Аймақтар • 31 Қаңтар, 2023

Тозған қазандық, тоңған халық

275 рет
көрсетілді
10 мин
оқу үшін

Абай облысындағы жылу желілерінің тозығы әбден жеткен. Облыс бойынша жылу желілерінің 63,8 пайызын ауыстыруды қажет етеді. Әсіресе облыс орталығы Семей қаласының желілерінің жағдайы көңіл көншітпейді, мұндағы құбырлардың 70 пайызға жуығы ескірген. Бір ғана Семейдің өзінде 322 шақырым жылу желісін жаңалау керек. Әйтпесе, Екібастұз бен Риддердегі жағдай осында биыл болмаса да, алдағы жылдары қайталанбауына ешкім кепілдік бере алмайды. Бұлай айтуға негіз де бар. Семейдегі жылу жүйесіндегі жырдың айтылып келе жатқанына да бірнеше жылдың жүзі болды.

Тозған қазандық, тоңған халық

Коллажды жасаған Зауреш СМАҒҰЛ, «EQ»

Екібастұз бен Риддерден сабақ алатын уақыт жетті

Биылғы қыс еліміздегі жылу желі­лері­н­ің жайын нақты көрсетті. Жалпы, елдегі жылу желілерінің жартысынан көбінің тозғанын, ЖЭО-ның мүшкіл жағдайын Екібастұз бен Риддер қаласындағы төтенше жағдай еске түсіріп, биліктің бұл мәселемен түбегейлі айналысуға түрт­кі болды десе де болады. Бұл бір күн­де ғана орын алған төтенше оқиға емес екені әмбеге аян. Жылдар бойы жинақ­т­алып, сыздауықша жарылғаны – осы қыс. Осыған орай, Президент Қасым-Жомарт Тоқаев төтенше жағдайдан кейін орталық және жергілікті атқарушы органдардың қызметін тексеретін комиссия құруды тапсырды. Осы ретте арнайы комиссияның төрағасы, Президент әкімшілігі басшысының бірінші орынбасары Тимур Сүлейменов өткен жылдың желтоқсан айында Семейге келіп, қаладағы жылу жүйесіндегі мәселелермен жан-жақты танысқан еді. Бұдан кейін ауқымды жиын өтіп, облыстағы жылу жүйесіндегі мәселелер талқыланған тұғын. Абай облысының әкімі Нұрлан Ұранхаев осы салада облыс әкімдігінің атқарып жатқан жұмысын баяндаған.

«Мемлекет басшысының тапсырмасымен Энергетика министрлігі Семей қаласындағы ЖЭО-3 құрылысының техникалық-экономикалық негіздемесін әзірлеу туралы шешім қабылдады. Жаңа ЖЭО жылу энергиясының өнімділігін арттырады және көптеген ескірген эко­ло­гиялық қолайсыз қазандықтарды алмас­тырады. Жылумен қамтамасыз ету сала­сындағы негізгі проблемалардың қата­рында жылу желілерінің тозуы да бар. Желілердің тозуы орташа пайызбен есептегенде 63,8% құрайды. Жылу желілері мен технологиялық жабдықтардың ескі­руі жылу энергиясын өндіру мен тасы­малдауда үлкен ысырапқа әкеледі. Осы­ған орай, бүгінгі таңда Семей қаласы мен Абай ауданы Қарауыл ауылының жылу желілерін тартуға 1,3 млрд теңгеге 3 жобалық-сметалық құжат әзірленді», деп атап өткен облыс әкімі Аягөз қаласында жылу электр орталығы мен Курчатов қаласында орталық қазандық салу мәселесін де көтерген.

Бұл ретте Тимур Сүлейменов Семей қаласын дамытуда барлық қолдау бола­ты­нын, тиісті қаражат бөлінетінін жеткіз­ген еді. Ендігі үміт – Үкіметте. Үкімет ұтым-
­ды қимылдаса, Семейдің «бас ауруы­на» айналған жылуы біржақты болар еді.

