Біріншіден, коронавирус пандемиясына байланысты қалыптасқан жағдай жақсарды әрі шектеулер алынып тасталды. Екіншіден, соғысқа жұмылдыру салдарынан елге Ресейден көп адам келді. Әйтпесе, Қазақ­станда ішкі туризмнен гөрі сыртқы туризм жақсы дамыған. Мұны деректер де растап отыр. Мәселен, 2022 жылдың то­ғыз айында 5,6 млн отандасымыз шет­елге шығып демалған. Көрсеткіш 2021 жылдың сәйкес кезеңімен салыс­тыр­ғанда 2,2 есе жоғары. Демек жыл өткен сайын шетелде демалуға ниетті отан­дас­тары­мыздың үлесі көбейіп келеді деген сөз.

Әлбетте, қанша адам болса, сонша пікір бар. Сондықтан мәселеге кешенді тұрғыдан келмесе болмас. Деректерге сүйенсек, Қазақстанға келген шетелдік туристің орташа шығыны 100-200 долларды құрайды. Өткен жылдың қаңтар-қыркүйек аралығында елімізге 3,4 млн шетелдік турист келген екен. Осы цифр­ларға қарасақ, 5 пайыздық жарна қар­жылық тұрғыдан әжептәуір табыс әкелуі мүмкін. Мұның бәрін уақыт көрсетеді, әрине. Ең бастысы, түскен қаржы ашық әрі мақсатты жұмсалса болғаны.