Қазақстан халқының екінші деңгейлі банктерде сақтаған депозитінің көлемі 15,7 трлн теңгені құрады. Бұл сома бір ай бұрынғыдан 566 млрд теңгеге, бір жыл бұрынғыдан 2,8 трлн теңгеге артық. Отандық банк секторы 2020 жылдан бері ауыр сынақтарды (пандемия, геосаяси тәуекел) бастан кешіп жатса да, салымшылардың сенім үдесінен шыға алып тұр.

Инфографиканы жасаған Амангелді Қияс, «EQ»
Соңғы екі жылдың ішінде банк жүйесі айтарлықтай өзгерістерге ұшырады, кейбір ойыншылар нарықтан кетті, басқалары иелерін ауыстырды. Секторда 21 банк қалды. Қазіргі жағдайда қазақстандықтар өз ақшасын тек ең ірі, тұрақты және сенімді қаржы институттары мен банктік экожүйелерге тапсыруға дайын.
Ranking сарапшыларының бағамдауынша, халық депозиттерінің жылдық өсімі бойынша Kaspi.kz абсолютті көшбасшы болып танылды: 1 желтоқсанда банктегі бөлшек депозиттер портфелі 3,4 трлн теңгеге жеткен, бұл бір жыл бұрынғыдан 895,2 млрд теңгеге артық. Небәрі бір айдың ішінде банк клиенттері депозит портфельдерін 108,4 млрд теңгеге ұлғайтқан.
«Kaspi.kz бөлшек депозиттерінің нарықтағы үлесі бір жыл бұрынғы 19,4 пайызбен салыстырғанда 21,6 пайызды құрайды. Айта кетейік, дағдарыс кезеңінде бөлшек сегменттегі мұндай өсім қазақстандықтардың қаржы институтына деген сенімін және ілеспе қолжетімді экожүйеге (нарық, төлем жүйесі, финтех) жоғары қызығушылығын көрсетеді. Жеке тұлға депозиттерінің жылдық өсімі бойынша екінші орында Halyk Bank – 806 млрд теңгеге көбейіп, шамамен 5 трлн теңгеге жетті. Айта кетерлігі, өз маркетплейсі бар бұл банк те қашықтан қызмет көрсетуді дамытып жатыр. Үздік үштікті «Банк ЦентрКредит» түйіндеп тұр – бір жылда 784,4 млрд теңгеге ұлғайып, 1,5 трлн теңгеге жетті. Бұл банктің осыншалықты өсуі бұрынғы ресейлік «Альфа-Банкті» сатып алуымен байланысты», деп хабарлады Ranking.
Аталған үштіктен басқа, оның өзінде біреуі басқа банкті сатып алғанын ескерсек, депозит портфелінің жоғары өсімі тұрғын үй құрылыс жинақ жүйесі бойынша жұмыс істейтін мемлекеттік қаржы институты – «Отбасы банкінде» ғана байқалды. Бұдан қазақстандықтардың банкпен жұмыс істегенде барынша сауатты әрі мұқият екенін аңғарамыз.
Жалпы, сектор бойынша елдегі 21 екінші деңгейлі банк ішінде 14 қаржы институты жылдық динамика бойынша оң көрсеткіш көрсетсе, қалған 7 банктің көрсеткіші төмендеген. Портфель көлеміндегі ең үлкен шығын тағы бір бұрынғы ресейлік «Сбербанк» деп аталған қазіргі Bereke Bank-ке тиесілі – 794,9 млрд теңгеге құлдырап, небәрі 180,4 млрд теңгені құрады.
Еске сала кетейік, елімізде депозиттерге міндетті кепілдік беру жүйесі жұмыс істейді және оған 19 екінші деңгейлі банк кіреді.
«Қазақстандықтар форс-мажор кезінде ақшаны қайтаруды емес, жалпы ешқандай форс-мажордың болмауына кепілдік сұрайды. Халықтың депозиттері ең ірі және дәлелденген қаржы институттарына сенімді түрде ағып жатқанына қарағанда, халық пен еліміздегі шетел азаматтары өз таңдауын жасап қойған», дейді сарапшылар.
Экономикалық шолушы Айбар Олжайдың айтуынша, еліміздің тарихында депозит көлемі тұңғыш рет 30 трлн теңгеден асып отыр. Бұл – бизнестің банкте сақтаған қаражатын қоса алғандағы көрсеткіш. 2022 жылдың қорытындысы бойынша депозитте жатқан жалпы ақша көлемі – 30,9 трлн теңге.
– Осы жерде екі факторды атап қарастыру керек: депозиттің валютасы мен халық/бизнес санаты. 30,9 трлн теңгенің 21,14 трлн теңгесі – теңгедегі депозит. Яғни долларизация деңгейі – 32 пайыз. Сонымен бірге халық 15,64 трлн теңге, ал бизнес (заңды тұлғалар) 15,28 трлн теңге жинаған. Екі жыл бұрынғы жағдайға қарап, біз нақты трендтерді байқаймыз. Ел тарихында тұңғыш рет халық бизнестен көп депозит ұстап отыр. Мысалы, 2020 жылы жалпы депозит көлемі 21,9 трлн теңге болса, соның 10,4 трлн теңгесі халықтікі, 11,5 трлн теңгесі бизнестікі болған еді. Дәл сол жылы долларизация көлемі 39,3 пайызды құрады. Яғни екі жылда доллардың депозиттегі үлесі 7,3 пайызға кеміген. Демек, теңгеге деген сенім артып келеді және мөлшерлеменің жоғары болуы теңгенің кірістілігін арттырды да, инвесторлардың қызығушылығын оятты, – дейді Айбар Олжай.
Оның айтуынша, депозитпен бірге несие көлемі де қарқынды өсімін жалғастырып жатыр. Депозит көлемінің өсуі кредит көлемінің азаюын аңғартпайды.
– Соңғы екі жылда депозит те, кредит те өскен. Мысалы, кредиттік портфель 2020 жылы 14,65 трлн теңге болса, қазір оның көлемі 26,9 трлн теңге. Бұл жерде де халық бизнесті сәл де болса басып озып келеді. Бизнестің кредитке деген қызығушылығы төмендей бастаса, халықтың өз қарқынын көбейткенін байқаймыз. Бірақ халық алған кредиттің 90 пайызы – 500 мың теңгеге дейінгі сома. Сонда халық кредитті көп алады, бірақ сомасы аз. Қазіргі картина осындай, – дейді сарапшы.
Бірінші несие бюросының деректері де сарапшының пікірін растай түскендей. 2022 жылы берілген тұтынушылық несие көлемі 6,7 трлн теңге болған. 2021 жылғы көрсеткішпен салыстырғанда 16,8 пайызға көп. Ал кепілсіз тұтынушылық несие портфелі 26 пайызға (1,6 трлн теңгеге) өсіп, 7,4 трлн теңгені құраған.
Айтып өтейік, осыдан он жыл бұрын Қазақстанда 38 банк болса, бес жыл бұрын 32 банк жұмыс істеп тұрды. Небәрі екі жыл бұрын нарықта 26 ойыншы болған. Бүгінгі таңда елімізде 21 қаржы институты халыққа қызмет көрсетіп отыр. Оның ішінде кейбірінің нарықтан кетуі мүмкін екенін ескерсек, салымшы ретінде институт таңдау кезінде жеті рет өлшеп, бір рет кесудің артығы болмайды.
Жәдігер • Кеше
Халықаралық олимпиадаға барады
Олимпиада • Кеше
Ғылым • Кеше
Мереке • Кеше
Аймақтар • Кеше
Олимпиада • Кеше
Ұқсас жаңалықтар