Анықтама үшін айта кетейік, Абай облысында жылу беру қуаты сағатына 100 гигакалориядан асатын төрт ірі жылу орталығы бар. Оның екеуі – Семейдегі №1 ЖЭО мен РК-1 жылу орталығы. Екеуі – Жезкент кентіндегі қазандық пен орталық қазандық. Сондай-ақ қуаты саға­тына 100 кигакалориядан төмен 40 жылу беру нысаны бар. Оның 19-ы Семейде болса, қалған 21-і – аудандарда. Бұған қоса, облыста 273 автономды қазандық жұмыс істейді.

Бұл күндері Семейде дірдек қаға­тын саршұнақ аяз жоқ. Жергілікті би­лік­ке Жаратқанның өзі жәрдем беріп тұрғандай. Желтоқсанның бастапқы күнде­ріндегі аязда көпқабатты көп үй­лер суып кетті. Тоңған тұрғындардың жанайқайы әкімдік жаққа үзіліссіз жетіп жатты. Жылу желілерінен ақау шығып, жылу қазандықтары да сыр берген кездер кездесті. Мәселен, желтоқсанның ортасында ЖЭО-1 отын беру жүйесінде өрт шығып, көмірмен қамтамасыз ету жүйесінің жұмысы уақытша тоқтады. Қалпына келтіру жұмыстары жүріп жатқанда 100-ден аса төтенше жағдай қызметінің мамандары мен әскерилер көмірді қолмен тасып, жылу беруде кідіріс болмады. Әлбетте, бәрін біржақты қараудан да аулақпыз. Жылу қажетті температурада берілгенімен, құбырдың тозғанынан тұрғын үйлерге жылу жеткенше шашау шығып жатады. Бұдан бөлек, тұрғын үйдің қысқы маусымға дайын болмауы, басқару органдарының жоқ болуы пәтердің суып кетуіне сеп болатыны анық.

 

Семейге жаңа жылу электр орталығы қажет

Семейге жаңа жылу электр орталығын салуды, жылудың жырына нүкте қою керек екенін Президент Қасым-Жо­март Тоқаев былтыр қыркүйекте келген сапарында баса мән беріп, ерекше көңіл аударғанын Абай облысы тұрғын­дарының жадында.

«Семей қаласының инфрақұрылымы әбден тозған. Жазда ыстық су жоқ, ал қыста үйлер жылынбайды. Қаладағы жы­лу электр орталығынан шығатын зиян­ды қалдықтар ауаны шектен тыс лас­тап жатыр. Бұл мәселелерді түпкілікті шешетін уақыт жетті. Сондықтан Үкімет­ке әкімдікпен бірлесіп, Семейде заманауи жылу электр орталығын салу және инфрақұрылымды жаңарту мәселесін қарастыруды тапсырамын. Жоба халық­тың тұрмыс сапасына, сондай-ақ өңір экологиясына оң ықпалын тигізетіні анық», деп Президент күрмеуі көп күрделі мәсе­лені шешуді айқындап, анықтап берді.

Расында, Семейге тағы бір жаңа жы­лу орталығын салу қажет екені бұған дейін де ара-тұра айтылып жүретін. Қала­ның оң жағалауына жаңадан жылу орталығын салу бірнеше жылдан бері айтылса да, белгілі һәм белгісіз себептермен кейінге шегеріліп келеді. Оның үстіне оң жағалаудағы ескірген, жылу беретін қуаты аз, шағын жылу орталықтарының мұржаларынан будақтаған қою түтін шаһарды торлап алады. Қыс басталса, семейліктер қара түтінге тұншығып жүргені. Айтпақшы, осыдан апта бұрын ЖЭО-3 салу жайын облыс әкімі Нұрлан Ұранхаев «Metag Holding» өкілдерімен талқылапты. Инвесторлар да ЖЭО салуға қызығушылық танытыпты. Ендігісі – келешектің еншісінде.

