Коллажды жасаған Қонысбай ШЕЖІМБАЙ, «EQ»
«Реквиемнің» жазылу тарихы да қызық. Әйгілі шығарма арқылы мамандар көркем образдар жасауға дейін барды. Тіпті Милош Форманның «Амадей» фильмінің жарыққа шығуына Пушкиннің Моцарттың өліміне қатысты шығармасы негіз болды. Ал Моцарттың өліміне кінәлі ретінде айыпталған Антонио Сальери ұзақ уақыттан кейін соттың шешімімен кінәсіз деп танылды.
Картинада аустриялық ұлы музыканттың өлім алдындағы соңғы минуттары керемет бейнеленген. Жартылай саналы күйде жатып, барлық азаптауларды нотамен байланыстыруы тіпті жүрекке тиеді. Ал жерлеу рәсімінде шығарманың ең қуатты бөлігі «Лакримозаның» ойнап тұруы жан әлеміңді тас талқан етеді. Бір анығы, Моцартқа қатысты жасалған дүниенің бәрінде әйгілі туынды ойнап тұрады. Өмір мен өлім арасындағы көпірдің өзіне айналып та кеткен...
Музыка білгірі көзі тірісінде «Реквиемнің» тоғыз бөлігін ғана жазып бітірсе, қалған үш бөлімді Йозеф Эйблер мен Франц Ксавер Зюсмайер тамамдаған. Деректерге сенсек, Моцарт көзі жұмылар шақта шығарманы қалай аяқтау туралы шәкірті Зюсмайерге кеңес беріп үлгерген көрінеді.
Деректерге көз жүгіртсек, «Реквиемнің» екі қолтаңбасы сақталғанынан хабардар боламыз. Олардың бірі Моцартқа, екіншісі Моцарт пен Зюсмайерге тиесілі. Музыкатанушылар әлі күнге дейін шәкіртінің Вольфганг Амадейдің шедеврін аяқтауға қатысты мәселені зерттеп жатыр. Тіпті қосалқы автордың музыкалық шешімдерінен арылып, туындының түпнұсқадағы идеяларын қалпына келтіруге тырысатындар да бар. Алайда Моцарттың «Реквиемін» толық аяқтағаны үшін оған алғыс жаудыратындар да жоқ емес.
Вердидің замандасына құрметі
Әйгілі италиялық данышпан Джзуппе Вердидің «Реквиемі» Моцарттікіндей жаһандық деңгейде айтарлықтай танымалдылыққа ие болған емес. Алайда шығарманың жазылу барысы кісі баласын бейжай қалдырмайды.
1868 жылы бақилық болған Джоаккино Россинидің қазасы Вердидің жанына тыныштық бермейді, кеудесін әуен тербейді. Қаза қабырғасын қайыстырған музыкант замандасына деген құрметін «Реквием» арқылы көрсеткісі келеді.
Ол туындысын жазу үшін он екі әріптесінің көмегіне жүгінеді. Алайда бүгінде олардың есімдері жұрттың жадынан шығып та кетті. Россини қазасының жылдығында орындалуы тиіс шығарма мақсатына жетпеді. Верди үшін үлкен өкініш те сол.
Шығарманың мақсатына жетпегені Вердиді қайрай түсті. Нәтижесінде ол өзінің жеке «Реквиемін» жазуға отырды. Әйгілі композитор туындысын 1874 жылы аяқтады. Жаңа шығарманың дүниеге келуі жазушы Алессандро Мандзонидің өлімімен тұспа-тұс келді.
Вердидің өзі мойындағандай, шедеврін жазу кезінде Керубини «Реквиемінің» табиғатына арқа сүйеген. Әйгілі «Реквиемдердің» авторлары Брамс, Берлиоз, Шуман талантына бас иген Керубинидің «Реквиемін» бағдаршам ретінде алуы, гармония іздеуі оның кәсібилігін айқындай түседі. Керубинидікі сияқты Вердидің «Реквиемінде» опералық компонент маңызды рөл атқарады. Қысқасы Россини үшін жазылған үзінділерді Верди қайта өңдеп, шынайы кемелдікке жеткізді.
«Бөтен адамның бейнесі көз ұшында тұрады. Сағатымның таяғанын түсінемін. Мен өлуге тиіспін. Өйткені талантыма тамсанудан қалдым. Ешбір адам тағдырының жолын бұра алмайды, өзгерте алмайды. Қысқасы өзіме арналған жаназа әнін аяқтаймын. Оны соңына дейін жеткізбеуге хақым да жоқ».
Лоренцо де Понте деген досына жазған Моцарттың осы бір хаты кім-кімді болсын, ойландырмай қоймайды. Қалай алып қарасақ та, әйгілі музыкант өлім фобиясын шығарма жазар алдында-ақ миына құйып қойғандай көрінеді. Бәлкім, музыкадағы сарын оны осы ойға жетелеген де болар. Анығын кім білсін...
Моцарттың өліміне айыптылардың басында Антонио Сальеридің тұратыны жиі айтылады. Әйгілі композиторға у бергені туралы әңгіме аңызға да айналып кеткен. Тіпті өз мойнын орып жіберуге дейінгі қадамға барғаны күмәнді күшейте түсетіні де айдай ақиқат.
Әрине, екі мықты тұлғаның арасындағы даулы әңгімелер мен айыптаулардың түрлі нұсқалары әлі талай уақыт әңгімеге арқау болатыны да даусыз. Өйткені, түсініксіз тұстар аз емес. Әйткенмен, сот шешімі Сальериді ақтағаны да бар.
Әйгілі композиторлардың қайсыбір тұста Моцарттың шығармасын аяқтаған Франц Ксавери Зюсмайердің идеясын әлі күнге дейін нақтылауының да себебі жоқ емес секілді. Неге десеңіз, Франц Ксавери тек Моцарттың ғана емес, Сальеридің де шәкірті ретінде танылғаны мәлім. Сондықтан да болар, Моцартқа у берді деп айыпталған тұлғадан тәлім алған Зюсмайерге деген күмән әлі де толық сейілер емес.
Әдебиет пен өнерде өсектің қоса жүретіні бар ғой. Қайсыбір деректерде Зюсмайер Моцарттың әйелімен көңілдес болғаны туралы да айтылып қалады. Тіпті Моцарттың кенже баласы дәл осы Зюсмайердің ұлы болуы ықтимал деген болжамдар да айтылып жатады. Ал Амадейдің өзі «маған у берілген» дегенді жарына жайып салғаны бар ғой. Сальериден тәлім алған, Моцарттың шәкіртіне айналған Зюсмайер мұндай қадамға баруы ықтимал ма, әлде жоқ па? Кім білсін?
Қалай десек те, Моцарт пен Вердиден қалған ұлы шығармалардың ортақ үйлесімі – жан азасы. Екеуінің шығармасын тыңдаған кезде бойыңды үрей билейтіні рас. Ал әйгілі композитордың өліміне қатысты айыптыны іздегеннен гөрі, Моцарттың туындысының толықтай аяқталуына себепші болғандарға алғыс айтқанның да артықтығы жоқ шығар. Қалай болған күнде де адамзатқа ортақ әйгілі «Реквиемдер» әлі күнге өлген жоқ қой. Басты олжа да сол емес пе?!