Әрине, бұл табанасты туа салған шешім емес. Өткен жылғы қыркүйектегі Жолдауында Президент алда тұрған сайлау науқандары туралы айтқан болатын. Соған сәйкес өткен жылдың қараша айында кезектен тыс президент сайлауы өтті. Міне, күні кеше Сенат депутаттарының бір бөлігі сайланды. Енді, алда Мәжіліс пен мәслихат сайлауы күтіп тұр.
Президенттің Парламент Палаталары төрағаларымен және Премьер-министрмен Парламент Мәжілісін тарату және мәслихаттардың өкілеттігін мерзімінен бұрын тоқтату жөніндегі кеңесте Мәжіліс жаңа үлгі бойын-
ша жасақталатыны айтылды.
Бұл сайлаудың бір ерекшелігі Мәжіліс депутаттарының 70 пайызы партиялық тізім арқылы, ал қалған 30 пайызы бір мандатты округтерден сайланады.
Өкілді билікке ең алдымен елдің бүгіні мен ертеңін және Отанымыздың мүддесін ойлайтын тың көзқарастағы азаматтардың келуіне мүмкіндік туып отыр. Олай болса, халықтың саяси өзгерістерге деген ниетіне қолдау көрсетіп, азаматтық қоғамның одан әрі дамуына мейлінше жағдай жасауды тілге тиек етіп жүрген Мемлекет басшысына халықтың қазіргі ықыласы тіпті бөлек.
Республикамыздың әрбір саналы азаматы, соның ішінде депутаттыққа үміткерлер Қазақстанның қарқынды дамуын, қоғамда оңды өзгерістердің көрініс табуын ойлауға тиіс. Расында да, алдағы сайлау науқаны елімізде болып жатқан жан-жақты жаңару үдерістерімен қатар саяси тұрғыдағы мәдениетімізді айшықтап алатын кезекті белес екенін жете сезінуіміз керек. Мұның бәрі, айналып келгенде, бір ғана маңызды міндетке келіп тіреледі. Ол – Әділетті Қазақстан құру!
Бір ел, бір халықтың жарқын болашаққа бет бұрған қорытынды кезеңі біздің саяси белсенділігімізге байланысты.
Ерлан СЫДЫҚОВ,
Л.Н.Гумилев атындағы
Еуразия ұлттық университетінің ректоры