«Салтанат» күйінің тарихы – ауыр тарих, зарлы тарих. Сірә, «ұлы оқиғалар ғана ұлы шығармалар тудыра» алса керек. 1969 жылы Төлеген Момбековтің асыл жары Пернеш қайтыс болып, Райхан, Қызжан, Дана, Гүлжан, Салтанат атты бес қызымен, Қайрат атты бір ұлымен қалған күйшіге бұл қаза қатты батады. Жан күйзелісіне толы осы жылы өмірге бірінен соң бірі төрт күй келеді. Автоклуб меңгерушісі болып жұмыс істейтін Төлеген бір күні жұмыстан шаршап үйіне келсе, Қайраты төрт жасар Салтанат деген қызын жылатып қояды. Салтанат біраз жыл өтсе де, өлген шешесін ұмытпай: «Апама айтам» деп зар еңіреп жылайды. Осы сөзді құлағы шалып қалған күйші ауыр күй кешіп, едәуір толқиды. Қызын жұбатып отырып: «Қайтемін, жаным-ау» деп қосыла жылайды. Соңыра сүйеніші де, жұбанышы да болған домбырасын сабалай береді. Ертеңіне жаңа күй шығады. Күйдің атын қызына жұбату ретінде «Салтанат» деп қойған-ды.
Ақын Қалқаман Сариннің «Салтанат» атты өлеңі күйге тіл берген, күйші зарын тілмен жеткізген туынды. Қайбір күйді жазба түрінде қағазға түсіру – терең түсінуді, ұғынуды, сезімталдықты қажет етеді. Ақын жүрегі осы бір құдіретті күйді нәзік жанынан өткізе білген.
«Бейдауа дерт беймезгіл Анаңды алды, Салтанат,
Бейғам күндер бейкүнә қараң қалды, Салтанат.
Ара түсіп ажалға, аман алып қаларға
Айтшы, қандай, әкеңде амал бар-ды, Салтанат?
Тәңір ісі – ақиқат, алдау деме, Салтанат!
Тағдырымыз тым қатал болды-ау неге, Салтанат?
Тұрлауы жоқ тіршілік тұтқынына түсіріп,
Туа салып сені де салды әуреге Салтанат!
Кешір, менде дәрмен жоқ, құлыншағым, қайтейін!
Кермек татты-ау лезде шырын шағың, қайтейін!
Ғәріп еткен әкесін, зарық еткен бөпесін,
Ғанибеті болмаса ғұмыр сәнін қайтейін!..»
Ә дегеннен бойды баурап, көңілге кестелі өрнек сыйлар өлең шумақтары іштен құйылып түскен. Адуынды тебіреніс шоғымен, күй руханиятына шым батқан дірілге толы маздақ отымен әр қатар нөсердей жүрекке жауады. Бір қыздың тағдыры арқылы мән мен мағынаға ие болмаған басқа құбылыстарды оятады.
«Қия салып бір сәтте кетті өмірді, анашың!
Көрмейді енді жетіліп, жеткеніңді, анашың!
Көрмейді енді бойжетіп өскеніңді, анашың!
Көрмейді енді гүл атқан көктеміңді, анашың!
Жел шайқаған тамырын жас шынарсың, Салтанат!
Жанарымнан үзілген жас шығарсың, Салтанат!
Алай-дүлей күйге сап өзегімді өртейді
Анаңды іздеп шарқ ұрған ащы даусың, Салтанат!..
Сен жыласаң қосылып мен жылаймын Салтанат,
Сөніп Күнім... Төбемнен төнді қайғым, Салтанат!
Шерткен күйдің мұңы ауыр...
шермеңдемін, қайтейін,
Шер-шеменім тарқайды енді қай күн, Салтанат?!»
Күй мен өлең – тегі бір бекзада өнер. Жұмекен ақынның күй хақындағы жыры сөзімізге айғақ. Қайбір тарпаң күй мен найзағайлы жыр тауға өрлетіп, тасқа телміртіп, санамызды «мың балапан немесе талпынысып, жүз мың аққу жүргендей шалқып ұшып» деген бөгде қиял ғаламшарына жетектейтіні бар. Асыл өнердің, ұлы өнердің заманаға үкім айтар сыры да осында болса керек.