Саяси ұйым тарихындағы аса маңызды кездесуді «Ауыл» партиясының төрағасы Әли Бектаев ашты. Ол өз баяндамасында ауыл әрбір азаматтың алтын бесігі екенін атап өтті.
– Біз ауылдың мүддесін қорғаймыз. «Ауыл» партиясы Парламент сайлауына Қазақстанның азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуге негізделген бағдарламасымен қатысатынын мәлімдейді. «Ауыл» партиясының қатарында еліміздің көптеген патриот, іскер азаматы бар. Съезде Парламент Мәжілісінің депутаттығына кандидаттардың партиялық тізімін бекіттік және бір мандатты сайлау округтері бойынша кандидатураларды ұсындық.
Біздің партия осымен үшінші рет Парламент және мәслихат сайлауына қатысып отыр. 2017 жылы бірінші сайлауда біздің көрсеткіш көңілімізден шыққан жоқ. Содан бері «Ауыл» партиясы өзінің жұмысын жандандырып, ой түзеп, өзінің жоспарына толық өзгерістер енгізіп, кешенді бағдарламасын қалыптастырды. Қазіргі уақытта саяси ұйымға айналды деп толық сеніммен айта аламын. 2012 жылғы сайлауда біз Парламент Мәжілісіне өте алмадық. Сол кездегі мәслихат сайлауында жергілікті мәслихаттардың депутаттығына 237 азамат өтті. Бұдан бөлек, ауыл әкімдерінің сайлауында 35 ауыл партиясының мүшесі әкім болып сайланды. Биылғы сайлаудан үлкен үміт күтеміз. Бұл науқанда партияның 600-ден астам өкілін түрлі деңгейдегі мәслихат депутаттығына кандидат ретінде ұсынамыз, деді партия төрағасы.
Партияның бағыты еш уақытта өзгермейді. Ауыл шаруашылығы мен аграрлық саланы дамыту және ауылдық елді мекендерді дамыту аса маңызды екенін айтқым келеді. Ауыл – біздің болашағымыз. Ауыл – ел экономикасының негізгі драйвері. Ауылдың жағдайын түзеп, ауылдағы азаматтарды тұрақтандыратын болсақ, қаланың да жағдайы жақсарады, – деді Әли Бектаев.
Құрылтайда партияның сайлауалды бағдарламасындағы негізгі мәселелер талқыға түсті. Мәселен, тұрғындармен кездесу барысында сатып алушылар тарапынан бағаларға қатысты көптеген сұрақ туындап жатады. Негізінен бағаның тұрақсыздығы, оның үнемі көтерілетіні, тауардың қымбаттығы туралы айтылады. Ал сатушылар «отандық тауар өндірушілерден тауарларды жүйелі түрде жеткізу жоқ, сондықтан импорттық дайын өнімдермен жұмыс істеуге тура келеді» деген пікірді алға тартады. Партия төрағасының орынбасары Жигули Дайрабаевтың айтуынша, азық-түлік тауарлары бағасының тұрақты өсуі елдің азық-түлік қауіпсіздігіне тікелей және нақты төнген қауіп. «Азық-түлік қауіпсіздігі элементтерінің бірі – азаматтардың қолжетімді, қолайлы бағамен азық-түлік сатып алу мүмкіндігі. Бұл біздің елде жоқ. Мұның бәрі реттелуі үшін ең бастысы, күшті қолдау қажет. Қаптамаға ыңғайлы, сапалы, сұрыпталған өнім көп болуы керек. Ол үшін кооперативтер, сату кооперативтері құрылуға тиіс. Мемлекеттің аграрлық саясатын үйлестіру қажет. Ол үшін ауыл шаруашылығы инфрақұрылымын құру маңызды. Ауыл еңбеккерлерінің ауылда өндіретін өнімдерін дәл осы ұйымдар сатып алып, қалаға жеткізеді. Мұның бәрі ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілердің кооперациясы негізінде болуға тиіс. Бағалар қолайлы болуы үшін ауылшаруашылық өнімдерін көбірек өндіріп, сапалы өнім шығару керек», дейді ол.
«Ауыл» партиясы ауылдық елді мекендерді жаңғырту жөніндегі ұзақ мерзімді ұлттық стратегияны заң деңгейінде қабылдауды ұсынып отыр. Әсіресе ауыл шаруашылығы еңбеккерлерінің мәртебесін арттыру өте маңызды. Қала тұрғындарын коммерциялық үстеме бағасыз азық-түлік тауарларымен қамтамасыз ету үшін мегаполистерде, моноқалаларда, облыс және аудан орталықтарында тұтыну қоғамдары мен кооперативтер желісін құру және дамыту жоспарланған.