 

Көмірді қолмен салып жүр

Жоғарыда атап өткендей, Семей ядро­лық полигонының орталығы болған Курчатов қаласына да жаңа жылу орта­лығы қажет. Шағын шаһардың 12 мыңнан аса тұрғыны бар. Қаланы жылумен қамтамасыз ететін 4 қазандықтың 40 пайызы тозып тұр. Ал жылу желілерінің 36 пайызы ескіріпті. Сорақысы сол, қазандықтарға көмір әлі күнге дейін қолмен салынады. Шаһардағы көпқа­батты тұрғын үйлердегі температура да әртүрлі. Қала тұрғындарының бірі үйіміз жылы десе, енді бірі аңырап тұр дейді. Соған қарағанда, әр ықшамауданға жылу әртүрлі берілетін тәрізді.

Курчатовтағы коммуналдық кәсіп­орын­ның басшысы Айдын Нұрланов­тың айтуынша, қазандықтардағы жұмыс­тың көпшілігі әлі күнге дейін қолмен атқарылады. «Күніне қала бойынша 140 тонна көмір жағамыз. Оның бәрін жұмысшылар қолмен лақтырады. Жұмыс өте ауыр. Қолмен емес, автоматты түрде көмір беретін жылу нысаны керек», дейді коммуналдық кәсіпорын басшысы.

Курчатовта 78 көпқабатты тұрғын үй мен 44 әкімшілік ғимаратқа жаңағы айтқан 4 қазандық жылу береді. 4 қазандықтан сағатына 34 гигакалория жылу берілуге тиіс. Алайда жағдай мүлдем басқаша. Курчатов қаласының әкімі Олег Чугунков жылу беру көрсеткіші сағатына 23 гигакалориядан аспайды дейді. Әкімнің айтуынша, қазандықтар 65 пайыз ғана жұмыс істеп тұр.

«Жылудың жетіспеуінен қалада әлеуметтік нысандар салуды шектеп отырмыз. Жаңадан балабақша салынуда. Оны жылуға қоссақ, жылу азайып кетеді. Күрделі жөндеуді қажет ететін үйлер бар. Жылу болмағандықтан, ол тұрғын үйлерді пайдалануға бере алмай отырмыз», дейді қала әкімі.

Байқасаңыз, бір ғана қазандық мәселе­сі басқа да шешілуге тиіс шаруаға қол­бай­лау болып отыр. Әкімдіктің есебі­не сүйенсек, жаңа жылу орталығын салу үшін 10 млрд теңге керек. Жылу орталы­ғын салу моноқалаларды дамыту жоспарына енген. Соған сәйкес, жылу беру нысаны 2025-2026 жылдары салынуы мүмкін. Әзірге Курчатов қаласының тұрғындары ептеп, көмірді қолмен лақты­рып, осылай күн кеше тұруына тура келеді. Жаңа жылу орталығы бой көтерсе, шаһардағы қаңырап тұрған көпқабатты тұрғын үйлерді пайдалануға да мүмкіндік болатын еді.

Абай облысында Семей қаласынан кейін көпқабатты тұрғын үйі көп екі қала – Курчатов пен Аягөз. Курчатовтың жайы белгілі. Аягөзге де жылу электр орталығы керек. Аягөздің өз басында 5 қазандық бар. Орталық жылу қазандығы сонау 1975 жылы салыныпты. Жарты ғасырға жуық қызмет қылған қазандықта қандай қауқар бар дейсіз... Қалғандарының да жағдайы қарық болып тұрғаны шамалы. 1980, 1985, 1990 жылдардан бері қызмет етіп тұр. Тек «Солтүстік» жылу қазандығы ғана – жаңа. Үш жыл бұрын іске қосылған. Ал Аягөздегі жылу желіле­рінің 30 пайызы тозып тұр. Иә... Қайда барсаң да, ескімен есі шыққан ел. Жанын шүберекке түйген халық. Тоңған елдің тозған қазандығы мен жылу желісінің жайы әзірге осындай...

 

Ерзат ЖАНАТҰЛЫ,

журналист

 

Семей