Семей қаласында 150 орындық мүгедектігі бар адамдарға арналған оңалту орталығы ашылды. Оңалту орталығы балаларға да, ересектерге де қызмет көрсетеді.

Мұнда кешенді медициналық-әлеуметтік, психологиялық-әлеуметтік және әлеуметтік-педагогикалық жағынан оңалту жүзеге асады. Сондай-ақ Абай облысының алыс аудан, ауылдарынан келгендерге 1 айдан 6 айға дейін уақытша тұруға мүмкіндік қарастырылған. Барлық бөлмелер мен кабинеттер қажетті медициналық жиһаздармен және отандық, шетелдік заманауи оңалту жабдықтарымен қамтамасыз етілген. Орталықта 14 оқу орны бар кітапханасы бар болса, оның екеуі мүгедектер арбасына арналған. Термогидротерапия бөлімшесінде екі емдік бассейні де бар.
«Мемлекет басшысының тікелей тапсырмасымен іргесі қаланған бірегей орталық 200 маманды тұрақты жұмыспен қамтымақ. Білікті мамандар заманауи техникалық оңалту құралдарын қолдану арқылы әр ем алушыға жеке бағдарлама әзірлейді. Бұл нысанның облысымыз үшін де, қаламыз үшін де маңызы зор», деп атап өтті Абай облысының әкімі Нұрлан Ұранхаев.
Орталықтың ашылу салтанатына Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Ербол Оспанов арнайы келді.
Мемлекет басшысының 2020 жылы берген тапсырмасымен бірінші кезекте 12 оңалту орталығын ашу жоспарланған еді. Соның ішінде бірінші болып Семей қаласында ашылып отырғанына қуаныштымын. Абай облысы бойынша 24 мыңнан аса мүгедектігі бар азамат тіркелген. Бұл – осыншама отбасы, демек арнайы қызметке мұқтаж балаларды тәрбиелеп отырған ата-аналар. Енді жылына 4 мыңнан аса адам орталық қызметін пайдалана алады, – деді вице-министр.
Оңалту орталығында психоневрологиялық патологиясы бар, тірек-қимыл аппараты бұзылған мүгедек балалар және бірінші және екінші топ мүгедектігі бар адамдар ем-дом алып, оңалтудан өте алады.
Ерзат ЖАНАТҰЛЫ,
журналист
Батыс Қазақстан облыстық мәслихатына кімдер сайланды?
Сайлау • Кеше
Түркістан облыстық мәслихатына сайланған депуттар кім?
Сайлау • Кеше
Бірқатар өңірде ауа райына байланысты ескерту жасалды
Ауа райы • Кеше
Ұқсас жаңалықтар