Аймақтар • 30 Қаңтар, 2023

Күйік шалғандар лайықты ем алды

322 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Шалғайда жатқан Мойынқұм ауданының 26 және 54 жастағы екі тұрғынының денесін толықтай дерлік күйік шалған. Биназар ауылының тұрғындары дәрігерлердің жедел іске кірісуінің арқасында өмірге қайта келгендей күй кешіп отыр.

Күйік шалғандар лайықты ем алды

Облыс әкімдігі денсаулық сақтау басқармасы келтірген деректерге сенсек, екі азаматтың беті, мойны, аяғы қатты зақымданған екен. Зерделеу барысында ІІІ-а, ІІІ-б және ІV дәрежелі жарақат белгілері анықталған. Кең термиялық магистралды күйікпен аурухананың қабылдау бөліміне жеткізілген тұрғындарға жергілікті дәрігерлер жедел көмек көрсетуге кіріскен. Әрине, газ баллонының жарылуы салдарынан орын алған жарақатты бірден жазу мүмкін емес.

Мамандардың айтуынша, денесінің 85 пайызын күйік шалған азаматтарға үшінші дәрежелі күйік шок емі шұғыл түрде жасалған. Тыныс жолдарының термоингаляциялық терапиясы жедел қолданылған. Кейіннен науқастар жансақтау бөліміне орналастырылған. Ондағы мамандар да жергілікті азаматтарға қолдан келген көмекті аямаған. Барлық тиісті ем-шаралар мен көмектер толықтай көрсетілген.

Облыстық денсаулық сақтау басқармасы баспасөз қызметінің хабарлауынша, Тараз қаласынан шұғыл жеткен комбустиологтің қажетті шараларды жедел қабылдауының нәтижесінде өмір мен өлім арасындағы арпалыста жатқан науқас есін жиған. Осылайша, өмірге жаңадан келгендей күй кешкен.

Тұрғындардың айтуынша, үйдегі газ баллонынан шыққан түтінді ешкім аңғармаған көрінеді. Аз ғана уақыт бұрын өздері тұтатқан газ сүтпісірім уақытқа жетпей атылған. Дәл сол сәтте науқас азаматтар сол бөлмеге кірген екен. Атылған баллоннан келген зардап салдарынан екеуінің де денесін толықтай дерлік күйік шалған.

Әлбетте, бүгінгі таңда науқас азаматтардың жағдайы біршама жақсара түскен. Әйткенмен олардың қазіргі жағдайын ескерген ақ желеңділер орталық ауруханада терапиялық емді жалғастырып жатыр. Тұрғындар толық сауыққанша бақылауда болмақ. Өйткені олардың денесіндегі жарақаттың ауыр екені анық.

Хирургия бөлімшесінің меңгерушісі Медет Мұқашевтың айтуынша, екі азамат та дер кезінде санавиация желісі бойынша мамандандырылған Тараз қалалық көпсалалы ауруханасының күйік бөліміне жеткізілген екен. Бүгінгі таңда науқас­тардың жағдайы жақсаруы үшін мамандар қолдан келген көмекті аяп жатқан жоқ.

«Тұрмыстық газдан келетін барлық зардаптан абай болған жөн. Төтенше жағдайлардың қайғылы аяқталуы әдетте тұрмыстық газ құрылғыларын қолданбау және ережелерді бұзу салдарынан орын алып жатады. Нақтырақ айтар болсақ, көбінесе газ баллон жарылуы  адам өміріне зор қауіп төндіреді. Сондықтан тұрғындар қауіпсіздік ережелеріне барынша абай болғаны жөн», дейді М.Мұқашев жағдайды түсіндіріп.

Мойынқұм ауданы өңірдің үштен бір бөлігін алып жатқан алып аудан екені мәлім. Тіпті кейбір ауылдар аудан орталығынан 200 шақырым қашық­тықта жатыр. Мұндай жағдай әлгіндей алыстағы ауылдардың бірінде орын алғанда дәрігерлердің дер кезінде көмек көрсетуінің өзі мұңға айналар ма еді, кім білсін?! Қысқасы, өңірдегі көгілдір отын­мен қамтылмаған жалғыз аудан саналатын Мойын­құмдағы жағдайдан көпшілік сабақ алса дейсің...

 

Жамбыл облысы,

Мойынқұм ауданы