Қоғам • 30 Қаңтар, 2023

Елде 16 мың адам алимент төлемей жүр

265 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Алимент төлемей жүрген 16 мың азаматқа елден шығуға тыйым салынса, тағы 2 мыңнан астам адам іздеуде жүр, деп хабарлайды Egemen.kz  «Хабар 24» телеарнасына сілтеме жасап.

Елде 16 мың адам алимент төлемей жүр

Баланы асырау мәселесін бейбіт жолмен шешу кез келген ерлі-зайыптылардың қолынан келмейді. Бұл жағдайда дау сотта шешіледі. Әділет министрлігінің мәліметінше, қазір Қазақстанда балаларына 14 миллиард теңгеге жуық қарызы бар 80 мыңнан астам адам бар. Сот орындаушыларында 305 мыңға жуық атқарушылық құжат өндірісте жатыр. Өңірлер тұрғысынан алғанда борышкерлердің ең көп саны Астана мен Алматы қалаларында тіркелген.

Заңгерлердің айтуынша, төлем көлемін азайту үшін нақты табысын әдейі төмендететін жағдайлар да көп.

«Көбінесе мәселе сот орындаушыларының алиментпен айналысқысы келмейтіндігінде, өйткені алимент туралы атқарушылық іс жүргізу мемлекеттен төленеді, бұл өте аз сома», дейді адвокат Илья Лунев.

Заң тіпті жұмыссыздарды алимент төлеуге міндеттейді. Сонымен қатар, борышкердің үстінен қылмыстық іс қозғау үшін 3 ай ғана ақша аудармау жеткілікті. Ең жақсы жағдайда қоғамдық жұмыстарға тартылуы мүмкін, ең жаманы - 2 жылға дейін бас бостандығынан айыру. 2022 жылы соттар жүзден аса қазақстандықты қылмыстық жауапкершілікке тартқан.

«Мәселен, егер борышкер бір жыл бұрын айына 500 мың теңге табыс тапса, ал кірістер туралы анықтамада ол 70 мың теңге алатынын көрсетсе, онда сот орындаушысы бұл фактіні тексеруге бастамашы бола алады. Біз шоттарды тексереміз, шығындарды қарастырамыз. Егер алимент төлеуші тұрғын үйді жалдау ақысын төлесе, несиесін өтесе, күніне 10-20 мың теңге жұмсаса, онда ол өзінің нақты табысын жасырады деген күдікке ілінеді. Мұндай жағдайларда біз ақпарат жинап, ішкі істер органдарына ұсыныс жібереміз. Жеткілікті ақпарат болған жағдайда оған қылмыстық іс қозғалуы мүмкін», деп түсіндірді Астана қаласы бойынша жеке сот орындаушыларының өңірлік палатасы басшысының орынбасары Саламат Әділбекұлы.

 

Гүлшахра САНСЫЗБАЙ