Әлем • 05 Ақпан, 2023

Қасқырдың аузы жесе де, жемесе де – қан

680 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Еуропалық одақты мазалап тұрған мәселелердің қатары тағы бір проблемамен толықты. Бұл жолы қарт құрлықтың атқамінерлері қасқырды ату қаншалықты дұрыс деген сұраққа бас қатырып жатыр. Даудың басы Еуропалық комиссияның президенті Урсула фон дер Ляйеннің қасқыр жарып кеткен пониінен басталды.

Қасқырдың аузы жесе де, жемесе де – қан

Мәселе былай болған еді. Былтыр күз басталған тұста, яғни 1 қыркүйекте белгісіз бір түз тағысы Ляйен ханымның Гер­ма­нияның солтүстік-батысын­дағы фермасына келіп, Долли атты пониін жеп кеткен-тұғын. Ең қызығы сол, шаруа қожалығы мұқият қорғалады. Сол себепті қасқырдың қорғалатын өңірге енуі таңғаларлық оқиға.

Оқиғадан соң түз тағысына GW950m деген ат берілді де, оны көрген жерде атуға рұқсат етілген. Бірақ аңшыларға берілген мерзім күні кеше аяқталды. Түз тағысы қолға түскен жоқ. Ганновер өңірінің өкілдері қасқырдың әлі де тірі екеніне сенімді. Енді оның тағдыры қалай болатыны белгісіз. Жергілікті билік қасқырды атуға берілген мерзімді ұзартуды сұрайды. Бұған қоршаған ортаны қорғайтын белсенділер қарсылық көрсетіп жатыр.

Негізі Еуропада қасқыр Қызыл кітапқа енген. Сондықтан оны әдейі ұстау не өлтіруге ты­йым салынған. Өткен ғасырда қарт құрлықта түз тағысы қынадай қырылғаны белгілі. Соның салдарынан 60-жылдары небәрі мыңға жуық көк­бөрі қалған. Бірақ қорғаудың нәтижесінде қазіргі таңда оның саны айтарлықтай көбейген. Wildlife Comeback Report 2022 есебі­не сүйенсек, бүгінде Еуропа­да 17 мыңдай түз тағысы бар. Ал Еуропалық комиссияның есебін­е сәйкес, одақ аумағында  14 мың­дай қасқыр жортып жүр.

Түз тағысының көбеюі екінші мәселені туындатып отыр. Олар жиі-жиі фермаларға шабуылдап, малдарды тартып кетеді. Соның салдарынан табысын ірі-қара бағудан айырып отырғандар зардап шегеді. Осы мәселелерді ескере келе, былтыр Еуропа пар­ламенті қасқырды атуға салын­ған тыйымнан бас тарту тура­лы мәселені қарастырған. Бұ­ған бірқатар мемлекеттің эколо­гиялық министрлері қарсылық білдірді. Мәселен, қазірдің өзінде Еуропалық комиссияға қасқыр­ды қорғау тура­лы он екі елдің министрі хат жол­даған. Олардың қатарында Словакия, Болгария, Германия, Грекия, Испания, Ирландия, Кипр, Люксембург, Аустрия, Пор­тугалия, Румыния, Словения бар.

Брюссельдегі атқамінерлердің басы әбден қатып отырған жайы бар. Бір жағынан, түз тағысының көбеюі ауыл шаруашылығына зиян. Яғни фермерлер зардап шегеді. Екінші жағынан, оны атуға бірқатар мемлекеттік салаға жауапты министрлер қарсы. Қит етсе түрлі әрекетке баратын белсенділер де жыртқыштар­ды қорғау керек дегенді алға тартады. Сол себепті нақты шешімге келу оңайға соқпасы анық. Бұл аз дегендей, анау-мынау емес Еуропалық комиссия президентінің пониін жеп кеткен соң қасқырдың халі қалай болатыны белгісіз.

Жалпы, көкбөрінің әлемдегі жағдайы мәз емес. Кейінгі кезде олардың саны күрт азайған. Тіпті Алтай мен Атырауға дейін созылған Ұлы далада да қасқыр азайып кеткен. Статистикаға сүйенсек, бүгінде елімізде 14 мыңға жуық түз тағысы бар екен. Салыстырмалы түрде қарасақ, өткен ғасырдың 80-жылдары олардың саны 60 мыңнан асатын.

Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігінің мәліметіне сүйенсек, 2014 жылы Қазақстанда 19 778 қасқыр тіркелген. 2019 жылы аталған көрсеткіш 12 мыңға дейін азайған. Былтыр Қазақстандағы қасқыр саны 14 408-ді құрады. Бұл ретте соңғы жеті жылда Солтүстік Қазақстан облысында қасқыр мүлдем тіркелмеген. Сарапшылардың пікірінше, қасқыр азайса, табиғаттағы тепе-теңдік бұзылады. Сондықтан бұған жол беруге болмайды.

Мұндай пікірдің жаны бар. Өйткені қасқыр азайса, оның басты жемтіктері көбейеді. Мы­салы, Ұлыбританияда қасқыр жойыл­ған соң бұғылардың саны артып, ауылдар тұрмақ, қала­ларда емін-еркін сайран салып жүрген көрінеді. Ал еліміздегі қас­қырлар негізінен киікпен қорек­тенеді. Экология мамандары киіктер арасында пастерел­лез ауруының көбеюін қасқыр­дың азаюымен байланыстыра­ды. Бұдан қала берді, түз тағы­сы са­йын далада көсіліп жорт­паған соң, олардан ығып жүретін ши­бөрі­лер де көбейіп кеткен. Қыс­қасы, Қазақстанда да, Еуропада да қас­қыр мәселесі күйіп тұр.